Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының ІІІ респуб­ли­­калық форумында «мемлекетіміздің жаңа энергетикалық ар­­қау-каркасын жасауға кіріскенімізді» мәлімдеді.
Жасыл энергетика – жаңарған елдің діңгегі
253
оқылды

Әлемдік гео­­саяси текетірестер және дәстүрлі энергия ресурс­тары­ның қымбаттауы жағдайында еліміз Жер-анаға жара сал­май­­тын экологиялық таза қуатты дамытуға батыл бет бұ­рып, энер­гетикалық тәуелсіздікке аяқ басты. Биыл салада қол­ға алын­ған ауқымды жобалар осы стратегиялық бағыт­тың бас­ты қозғаушы күшіне айналмақ. Табиғатпен үйлесім тап­қан жаңартылатын энергия көздерін игеру – бүгінгі қа­жет­тілік қана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауап­кер­шілік.

Қалауын тапса, бу да береке

Бұл жай ғана технологиялық жаңа­ру емес, ұлттық қауіпсіздік пен экологиялық мә­дениеттің тоғысқан тұсындағы тарихи таңдау. Президент биылғы жылды жаңар­тылатын энер­гия көздерін (ЖЭК) дамытудағы сер­­­пінді кезең ретінде айқындап, Үкі­­метке нақты міндеттер жүктеді. Бұл – стратегиялық пайым мен уа­қыт талабының үн­десуі. Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған елдің жаңа энер­гетикалық арқауы, ең ал­дымен, эко­логиялық таза, «жасыл» энергетикаға негізделуге тиіс. Басқаша айтқанда, әң­гі­ме тек генерация көлемін арт­тыру емес, бір мезгілде екі міндетті ше­шуге талпыныс туралы: елдің энер­гетикалық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету және жаһандық декар­бо­низация күн тәртібіне сай келу.

Бұл ретте еліміздің энергетикалық кел­бетін түбегейлі өзгертетін ке­шен­ді шаралар мен алдағы жоспарлардың мән-маңызы айрықша. 2026 жылы дәстүрлі жә­не жаңартылатын энергия көздері есе­бінен 2,64 гигаватт жаңа қуатты пай­да­лану­ға беру жоспарланған. Үкіметтің мәлі­ме­тінше, бұл жобаларды іске асыру 2027 жыл­дың І тоқсанының соңына қарай е­л­де­гі энергия тапшылығы мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақ­ты профицитіне шығу жоспарланып отыр. Энергетикалық тәуелсіздік – саяси еге­мендіктің материалдық кепілі. Сон­дық­тан «қуып жетуші» энергетикадан «қор жи­наушы» жүйеге көшу – заманның басты та­лабы.

Жаңа қуаттарды іске қосуды жеделдету қажеттігін Президент Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында да атап өтті. Бұған был­тыр­ғы көрсеткіштер себеп болды: Қазақ­стан шамамен 3,7 млрд киловатт-сағат электр энергиясын сырттан импорттауға мә­жбүр болды. Қойнауы қазынаға толы, ре­сурстық әлеуеті зор мемлекет үшін бұл – намысқа сын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл бірқатар ірі генерациялық ны­сан­ды іске қосу жоспарланып отыр. Олар­дың қатарында 4 бу-газ қондырғысы (БГҚ), 2 жел электр стансасы, 4 күн электр стан­сасы бар. Мұның сыртында қолда­ныс­тағы 2 электр станcасын кеңейту көзделген. Жал­пы алғанда, бұл нысандар жыл сайын ша­мамен 16 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіре алады. 

«Жасыл» бағытта басты бір рөлді жал­пы қуаты 2,4 гигаватт болатын ірі бу-газ қон­дырғылары иеленді. Олар Қа­зақ­стан­ның оңтүстік өңірлерін қосымша гене­рация­мен – жарықпен және жылумен қа­тар қамтамасыз етпек. Бұл өңірлерде электр энергиясының тапшылығы аса қат­ты сезіледі. Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын БГҚ-сында іске қосу жә­не реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түр­кістан облысында қуаты 1 ГВт болатын ірі БГҚ құрылысы жалғасты. Сыртқы жет­кізілімдерге жалтақтау – дамудың тежегіші. Іш­кі генерацияны еселеу арқылы ғана өн­дірістің өркендеуіне жол ашамыз. 

Салада тарихи маңызды оқиға

Энергетикалық теңгерімді «жасыл» технологиялар есебінен әртарап­тан­дыруға ерекше көңіл бөлінеді: елдің энер­гетикалық қоржынында көмір мен га­зға тікелей тәуелді емес көздер көбірек бол­ғаны маңызды. Осы орайда 2026 жылы ЖЭК пулына қуаты 245 мегаватт болатын бір­қатар жаңа, салмақты нысан қосылмақ. Қос­танай облысында екі жел электр стан­сасы пайдалануға беріледі: Aspan Energo – қуаты 50 мегаватт және «Гиперборея» – 100 МВт.

Сондай-ақ жалпы қуаты 92 МВт бола­тын төрт күн электр стансасын ел игілігіне тап­­сыру міндеті белгіленген. Бұлар Маң­ғыс­­тау, Жамбыл, Жетісу және Қостанай об­­лыстарында орналасады. Бұдан бөлек, Түр­­кістан облысында «ТауЭнерго» ком­па­ния­сының шағын су электр стансасы пай­да­лануға беріледі. Энергетика министр­лігі­нің бағалауынша, осы барлық жоба ар­қа­сын­да 2026 жылы Қазақстанда ЖЭК-тер­дің электр өндірісі көлемі шамамен 8,8 млрд киловатт-сағатқа дейін жетеді. Әзір­ге, жаңартылатын энергия өндірісі 8,6 млрд кВт/сағатты құрады. 2025 жылғы жос­пар 19,4%-ға асыра орындалып, жалпы электр энергиясы өндірісіндегі жаңар­ты­ла­тын энергетиканың үлесі 7%-ға жетті. Был­тыр Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлы­тау және Жетісу облыстарында қуаты 503 МВт болатын 9 жаңа станса пайдалануға беріл­ді.

Алайда табиғаттың мінезіне тәуелді бұл са­ланың бір кемшіні – өндірген энер­гия­сын көп ұзатпай жұмсауды талап етуі. Оны сақ­тау үшін алып аккумуляторлар қажет. Сон­дықтан маңызды оқиға – ел тарихында ал­ғаш рет энергия қордалау жүйесі бар 1 ги­гаваттық жел электр стансасын салуға ар­налған аукционның өткізілуі болды. 

Энергетика министрлігінің мәлім­деуін­ше, жылдың маңызды оқи­ғасы – Қостанай облысында энергия жи­нақ­тау жүйелерімен жабдықталған гига­ваттық жел стансасын салуға арналған ел та­рихындағы алғашқы аукционның өт­кізілуі. Сондай-ақ Түркістан облысында қуа­­­­ты 300 МВт болатын күн электр стан­са­сын салу туралы қытайлық Energy China ин­весторымен келісімге қол қойылды, – де­ді министр.

ЖЭК-ті дамыту энергия жинақтау жүйе­лерін енгізумен қатар жүрсе жөн. Ірі жаңар­тылатын энергия жобалары аясында жал­п­ы сыйымдылығы 3 ГВт/сағаттан аса­тын жинақтау жүйелерін енгізу көзделген. Бұл төмен сұраныс сағаттарында артық өн­дірілген энергияны қордалап, оны жүк­те­ме шырқау шегіне жеткенде пайдалануға мүм­кіндік береді, Бірыңғай энергетикалық жүйе тұрақтылығын арттырады. Тех­но­ло­гиялық кемелдік тек өндірумен емес, жи­нақ­­талған қуатты тиімді басқарумен өл­ше­неді. Энергия қордалау жүйесі – тұрақ­ты­лық­тың алтын діңгегі.

Саланы заңнамалық және стратегиялық тұр­ғыда дамыту да маңызды қадам болмақ. Ел тарихында алғаш рет «Балама энергия көз­дері туралы» заң қабылдау және 2040 жыл­ға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту тұ­жырымдамасын жаңарту жоспарланған. Мұндай стратегиялық құжаттар ин­вес­тор­лар­ға ұзақмерзімді жоспарын түзуіне дем береді. 

Мемлекеттің стратегиялық маневрі

Алдағы өзгерістердің ауқымы туралы Үкіметте де айтылды: Президенттің тап­сыр­­­маларын орындау мақсатында биыл Қа­зақстанда шамамен 2,6 гигаватт жаңа қуат енгізу жоспарланып отыр. Оның не­гіз­гі бөлігі газ жобаларына тиесілі – 2 427,6 МВт, ал жаңартылатын энергия көздерінің үле­сі шамамен 245,8 МВт болады. Үкі­мет­тің есептеуінше, бұл келесі жылдың бірін­ші тоқсанында энергия тапшылығы мә­се­лесін шешуге мүмкіндік береді. Былтыр тап­шылық 29%-ға қысқарғанымен, әлі де ай­тарлықтай деңгейде қалды және импорт есе­бінен өтеліп жатыр. 

Бұл істе шығыс көрші көмекке келіп отыр­ған көрінеді: мысалы, Екібастұз қала­сын­да салынатын жаңа жел электр стан­са­сы жылына 3,4 млрд кВт·сағат «жасыл» энер­гия өндіреді. Бұл туралы еліміздің Энер­гетика министрі Ерлан Ақкенженовтің ҚХР-дің Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинмен кездесуінде белгілі бол­ды. Келіссөздердің басты нәтижесі – Қа­зақ­станның Энергетика министрлігі, State Power Investment Corporation және Pavlodar Green Energy ЖШС арасында Павлодар об­лысында қуаты 1 ГВт жел электр стан­са­сын салудың құжаттар пакетіне қол қою болды.

Энергетик Нұржан Жеткер­бекұлы­ның пікірінше, «жасыл» энергетика са­ласындағы Президент тапсырмалары та­бысты жүзеге асса, жаңа генерация өріс­тесе және тиісті көлемде инвестиция тар­тыл­са, онда елдің энергетикалық жүйесі түр­­­­леніп, жаңа кейіпке енеді. 

«Жүргізіліп жатқан жұмыс электр энер­гетикасы саласының жүйелі дамуын қам­тамасыз етіп, инфрақұрылымды сенім­ді­ліктің жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мем­лекет басшысы Ұлттық құрылтайдың соң­ғы отырысында ЖИ мен цифрланд­ы­ру­ды өрістету үшін қаптап ашылып жатқан Data-орталықтар металлургия комбинаты сияқты өте көп энергия тұтынатынын еске сал­ды. Дамыған елдер тәжірибесіне сай ор­­талық желіге салмағын салмай, соның бә­­рін автономды энергия көзінен қуат­та­лу­ға көшіруге тиіспіз», – деді сарапшы.

Ол Энергетика министрлігінің мәлі­ме­тіне сілтеме жасап, 2025 жылы Қазақстанда бар­лық көзден электр энергиясын өндіру кө­лемі 123,1 млрд кВт/сағатқа жеткенін, алай­да тұтыну көлемі 124,6 млрд кВт/сағат­тан асып кеткенін ескертті. Президент айтқандай, қазіргі өндірілетін қуат «барлық жос­парымызды табысты орындауға жет­кі­лік­сіз». Сол себепті Қ.Тоқаев бұл пробле­ма­ны Қауіпсіздік кеңесінің жақында өткен оты­рысының күн тәртібіне шығарды. Қуат де­фициті еліміздің әлемдік бәсекедегі ар­тық­шылықтарын тиімді пайдалануына тұ­сау болып отыр. 

Әйткенмен, Қазақстанның энерге­ти­ка­лық жүйесінің қазіргі келбеті шынында да біртіндеп өзгеріп келеді. Іске қосылған ны­сандарды есепке алғанда, қазір жүйеде 241 генерация көзі бар екен, оның 162-сі  жаңартылатын энергетика секторына жа­тады. Ортамерзімді перспективада жаңа жо­балар экономиканың өсіп келе жатқан электр энергиясына деген сұранысын қам­та­масыз етуге тиіс. Барлық жұмыс бір мақ­­сатқа бағытталған – елдің бүкіл энер­ге­тикалық жүйесінің сенімділігін, тиім­ді­лі­­гін және тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Энергетика министрлігі хабарлағандай, Қазақстанда қазір жалпы қуаты 15,3 ГВт бо­латын 81 жоба белсенді іске асыру ке­зеңін­де тұрған көрінеді. Оларға жалпы со­масы 13,1 трлн теңге инвестиция салын­бақ. Бірақ мұның бәрі жаңғыратын қуат емес: жалпы қуаты 10,2 ГВт болатын 30 жо­басы – дәстүрлі генерация саласына тие­сілі. Ал жалпы қуаты 5,1 ГВт болатын 51 жоба – ЖЭК еншісінде. Көмір, мазут, газ, мұнай өнімдерін жағатын дәстүрлі энер­гетикалық орталықтарға қарағанда, жаңа ЖЭК нысандарының әлдеқайда көп болуы салаға деген жаңа көзқарастан, ба­сым­дықты назардар хабар берсе керек. 

Қорыта айтқанда, елдің энергетикалық қаң­қасы жаңа сипатта қайта құрылып жа­тыр. Көмір мен газдың дәстүрлі үстемдігі бір­­тіндеп табиғатпен үйлескен техно­ло­гияларға орын беруде. Бірақ кез келген стра­тегияның шынайы салмағы қағаз бе­тін­де емес, қысқы қытымыр аяздағы жүк­те­­мелер кезінде сыналады. Қазақстанның жаңа энергетикалық архитектурасы бола­шақта осы сындардан сүрінбей өткенде ға­на ел нағыз энергетикалық тұрақтылыққа қол жеткізеді.

Айхан ШӘРІП