Қарағанды облысында вахталық автобус қатысқан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тексеруден өткен 44 адам амбулаториялық ем алуға жіберілген. Қазіргі уақытта жеті адам стационарда қалып отыр, олардың жағдайы дәрігерлер тарапынан орташа ауыр деп бағалануда. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Еске салайық, жол апаты Қарқаралы ауданында, Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде болған. Ішінде 50 жұмысшысы бар вахталық автобус аударылып кеткен.
Оқиға орнына құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция жұмылдырылды. Зардап шеккендер Қарағанды қаласындағы және Ботақара кентіндегі медициналық мекемелерге жеткізілді. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.
