Мемлекет басшысы алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін білім беру ұйымдарына енгізу маңызды деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жұлдыз Сүлейменоваға мектептердегі орын тапшылығын азайтуды тапсырды
Фото: Ақорда
204
оқылды

Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдады. Президентке 2025 жылдың қорытындысы мен биылға арналған міндеттер таныстырылды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленді. Сондай-ақ мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа бастауыш білім берудің мазмұнына жүйелі талдау жасалғаны баяндалды. Мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып, қайта қаралуда.

Мемлекет басшысына «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 білім ошағының құрылысы аяқталғаны жөнінде мәлімет берілді.

Саланы цифрландыру бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Бүгінде мектептердің 99 пайызы интернетке қосылды. «Әлеуметтік әмиян» жобасы 6 760 мектепке енгізілген. Дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толығымен автоматтандыруға жол ашады. 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өтті, тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасына сай ЖИ-ассистентті пайдалану машығын меңгеруде.

Министр инфрақұрылымды дамыту мақсатында 184 білім беру нысаны іске қосылғанын жеткізді. Үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешімін тапты. 209 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 192 пәндік кабинет заманауи қондырғылармен жабдықталды. Балабақшаға кезек 2 есеге жуық қысқарды.

Президент білім сапасын арттыру және оны қолжетімді ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту, жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту, бюджет қаржысын тиімді жұмсау, саланы цифрлық тұрғыдан трансформациялау, соның ішінде Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін білім беру ұйымдарына енгізу маңызды деп санайды.