Қытай достас көрші әрі жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қазақстандағы ұзақмерзімді тұрақтылық пен қоғамның өркендеуін құптайды.
Қытай Сыртқы істер министрлігі Қазақстанды референдумның сәтті өтуімен құттықтады
121
оқылды

Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстанды жаңа Конституция қабылдау бойынша өткен республикалық референдумның сәтті аяқталуымен құттықтады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қытайдың Global Times басылымының мәліметінше, бұл туралы 16 наурыз күні өткен брифингте ҚХР СІМ-нің ресми өкілі Линь Цзянь мәлімдеді. Баспасөз мәслихаты барысында Қытайдың Орталық телеарнасының журналисі Қазақстанда 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумға Қытай тарапының көзқарасын сұраған.

Линь Цзянь Қазақстанда дауыс беру науқанының жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Қытай тарапы осыған байланысты өз құттықтауын жеткізетінін айтты. Оның сөзінше, Қытай достас көрші әрі жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қазақстандағы ұзақмерзімді тұрақтылық пен қоғамның өркендеуін құптайды.

Сондай-ақ ол Бейжің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің мемлекеттік дамуында жаңа маңызды жетістіктерге қол жеткізетініне және «Әділетті Қазақстан» бастамасы табысты жүзеге асатынына сенім білдіретінін жеткізді.

Қытай СІМ өкілі Қытай тарапы екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтіп, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және қазақ-қытай серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін айтты.