Ондағы мақсат – әр аймақтағы мемлекеттік қызметкердің 80 пайызы жасанды интеллект бойынша білім алуын көздеп отыр.
Мемлекеттік қызметкер үшін жасанды интеллектіні меңгеруді үйрететін оқу платформасы ашылды
фото: Аikyn.kz
200
оқылды

Бүгін орталық аппаратта «AMANAT» партиясы жанындағы Цифрлық даму және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиын модераторы Сайрамгүл Жұмаділова «Цифрлық қоғам» жобасы аясында цифрландыру және жасанды интеллект бағыттары бойынша ауқымды тақырыптарды қамтитын онлайн білім беру платформасы ашылғанын сөз етті.

Оның айтуынша, платформада цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және мемлекет басқаруды цифрлық құралдарды тиімді пайдалану тақырыбы бойынша оқу материалдары ұсынылады.

 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылдың 8 қыркүйекте халыққа жолдаған Жолдауында Қазақстан үш жыл ішінде жаппай  цифрлық ел болуы керек екенін атап, соған орай өткен жыл  Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау процесіне тартылған кадрларды жүйелі түрде даярлаудың маңыздылығын айқындады. Бүгінде  Қазақстанда мелекеттік секторда жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге қабілетті басшыларды даярлауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Соның бірі «AMANAT» партиясы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, цифрландыру және жасанды интеллект бағыты бойынша ауқымды  тақырыптарды қамтитын онлайн білім беру платформасын әзірледі. Аталған платформа мемлекеттік қызметшілерді, оның ішінде ауылдық округ әкімдерінің, сондай-ақ өңірлік филиалдардың қызметкерлері цифрлық құзыреттілігін арттыруға және заманауи цифрлық шешімді қолдану бойынша білімін кеңейтуге бағытталған, –  дейді  Сайрамгүл Жұмаділова.

Жасанды интеллект және цифрлық даму  министрлігінің вице-министрі Дмитрий Мун платформа аймақтардағы мемлекеттік қызметшілерге арналғанын айтып, оларды цифрлық дағдылар мен  жасанды интеллект бойынша оқытылатынын жеткізді. Ондағы мақсат – әр аймақтағы мемлекеттік қызметкердің 80 пайызы жасанды интеллект бойынша білім алуын көздеп отыр.

– Бүгін біз «AMANAT» партиясымен бірлесіп, маңызды бастама бастап отырмыз. Өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің жұмысындағы цифрлық дағдылар және жасанды интеллект оқыту бағдарламасы ресми түрде ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, біздің министрлік барлық әкімдіктің базалық мәліметіне рұқсат беріп, мемлекеттік қызметшілердің бәрін жасанды интеллектіні меңгеруге  үйретеміз. Бұл платформа өте ыңғайлы, қолдануға оңай. Қызметкерлер мұнда негізгі базалық білім ала алады. Жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйренеді. Бұл жүйе заман талабына сай жаңашылдықтан қалыспай, апта сайын жаңартылып тұрады, – деді Дмитрий Мун.

Оның айтуынша, әр мемлекеттік қызметкердің тіркелуі арқылы  күніге қанша мемлекеттік қызметкердің кіріп, қандай қызмет алғанын  онлайн режимде бақылау мүмкін. Тіпті, қолданушылардың пікірлері арқылы қателігін түзеп, толықтырып отырады.

Жиынға Жасанды интеллект және цифрлық даму  министрлігінің вице-министрі Дмитрий Мун, Astana Hab білім беру бағдарламалары офисінің директоры Алена Славкина, сондай-ақ Zoom режимінде облыс әкімдерінің орынбасарлары, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және ауылдық округ әкімдерінің басшылары қатысты.