Жамбыл облысында ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыруға бағытталған «QH «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Жамбыл облысы» жобасы жүзеге асырылуда.
Жамбыл облысында ауыл мектептерінің оқу кабинеттері жаңартылуда
Фото: gov.kz
148
оқылды

Жобаны іске асыру барысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысында қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген білім сапасындағы теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында іске асырылып жатыр.

– Биыл «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңірде «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Жамбыл облысы» кешенді жобасын жүзеге асыру басталды. Жоба 80 ауыл мектебін қамтиды. Ауыл оқушылары үшін заманауи оқу жағдайларын жасау – тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мен өңірдегі білім сапасын арттырудың маңызды қадамы, – деді Ербол Қарашөкеев.

«Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева бұл бастаманың білім беру ортасын дамыту және сапалы білімге қолжетімділікті арттырудағы маңызын атап өтті.

Өңірде барлығы 449 мемлекеттік мектеп бар, оның 76 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Осыған байланысты инфрақұрылымды жаңғырту мен сапалы білім алуға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.

Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде шағын жинақты мектептерді цифрлық технологияларды енгізу және желілік өзара іс-қимыл арқылы дамыту көзделген. Екінші кезең толық жинақты ауыл мектептерін дамытуға бағытталған. Бұл ретте физика, химия және биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ педагогтердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Оқытуға шамамен 3 000 мұғалім мен мектеп әкімшілігінің өкілдері қатысады. Бұдан бөлек, менторлық қолдау көрсетіліп, заманауи білім беру әдістемелері енгізіледі.

Жоба аясында жалпы 207 оқу кабинетін жабдықтау жоспарланған. Бұл тәжірибеге негізделген оқытуды дамытуға, сондай-ақ оқушылардың жаратылыстану пәндеріне қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.