Бір кездері ауылдың шаңды көшесінде асыр салып ойнаған балалардың қуанышы болған асық бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Керісінше, ұлттық мұра жаңа мазмұнмен жаңғырып, заманауи баланың дамуына қызмет етіп жатыр. Соның жарқын бір мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны Жанна Шымырқызы бастаған ерекше бастама.
Жүректен туған толғаныс
Бұл жоба бизнес мақсатында емес, аналық алаңнан туған. Баласының дамуындағы қиындықты жеңуге көмектесетін жол іздеген ана ұлттық ойынға жүгініп, кейін бұл идея көптеген балаға пайдалы құралға айналды. Жаннаның ұлы Ахан 2022 жылы дүниеге келген. Баласы екі жасқа толар-толмас кезінде оны балабақшаға береді. Алайда арада көп уақыт өтпей-ақ тәрбиешілер мен психолог баланың дамуында ерекшелік барын айтып, ата-анасын әңгімеге шақырады.
«Бір аптадай өткен соң балабақша психологы шақырып, баламның жасына сай дамымай жатқанын айтты. Алға-шында сенбедік. Еркелік шығар, бәлкім қызғаныш болар деп ойладық. Өйткені одан кейін дүниеге келген кішкентай сәбиіміз де бар еді. Баланың мінезі, қырсықтығы деп қабылдадық», – дейді Жанна.
Алайда уақыт өте келе күмән күшейе түседі. Ата-ана бірнеше дәрігердің қабылдауына барады. Невропатологтар баланың дамуында кешеуілдеу бар екенін айтады. Мамандар кейбір белгілердің аутизм спектріне ұқсайтынын да ескертеді. «Сол кезде біз баламызды қалай өз қатарынан қалдырмаймыз, қалай көмектесеміз деп көп іздендік», – дейді ол. Баласы әлі кішкентай болғандықтан, оны логопед немесе дефектолог мамандарға толыққанды апаруға ерте деп санайды. Оның үстіне, Жаннаның қолында он айлық сәбиі бар еді. Бала тәрбиесі мен үй шаруасының арасында арнайы орталықтарға жиі бару оңай емес.
Дегенмен Жанна қарап отырмайды. Өзі бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, көрнекілік құралдармен жұмыс істеуге дағдылы. Сондықтан баламен үйде қалай жұмыс істеуге болатынын интернеттен іздеп, түрлі әдісті зерттей бастайды.
«Баланың жасына сай ойындар, даму жаттығулары туралы оқыдым. Бірде жапондық ғалымдардың кәдімгі қораптан жасалған қарапайым ойын үлгісін көрдім. Соны жасап көрдім, бірақ балама мүлде қызық болмады. Сол сәтте ойыма қазақтың ұлттық ойыны – асық ойыны келді. Мен бұл ойынды киіз үйдің пішінінде жасап, асықтармен ойнаттым. Ойын жасау оңай болған жоқ. Ең алдымен қауіпсіз материал табу керек болды. Баланың денсаулығына зиян келмейтін, сапалы әрі берік материалдарды іздеп, түрлі шеберлік сабағына қатыстым. Асық құйып жатқан адамдар бар, бірақ олардың кейбірінде алшы жағы бар да, тәйке жағы жоқ. Яғни, толыққанды асық болмайды. Сондықтан мен табиғи асық тауып, оның оң және сол жұбын анықтап, соның негізінде қалып жасадым», – дейді Жанна.
Ол компьютер арқылы киіз үйдің макетін сызады. Содан кейін арнайы ұяшықтары бар тақта жасайды. Ал түрлі түске боялған асықтар сол ұяшықтарға орналастырылады. Алғашында бұл ойын баласына қызық бола ма, болмай ма деген күмән де болған.
«Бірінші асықтарды көрсеткенде-ақ балам олардың түсіне қызықты. Кейін қатарымен қоюды үйреттім. Сосын түстеріне қарай бөлуді, ұяшығын табуды, жинақтауды үйреттім. Біртіндеп баламның зейіні арта бастады», – дейді ана.
Бір баладан басталған игі іс
Баладағы кішкентай өзгерістер ана үшін үлкен үміт еді. Жанна осы ойынды жетілдіре түседі. Түстерді, пішіндерді, ұяшықтарды көбейтеді. Осылайша, ойын біртіндеп баланың логикасын, зейінін, қол моторикасын дамытатын құралға айналады. Бүгінде бұл ойын тек оның баласына ғана емес, басқа балаларға да ұсынылып жүр. Әсіресе, ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналары қызығушылық танытып отыр. Қазақстанда кейінгі жылдары дамуында ерекшелігі бар балалардың саны артып келе жатқаны жиі айтылып жүр. Мамандар мұндай балаларға ерте жастан қолдау көрсету аса маңызды екенін айтады. Ерте диагностика, арнайы ойындар мен жаттығулар баланың әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік береді. Алайда көптеген ата-ана қажетті орталықтарға жиі бара алмайды. Біреудің қолында кішкентай сәбиі бар, енді бірінің тұрмыстық жағдайы қиын. Осындай кезде үйде қолдануға болатын қарапайым, бірақ тиімді құралдардың маңызы арта түседі. Жанна жасаған асық ойыны дәл сондай бастамалардың бірі. Әйтсе де, ол бізбен әңгімесінде алғашқы жасаған асықтарының өзі ойлағандай шықпағанын жасырмады.

«Алғашқы шыққан асықтарым әдемі болған жоқ. Өзіме де ұнамады. Өзіме ұнамаған соң балама да көрсеткім келмеді. Бірақ тоқтап қалмай, қайта іздене бастадым. Толық формасын тауып, дұрыстап жасап шыққаннан кейін ғана балама бердім», – дейді ол.
Бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, көрнекі құралдармен жұмыс істеу оған таңсық емес еді. Ол жасаған ойындарын әлеуметтік желіге де жүктей бастайды. «Instagram-ға балама осындай ойын жасап бердім, қызығушылығы артты деп жаздым. Содан кейін адамдардан сұраныс келе бастады», – дейді ол.
Бір үміт, жүздеген мүмкіндік
Алғашында ойындарды балабақша тәрбиешілері мен үйде отырған аналар сатып алады. Кейін арнайы балаларды дамыту орталықтары қызығушылық таныта бастайды. «Қаладағы 7-8 орталық мамандары үйіме келіп алып кеткен кездер болды», – дейді ол. Осыдан кейін Жанна тек киіз үй пішініндегі ойынмен шектелмей, асық арқылы ойналатын түрлі дамытушы ойынды құрастыра бастайды.
Жанна Шымырқызы асықпен ойнаудың бала дамуына берер пайдасы көп екенін айтады. Оның айтуынша, ойын арқылы баланың ұсақ моторикасы дамиды, саусақпен ұстау дағдысы қалыптасады, зейіні тұрақталады және ойлау қабілеті артып, ең бастысы, телефоннан алшақтай бастайды.
«Балам асықтарды бір-біріне соғып ойнайды, ұшырады, қатарлап тізеді, бір жерден екінші жерге тасиды. Кейде ойыншық көлігіне тиеп, жүк сияқты төгіп ойнайды. Яғни, қарапайым асық баланың қиялын оятып, түрлі ойын құрастыруына мүмкіндік береді», – дейді ол.
Қолданатын асықтар табиғи асықтың негізінде жасалған. Табиғи асықты алып, формасын жасап, қалыпқа құйған. Асықтарды жасау үшін арнайы экологиялық материалдар пайдаланылады. Ойыншықтар смола, сұйық пластик және экопластик сияқты материалдардан жасалады. Бір асықты жасау үшін шамамен 24 сағат уақыт кетеді. Алдымен 12 сағат кептіріледі, кейін формадан алынып, жуылып, қайта кептіріледі. Киіз үй пішініндегі ойын да дәл осындай ұзақ еңбекті талап етеді. Оны сызу, қиып-жапсыру, дайындау, барлығына мұқият жұмыс қажет. Жаннаның айтуынша, балаларды ұлттық ойындарға қызықтыру ең алдымен ата-аналарға байланысты.
«Балаларға ойынның қалай ойналатынын, оның пайдасын түсіндіру керек. Мысалы, асықтың әр қырының өз атауы бар: алшы, тәйке, бүк, шік. Осыларды түсіндіріп, таныстырса, балада ойынға деген қызығушылық арта түседі. Қазақтың басқа да ұлттық ойындары асық ату, бес тас сияқты ойындарды да балалар қызыға ойнайды. Ұлттық ойындарды жандандыру үшін алдымен өзіміз балаларға оның мәнін түсіндірейік», – дейді ол.
Бүгінде Аханның жетістігі көп. Сөйлеп бастаған, шақырғанға қарайды, кімнің кім екенін, ата-анасын, туыстарын таниды. Зейіні қалыптасып, тұрақтала бастаған. Алғашында отбасы мүшелері бұл істі толық түсіне қоймағанымен, кейін оның нәтижесін көріп қолдай бастайды. Әсіресе, жолдасының қолдауы Жаннаға үлкен күш берген. Ол бұл істі тек кәсіп деп қарамайды.
Бүгінде Жанна жасаған асық ойындары көптеген баланың қолына жетіп жатыр. Әсіресе, ерекше білімді қажет ететін балалар үшін бұл ойын пайдалы құралға айналып үлгерген. Қарапайым ғана асық бір ананың үмітін оятты. Сол үміт енді басқа ата-аналарға да сенім беріп отыр. Ұлттық ойынның жаңғыруы кейде үлкен жобалардан емес, дәл осындай аналық жүректен басталады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы