Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы соғыс пен мұнай бағасының күрт өсуі жағдайында Қазақстаннан мұнай жеткізу мәселесін пысықтап жатыр. Келіссөздер жүргізу үшін осы аптада Корея президенті әкімшілігінің басшысы мен өнеркәсіп министрі Астанаға келді.
Оңтүстік Корея қазақ мұнай сатып алуға келісу үшін жоғары лауазымды шенеунігін жіберді
Бүгін (12 сәуір) Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп министрі Қазақстаннан шикі мұнай жеткізу келісімі жасалатынын мәлімдеді. Фото reuters.com сайтынан алынды. Авторлығы: Kim Hong-Ji
248
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Астанада жүргізілген қазақ-корей келіссөздерінің алғашқы нәтижелерін хабарлайды. 

Келіссөздер нәтижелі өткенге ұқсайды. Өйткені Оңтүстік Кореяның Өнеркәсіп министрі Ким Чон Кван KBS телеарнасына берген сұхбатында сатып алынатын мұнайдың нақты көлемі мен басқа да егжей-тегжейі алдағы аптаның басында жариялануы мүмкін екенін мәлімдеген. Оңтүстік Корея көлік қозғалысына жалпыұлттық шектеулер енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, себебі мұнай бағасы күрт өсіп кеткен.

Бүгін (12 сәуір) елдің өнеркәсіп министрі Оңтүстік Корея Қазақстаннан шикі мұнай жеткізу келісіміне жақын қалғанын мәлімдеді. Корей елі Таяу Шығыстағы соғыс аясында энергияның балама көздерін іздеп жатыр.

«Елеулі ілгерілеуге қол жеткізілді. Сондықтан келесі аптаның басында нақты көлемдер мен егжей-тегжейлерді жариялай аламыз», – деген Өнеркәсіп министрі Ким Чон Кван корейлік телеарнаға берген сұхбатында.

Аптаның басында (8 сәуір) президент әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик Өнеркәсіп министрі Ким Чон Кванмен бірге Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасындағы үзілістер жағдайында шикі мұнай мен нафта (лигроин) жеткізілімін қамтамасыз ету үшін Қазақстанға барған.

«Қазақстан өте алыс көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде АҚШ-тан жеткізу де шамамен сонша уақыт алады – 50-60 күндей», – деді Ким.

Ол Орталық Азиядағы бұл елге жасалған соңғы сапар мұнай жеткізу көздерін ұзақ мерзімді перспективада әртараптандыруға бағытталғанын да айтып өткен. Осыған қарағанда, корей жағы қазақ мұнайын сатып алуға ұзақ мерзімді келісім жасауға мүдделі сияқты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасы Президентінің арнаулы өкілі – Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шикті қабылдауы. Фото akorda.kz сайтынан алынды

Жоғары лауазымды корейлік шенеуніктердің Астанаға келгенін, оларды президент Тоқаев қабылдағанын АқОрда да жазды. Бірақ президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада жоғары лауазымды корейлік қонақтардың неліктен келгені нақтыланбады.

АқОрда таратқан баспасөз хабарламасында: «Арнаулы өкіл Корея Республикасының сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейту, сондай-ақ түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыру арқылы өзара қарым-қатынасты мүлдем жаңа деңгейге шығаруға айрықша маңыз артатынын мәлімдеді. Әңгімелесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі көптеген мәселе, соның ішінде жаһандық нарықтағы қазіргі сын-қатерлерге байланысты энергетика, көлік-логистика салаларында ықпалдастық аясын кеңейту перспективасы талқыланды», – деген қысқаша түйін жасалған.

Энергия импортынан толық тәуелді Оңтүстік Кореяның мұнай сатып алуының 70%-ы Таяу Шығысқа тиесілі. Өткен айда бұл ел Біріккен Араб Әмірліктерінен 24 миллион баррель шикі мұнай жеткізуге уәде алған болатын. Қазақ мұнайының сатыпалу көлемі әзірше белгісіз, оны Оңтүстік Кореяның ақпарат көздері алдыңғы аптаның басында жариялауы мүмкін. 

Бұған дейін жапондық INPEX Corp. ірі энергетикалық компаниясы да қазақ және әзірбайжан мұнайын сатып алуға басымдық беретінін жариялаған болатын. Болашақ келісімдер Қазақ Еліне мұнай сату бағыттарын шығысқа қарай әртараптандыруға жол ашуы әбден мүмкін.