Жаһандық білім беру кеңістігінің трансформациясы жағдайында университеттер тек білім беру ұйымдары болудан қалып, білім генерациясының, инновациялар мен экономикалық өсудің орталықтарына айналуда. Бұл объективті түрде кеңейтілген институционалдық автономияға – академиялық, қаржылық-экономикалық, кадрлық және ұйымдастырушылық дербестікке негізделген басқарудың икемді, өзін-өзі реттейтін модельдеріне көшуді талап етеді. Осы модельде жұмыс істейтін әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттер халықаралық рейтингте Топ-200 оқу орындарына кіреді.
Халықаралық тәжірибеде әлемнің жетекші университеттерінің табысының негізгі көзі де осындай модельдерде.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымдары елдерінде, сондай-ақ бірқатар посткеңестік мемлекетте университеттердің автономиясы олардың жаһандық рейтингтердегі көрсеткіштерін арттырудың, ғылыми қызметті дамытудың және инвестициялар тартудың негізгі факторына айналды.
Мысалы, Ресей Федерациясында 50-ден астам жетекші жоғары оқу орны «автономды мекеме» мәртебесінде жұмыс істейді, бұл оларға басқарушылық еркіндіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Өзбекстан Республикасында кейінгі жылдары 35-тен астам мемлекеттік жоғары оқу орнына қаржылық және академиялық автономия, Қырғыз Республикасында 9 жетекші университетке ресурстарды басқаруда кеңейтілген дербестікті көздейтін «ерекше мәртебе» берілген.
Қазақстанда жоғары оқу орындарының автономиясын кеңейту заңдық негізде 2018 жылдан басталған болатын. Алайда жүргізілген талдауларға сәйкес қабылданған шаралар уақытша сипат алған, шын мәнінде, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында толыққанды институционалдық дербестік қамтамасыз етілмеген.
Ал жаһандық бәсекенің күшеюі жағдайында адам капиталы мен ғылыми ресурстар стратегиялық мәнге ие.
Әртүрлі сараптамаға байланысты 150 мыңға жуық қазақстандық шетелде білім алады және олардың едәуір бөлігі оқуын аяқтағаннан кейін елге оралмайды.
Қазақстан студенттерді «экспорттау» бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кіреді, бұл білікті кадрлардың және дарынды жастардың шетелге кетуін арттырып, елдің зияткерлік әлеуетінің төмендеуіне әкеледі.
Бүгінде ғылыми кадрлардың орта жасы ұлғаюда, 200-ге жуық жаңа мамандық пайда болуына қарамастан, оқу орындарында қажетсіз мамандықтар дайындау үрдісі жалғасуда, ғылым мен өндірістің алшақтығы экономикаға өз әсерін тигізуде.
Сонымен қатар институционалдық кедергілер мен тиімді басқарудың төмендігі қазақстандық университеттердің халықаралық ғылыми жарияланымдар жасау мен зерттеу жобаларындағы үлесі әлі де шектеулі болуда.
Аталған мәселе коммерциялық емес ұйым нысанында жұмыс істейтін ұлттық зерттеу университеттері үшін өте өзекті. Қолданыстағы модель басқару, инвестиция тарту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мүмкіндіктерін шектейді.
Бұл ретте Қазақстанда кеңейтілген автономияның табысты үлгісі ретінде Назарбаев университеті қызмет етуде. Ол арнайы заң негізінде жұмыс істейді және оның нәтижелері кең институционалдық дербестікке негізделген модельдің тиімділігін дәлелдейді. Ұқсас тәсіл Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінде де іске асырылған.
Алайда бұл тәжірибе елдің басқа жетекші оқу орындарында таралмаған, және институционалдық теңсіздікті қалыптастыруда.
Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірегей тарихы мен елеулі жетістіктері бар, елдің негізгі ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік QS World University Rankings-2026 рейтингінде 166-орын, QS Asia University Rankings-2026 рейтингінде 38-орын (континенттің үздік жоғары оқу орындарының 6%-на кіреді), «Орталық Азия» көшбасшысы (өңірде 1-орын), ал ТМД елдерінің университеттері арасында 2-орында.
Сонымен бірге Times Higher Education University Impact Rankings-2026 рейтингінің Топ 401-600 құрамына, БҰҰ тұрақты даму мақсаты бойынша Топ-200-ге енеді. Университетте 8 ғылыми-зерттеу институты, 39 ғылыми орталық, 140 оқу және ғылыми зертханалар, 1 ұжымдық пайдалану зертханасы, 10 шағын өндіріс жұмыс істейді.
Университет Қазақстандағы ғылыми жарияланымдардың елеулі үлесін қамтамасыз етеді, жоғары білікті кадрлар даярлайды және тұрақты түрде әлемдік рейтингтердің (QS) Топ-200 қатарына кіреді.
Дәл осындай жетістіктерге қол жеткізген бірнеше университет пен институт бар. Олар әлі де, артық нормативтік реттеу жағдайында жұмыс істеуде. Оқу орындары үшін қолданыстағы модельді сақтау болашақта нақты әрі болжамды тәуекелдерге әкеледі.
Біздің пайымдауымызша, аталған тәуекелдерді назарда ұстау қажет. Айталық, бірінші кезекте әлемдік рейтингтердің Топ-200 қатарына кіретін Қазақстан университеттерінің саны шектеулі. Бұл жаһандық білім беру жүйесіндегі мемлекетіміздің бәсекелік тұғырын төмендетеді.
Екіншіден, шетелдерге жыл сайын студенттер мен жас ғалымдардың кетуі ғылым мен экономикада ұзақмерзімді кадрлық теңгерімсіздікке алып келуі мүмкін.
Үшіншіден, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда, ғылыми-зерттеулерге тартылатын жеке инвестициялар мен гранттардың деңгейі айтарлықтай төмен.
Төртіншіден, университеттік ғылым саласында ғылыми жаңалықтарды, жобаларды коммерцияландыру үлесі төмен болуына байланысты инновациялық экономиканың қалыптасуын баяулатады.
Бесіншіден, сақталып отырған әкімшілік басқару жүйесі шешім қабылдауда көп мерзімді қажет етеді, университеттердің жаңа технологиялық өзгерістерге жедел бейімделуіне мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар шетелдік университеттер мен олардың филиалдарының жоғары дәрежелік автономды және тиімді қаржыландыру жүйесі бәсекенің күшеюіне әкелуде.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жекелеген шетелдік филиалдар үшін бөлінетін гранттардың құны ұлттық университеттерді қаржыландыру көлемінен бірнеше есе жоғары, бұл іс жүзінде тең емес бәсекелестік жағдай қалыптастыруда.
Осылайша, жарияланған автономияға көшу бағыты іс жүзінде шектеулі күйінде қалып отыр және қолданыстағы модельді жүйелі түрде қайта қарауды талап етеді.
Бүгінде ғылымның негізін құрайтын цифрлы контент, виртуалды әлем, кванттық механика, ядролық физика, атом энергиясы, үлкен деректің, заттар интернетінің, киберфизикалық жүйелердің, блокчейн-технологияларының, жасанды интеллект пен бұлттық жүйелердің маңызы арта түсті.
Өркениетті мемлекеттер ауқымды ақпараттық технологияларға, супер компьютерлерге негізделген «Білім экономикасына» бағыт алып, инновациялық серпіліс жасауда.
Осыған байланысты біз Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолданған депутаттық сауалымызды бірқатар өзекті мәселеге назар аударуды сұрадық.
Атап айтқанда, автономды білім беру ұйымдары институтын кеңейтуді қарастыратын, коммерциялық емес ұйым нысанында жұмыс істейтін ұлттық зерттеу университеттеріне осы мәртебені таратуды көздейтін, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, кешенді талдау жүргізу қажет деп білеміз.
Сонымен қатар автономияны тиімді іске асыруды қамтамасыз ететін ілеспе тетіктерді, оқу орындарының деңгейіне қарай сараланған автономия моделін енгізуді, мемлекет пен жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылдың келісімшарттық жүйесіне көшуге, эндаумент-қорларды дамытуды, кеңестердің қызметін жетілдіруді, кадрлық және қаржылық дербестікті кеңейтуді, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және халықаралық мамандарды тарту үшін жағдайлар жасауға тапсырма беруін сұрадық.
Ұсынылып отырған іс-шаралар мемлекеттің рөлін төмендетпейді, керісінше, оларды іске асыру аталған тәуекелдерді азайтуға, білім экономикасына көшуге, университеттердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Қазақстанның жаһандық білім беру кеңістігіндегі тұғырын нығайтуға мүмкіндік береді деп есептейміз.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты
