Тарихта тұңғыш рет «триллионер банктер» пайда болды. Сырт көзге мәртебе, салалық есепке үлкен олжа көрінгенімен, осы салтанатты бетбұрыстардың көлеңкесінде көңілге кірбің ұялатар бір үрдіс қылаң берді. Бизнес пен бұқара банктегі барын кері алып, қаражатын басқа арналарға бұра бастады. Бұл өзге секторлардың серпіні ме, әлде сенімнің селкеу тартқаны ма? Банк саласының бүгінгі ахуалы қандай?
Сан жағынан сап түзеп артпаса да, Қазақстанның банк жүйесі кейінгі жылдары көлем жағынан айтарлықтай толысты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктердің жиынтық активтері 70,8 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 9,2 трлн теңгеге немесе 15%-ға байыды. Ұзақмерзімді динамикада, соңғы 5 жылда банк активтерінің көлемі 2 есеге, 10 жыл ішінде 3 есеге артқан. Сандардың салтанаты көз қуантады, алайда бұл өсімнің әсері экономикалық қуатқа ма, әлде инфляциялық екпінге ме, ол енді басқа әңгіме.
Мұның сыртында бұл өсім барлық банкке бірдей тән емес. Сектор ішіндегі жағдай біркелкі емесін статистиканың жай-жапсары паш етті. Қазақстандағы 23 банктің 15-і 2025 жылды елеулі өсіммен аяқтап, мерейі үстем болса, тағы төртеуі мардымсыз ғана нәтижені місе тұтты. Екі банк кері кетті: қатарында нарықтағы ірі ойыншы бар. Ұлттық банктің дерегінше, «Еуразиялық банк» жылдық өсім бойынша теріс мән көрсетті: -3,7%. Бұдан бөлек, тағы екі қаржы институты – нарыққа жаңадан қосылған жаңа банктер әзірге толыққанды қарқын ала қойған жоқ.
Активтерді өсіруден алдына қара салмаған сөзсіз көшбасшы-чемпион – елдегі ең ірі қаржы институты Halyk Bank. Бір жылда 2,3 трлн теңгені қоржынына басып, активін 20,3 триллионға жеткізген алпауыт бүкіл банк жүйесінің 29%-ын немесе ондағы әрбір үшінші теңгені өз балансында ұстап отыр. Тек 2026 жылдың қаңтарында активін тағы 22 млрд теңгеге арттырды. Оның несие портфелі 13,2 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 1,5 триллионға көбейді. Дәулеттің үштен бірінің бір қолға шоғырлануы тұрақтылықтың кепілі ме, әлде бәсекелестіктің тұсалуы ма?
Активтерінің өсімі бойынша «күміс жүлдеге», екінші орынға – ЦентрКредит банкі ілікті: активтері 1,5 трлн теңгеге өсіп, 8,6 трлн теңгені құрады. Нарықтағы үлесі 12,1%-ға жеткен бұл банк актив көлемі бойынша әзірге үшінші орында. Бірақ қазіргі қарқынын жоғалтып алмай, ұзақ сақтаса, бұл көрсеткіш бойынша да «күміске» шығуы әбден мүмкін. Оның бизнес пен бұқараға таратқан несие портфелі 4,7 трлн теңгеге дейін ұлғайып, бір жыл ішінде 720 млрд теңгеден астам өсім көрсетті.
Банктер бәйгесінде «қола» жүлдеге Kaspi Bank ие болып, үштікті тұйықтады. Бұл қаржы институтының активтері бір жылда 1,3 трлн теңгеге өсіп, 9,5 трлн теңгеге жетті. Соның нәтижесінде, банк актив көлемі бойынша екінші орынға нық орналасты және нарықтың 13,4%-ын иеленіп отыр. Оның үлестірген несие портфелі де айтарлықтай ұлғайып, бір жылда 2 трлн теңгеге өсіп, 8,1 трлн теңгеге жетті.
Төртінші орынға ForteBank табан тірей алды: жылдық табысы бойынша триллион деп ауыз толтыра сөйлей алатын банктердің «төрттігіне» кірді. Оның активтері бір жыл ішінде 1,1 трлн теңгеге өсіп, 5,2 трлн теңгеге жетті. Қарыз портфелі де қарқынды өсіп, 3 триллионға дейін ұлғайды. Жалпы, дәл осы төрт банк қана жыл ішінде активтерін 1 трлн теңгеден асыра алды. Өзгелерінің жылдық табысы триллиондық межеден бірнеше есе төмен. Бірақ активтерінің жалпы көлемі бойынша Қазақстанда енді 12 банк «триллионер» болып есептеледі.
Алайда жаңа 2026 жыл банк секторында күтпеген үрдістен басталды: соңғы бес жылда алғаш рет банктердің пайдасы төмендеді. Қаңтар айының қорытындысы бойынша банктердің жиынтық таза пайдасы 13%-ға құлдырап, 198,5 млрд теңгені құрады. 2020 жылдан бері алғаш рет төмендеу тіркеліп отыр: сонда пайдасы 32%-ға кеміген еді.
Мемлекет көмегінің жаңа шарты
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген AQR (Asset Quality Review) бағалауы аясында бүкіл сектор активтерінің 86%-ын қамтитын ең ірі 11 банктің ахуалы талданды. Қорытындысында банк жүйесінің біршама тұрақты екені расталыпты. Капитал жеткіліктілігі 17,7%-ды құрап, белгіленген ең төменгі талаптардан едәуір жоғары болды. Бұл банктердің тәуекел мен шығындарын өтеуге қауқарлы екенін көрсетеді.
Әйткенмен, жаһандық дағдарыстың лебінен сескенген, экономикадағы тұрақсыздықты ескерген реттеуші сақтық шараларын күшейту үстінде. Биыл түпкілікті күшіне енетін «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң – ауқымды реформаның басы. Қаржыгер Ерлан Әлиевтің айтуынша, енді мемлекеттің банктерге «тегін беретін» ақшасы жоқ. Банк иелері үшін мемлекеттік көмек жай таратылар тарту емес, ауыр жауапкершілік пен акционерлік құрамның өзгеруіне әкелетін қауіпті қадам болмақ.

коллаж: Елдар ҚАБА
Жаңа модель бойынша мемлекет банктерге ерекше қажеттілік болғанда ғана және тек жүйе құраушы банктерге көмектесетін болады: салада жаппай дағдарыс туындағанда Ұлттық банк оның капиталына тікелей кіріп, қаржы құяды. Мұндай қолдау біріншіден, уақытша әрі қайтарымды сипатта болады, ақша ең төменгі қажетті көлемде беріледі.
«Екіншіден, мемлекеттің араласуы ол банктің акционерлік құрамын толық өзгертуге және басқару құрамын ауыстыруға ұласады. Үшіншіден, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салынады. Төртіншіден, шетелге мол қаржы аудару, сыбайлас компанияларға ұлан-ғайыр қарыз беру және басқа тәуекелді операциялар шектеліп, бұрынғы басшыларының шешімдерінің күші жойылады. Бесіншіден, қаржылық сауықтыру жоспары міндетті түрде іске асырылады. Ендеше банктердің қожайындары үшін мемлекеттік көмекке жүгіну экономикалық тұрғыдан тиімсіз болмақ», – деді сарапшы.
Биометрия – заман айнасы
Реформа мұнымен шектелмейді. Ұлттық банк те төлемдер мен ақша аударымдары саласына қатысты жаңа ережелерді әзірлеп жатыр. Өзгерістер банктердің барлық клиентіне тікелей әсер етпек. Әңгіме «Ұлттық банк басқармасының кейбір қаулыларына төлемдер мен ақша аударымдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық банк басқармасының қаулысы жайында. Ресми түрде бұл – нормативтік актілерді жаңарту болса, іс жүзінде қаржы жүйесін неғұрлым ашық, технологиялы әрі қауіпсіз етуге бағытталған қадам.
Өзгерістердің қажеттілігін ҰБ қаржы нарығының заңнамадан әлдеқайда жылдам дамып келе жатқанымен түсіндірді. Соңғы жылдары банк қызметі, қаржы нарығын реттеу, байланыс және банкроттық рәсімдеріне қатысты заңдар жаңартылды. Бұл өз кезегінде заңға тәуелді актілердің базасын қайта қарауды, төлем жүйелерін түзетуді талап етті.
Цифрландырудың игілігі мен қаупі егіз. Макрореттеуші жаңа жобада ерекше назар биометриялық сәйкестендіруге аударылғанын жеткізді. Қазір шоттардың басым бөлігі қашықтан ашылады, құжаттардың тіпті көшірмесі де талап етілмейді. «Смартфоннан төл иесі жүгініп отырған шығар» деген соқыр сенімге сүйенеді. Елде цифрландыру мен ЖИ енгізу үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Сондықтан клиенттің жеке басын растап, сәйкестендірудің түрлі проблемасы өзекті бола түсті.
Өзгерістер банктің биометриялық деректер арқылы аутентификациялау тәртібін нақтылайды. Бұл, Ұлттық банк мамандарының түсіндіруінше, алаяқтардан төнетін қауіп-қатерді азайтуға, дербес деректерді қорғауға, барлық банк үшін бірыңғай стандарт қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге биометриядан бас тартқан азаматтар үшін дәстүрлі, офлайн қызмет көрсету мүмкіндігі сақталады.
Иманды қаржының өрісі кеңейеді
Тағы бір маңызды бағыт – исламдық банкинг. Жаңа өзгерістер исламдық банк операцияларын бөлек есепке алуға міндеттейді. Бұл – техникалық тұрғыдан күрделі болғанымен, стратегиялық маңызды қадам. Исламдық қаржы өнімдері классикалық банкингтен өзгеше қағидаттарға негізделеді, тиісінше, бөлек есеп жүргізуді талап етеді. Осы талаптарды нормативтік актілер деңгейінде бекіту исламдық қаржының ашықтығын арттырып, банктер үшін реттеушілік тәуекелдерді төмендетеді, сондай-ақ клиенттер мен инвесторлар үшін түсінікті әрі айқын ережелер қалыптастырады.
– Исламдық қаржыландыруды дамытуға жағдай жасау мақсатында жаңа заңмен дәстүрлі банктерге де «исламдық терезелер» форматында исламдық банктік операцияларды ұсыну құқығы беріледі. Банкирлер, инвесторлар жеке ислам банкін құрмай-ақ, соның қызметін көрсететін арнайы бөлімшелер ашуға мүмкіндік алады. Алайда басты талап – исламдық қызметті банктің өзге операцияларынан ұйымдастырушылық және есептік тұрғыда толық оқшаулау, – деді сенатор Сергей Карплюк. Бұған дейін мұндай қызметті жүзеге асыру үшін міндетті түрде бөлек ислам банкін құру қажет болатын.
Жалпы алғанда, бұл өзгерістер Қазақстандағы исламдық қаржы жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайта түседі. Банктер үшін ережелер енді айқынырақ болады, ал клиенттер үшін қызметтер қауіпсіз, ыңғайлы әрі шариғат қағидаттарына сай болуға тиіс. Қаржы саласындағы «халал» стандарттардың енуі – иманды, этикалық инвестицияға сусап отырған жұртшылық үшін жағымды жаңалық.
Елдос СЕНБАЙ