Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында алдағы жалпы отырыс күн тәртібінің жобасы нақтыланды.
Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасын қарайды
144
оқылды

Депутаттарға бірінші оқылымда Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» үкіметтік заң жобасын қарау ұсынылады. Құжат мемлекеттік қызметті сервистік және ха­лыққа бағдарлану қағидаттарына негіз­делген модельге көшіруді көздейді.  Заң жобасы мемлекеттік аппараттың кәсібилігін одан әрі арттыруға және HR-процестерді цифрландыруға да бағытталған. Сонымен қатар құжатта мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың лауа­зымдық міндеттері айқындалып, мемле­кеттік қызметтің тартымдылығын арттыру шаралары да қарастырылған.

Мәжіліс бірінші оқылымда депутаттар бастамашы болған еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарайды. Атап айтқанда, Еңбек кодексіне қызметкерлердің заңды мүдде­лерін қорғауға бағытталған нормаларды енгізу ұсынылады. Соның ішінде еңбек заңнамасының қағидаттары мен кепіл­діктерін еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы ережелермен толықтыру көзделген. Түзетулер арқылы жергілікті атқарушы органдардың өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйым­дастыру, мемлекеттік еңбек инспекциясы­мен, жұмыскерлердің және жұмыс беру­шілердің өкілдерімен өзара іс-әрекет жа­­сау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік пен әлеу­меттік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың қызме­тін қамтамасыз ету өкілеттіктері бекітіледі.  

Сонымен қатар депутаттар жалпы отырыста Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегия­лық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді қарайды. 

Бұдан бөлек, Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенция, Қа­зақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйы­мы арасындағы өзара түсіністік тура­лы меморандум, сондай-ақ Қазақстан­да Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнық­ты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру бо­йын­ша келісімді ратификациялау туралы жа­ңа заң жобаларын жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.