Ақынның лирикалық шығармалары да оқыған жанды толғанысқа түсіреді. Қазақтың қабырғалы ақыны Шөмішбай Сариевтің туғанына биыл 80 жыл толды. Ақынның бірінші оқырманы – сүйген жары. Бүгін біз «Жақсының жары» айдарында ақынның жары Жұмагүл Сариевамен әңгімелескен едік.
– Шөмішбай Сариев қазақтың қабырғалы қаламгерінің бірі еді. Ол кісінің артында мол мұрасы қалды. Ақынның өмірінің жартысы сізбен бірге өтті. Шөмішбай ақынмен алғаш қалай таныстыңыз? Білуімізше, сіз байланыс саласында оқыған екенсіз, ол кісі – ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті.
– Менің туған жерім – Қостанай өңірі. Қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист, қазақ мәдениеті мен өнеріне үлкен қамқор болған тұлға Ілияс Омаровтың туған нағашысының қызымын. Сол кездегі Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалғыз қазақ орта мектебін бітіріп, арман қуып Алматыға жол тарттым. Ілияс ағайдың үйіне келдім, өзі Монреальға кетсе де, жары Гүлшат апай мені өте жылы қарсы алды. Алматыға келген соң, байланыс саласын таңдап, сонда оқуға түстім.
Шөмішбай ағаңмен таныстығымыз қызық басталды. Студент кезіміз. Бір күні кешкілік қыздармен орталық алаңда өтетін отшашуға барғанбыз, кенет алдымыздан бір топ жігіттер шығып, бізбен таныса кетті. Ол кезде Шөкеңнің қолында Оралхан Бөкеевтің «Қамшыгер» деген кітабы бар еді, «Қыздар, осы кітапты оқып, кейін өзімізге қайтарыңдар», – деп ҚазМУ-дың Виноградов көшесіндегі жатақханасының мекенжайын, бөлмесінің нөмірін айтып кетті. Танысып білісе келе, бұл жігіттер ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенттері екенін білдік. Сол кезде олар Самарқанд қаласындағы төрт айлық әскери дайындықтан келген беті екен.
– Ол кісі есімін Шалқар деп, сіз Жәмила деп танысқан кездеріңіз осы кез емес пе? Сіздерді табыстырған Айтматов деп айта аламыз ба?
– Жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесіндегі кейіпкері Жәмиланың есімі өзіме қатты ұнайтын. Шөкеңе өзінің группаластары Шөмішбай деген үлкен кісінің аты сияқты, «саған Шалқар деген есім қатты жарасады» деп, солай атап кеткен екен. Уақыт өте келе, Шөкеңнің Шалқар деген есімі өзінің әдеби псевдониміне айналды. Мен де сол танысқан сәттен бастап оны Шалқар деп кеттім.
Шөкеңнің берген кітабы өте мұқият оқылған, әр жері қаламсаппен түртілген, кейбір жерінің асты сызылған екен. Кітапты оқып болып, дос қыз екеуміз оны жігітке қайтарайық деп, айтқан мекенжай бойынша жатақханаға бардық. Сол жолы Шөкең мені үйге шығарып салды. Екеуміздің таныстығымыз жалғасып, жеті айдан кейін шаңырақ көтердік.
– Сіздердің таныстықтарыңызға себепкер болған Оралхан Бөкейдің кітабы екен ғой.
– Мен үнемі Оралханның алдында басымды ием. Біздің тағдырымыздың тоғысуына да оның ықпалы болғанын айтып жүремін. Шөмішбайдың қолында Оралханның кітабы болды. Сол кітап бізді таныстырды. Тағы бір қызығы – біз кейін 41 елге сапар шегіппіз. Оның да бастауында Оралхан тұр. Сочидің маңында Пицунда деген демалыс орны бар. Орекең сол жерге Айман екеуі жолдама алып қойған екен. Бірақ Айманның бір туысы қайтыс болып, бара алмай қалады. Жазушы Сәбит Досанов сол кездері Жазушылар одағында Бюро пропаганданың директоры болған. Сол кісі Шөмішбайға: «Мына жолдама бос қалып қоятын болды. Бір адамға тегін, екіншісіне 50 пайыз ғана төлеу керек», – деп ұсынады. Шөмішбай да көп ойланбай келіседі. Осылайша, біздің шетелге алғаш сапарымыз басталған еді. Сол сапардан кейін саяхатқа деген қызығушылығымыз артып, әлемнің түрлі елін бірге аралауға тырыстық. Қай елде қандай курорт бар, қандай көрікті жерлер бар – бәрін бірге көріп, жаңа әсерлер жинауға ұмтылдық.
– Отбасын құрған соң бірден жұмысқа шығып кеттіңіз бе?
– Байланыс саласына жұмысқа орналасуымның да өзіне тән қызық тарихы бар. Сол кезде Сара Мыңжасарова деген апаларың болды. Ол кісі министрліктегі жазылым бөлімінде қызмет атқаратын. Өзі ер мінезді, өжет, өте мығым адам еді. Бірде жігіттерге: «Қазақ ССР министрлігінде жалғыз министр ғана қазақ, қалғанының бәрі орыс. Сондықтан әйелдеріңді жіберіңдер, жұмысқа аламын» деген екен. Содан қатар жүрген жігіттердің бәрі келіншегін жіберіпті. Сара апай – алғаш роман жазған қазақ әйелі. Бір күні Шөмішбай маған: «Ол кісінің мінезі ерекше, кез келген адамды жақтыра бермейді. Сен барып көрші», – деді.
Ол кезде жеті айлық балам бар. «Баланы тастап, қалай барамын?» – дедім. Сонда ол: «Алса – алар, алмаса – үйде отыра бересің ғой», – деді. Сөйтіп, 21 жасымда Сара апайдың алдына бардым. Ол кісі мені көрді де, еш ойланбастан: «Сені жұмысқа аламын», – деді. Осылайша, тұңғышымызды ауылға қалдыруға тура келді. Бірақ бөлім бастығы бірден: «Бізде екі ай сайын іссапар болады. Соған келіссеңіз ғана жұмысқа аламын», – деді.
Содан кейін Сара апайдың өзіне кіріп едім, ол кісі: «Сенің жеті айлық балаң бар. Заң бойынша бала 12 жасқа толғанға дейін анасын іссапарға жібермеуге болады. Сені ешкім күштеп жіберейін деп жатқан жоқ», – деді.
Солайша, байланыс саласындағы еңбек жолым басталып, жұмысқа кірісіп кеттім.
Өлең – жан дүниенің толқынысынан туған сыр
– Шөмішбай аға әдеби ортаға ерте ілікті. Алғаш Ленинградта өткен форумға қатысқанын білеміз.
– Әдебиеттің үлкен аға буын өкілдері, өлең шеберлері Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Сағи Жиенбаев Шөмішбайдың творчествосы туралы пікірлерінде ақынның әлеуметтік кең тыныстағы толғауларына жылы лебіз білдірді. Ленинград қаласында өткен «Қазақ әдебиетінің күндеріне» үлкен классик ақындар Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, сыншы Мұхамеджан Қаратаев секілді алып тұлғалармен сол кездегі жас ақындардың ішінен Шөмішбай мен проза саласында жазып жүрген жас жазушы Роллан Сейсенбаевтың қатысуы кездейсоқ емес деп ойлаймын.
Кейін Шерхан аға Мұртаза Шөмішбайды Мәскеуде өткен жас ақындардың форумына алып кетті. Жарасқан Әбдіраш, Ибрагим Иса және Шөмішбай. Оның жалынды жырлары, отты өлеңдері оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Әдеби орта да Шөкеңді бірден бағалап, топқа қосып жіберді. Әдеби форумдарға да алғаш іліккені де сондықтан болар.

Оқуды бітірген соң бірден «Қазақстан» баспасының «Марксизм-ленинизм классиктері» бөліміне редактор болып қабылданды. Екі жылдан кейін жазушы ағасы Шерхан Мұртазаның шақыруымен «Жұлдыз» журналының «Сын және библиография» бөліміне ауысты. Осы кезеңдерде Шөкең әдебиет сынымен айналысып, «Тура би Туғансызов», «Әділ сын, Жұлдыз ұлы» атты мақалалар жазып, сыни трибунаны жүргізді. Кейін ұзақ жылдар бойы «Жұлдыз» журналының «Поэзия» бөлімін басқарды. Соңғы отыз жылдың көлемінде, өмірінің соңғы жылдарына дейін Ұлттық Ғылым академиясының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, қазақ әдебиетінің дамуына үлесін қосты.
– Ақынның шабыты келген уақытта өлең жазатыны белгілі. Өлең жазуға белгілі бір себеп бола ма, әлде шабыт қысса, жаза бере ме?
– Ақын үшін өлең – тек сөз тізбегі емес, жан дүниенің толқынысынан туған сыр. Кейде белгілі бір оқиға, адам тағдыры, қоғамдағы құбылыс немесе жүректі қозғаған бір сәт өлеңге себеп болады. Ал кейде ақынның жан дүниесін белгісіз бір сезім тербеп, ойы мен көңілі арнасынан асып, шабыттың өзі өлең болып төгіледі. Мұндайда ақын арнайы себеп іздеп отырмайды – ішкі толғаныс қағазға өзінен-өзі түседі. Сондықтан өлең кейде өмірдегі нақты жағдайдан туса, кейде жүректің тереңіндегі сезім мен шабыттың әсерінен дүниеге келеді. Ақынның шабыты қысқан кезде ол кісінің мазасын алмауға тырыстық. Қандай өлең жазса да, сезімнің, ішкі толғаныстың жемісі.
– Сіздің буын пәтер тапшылығын көп көрді. Бұл тапшылық сіздердің де бастан өткен шығар.
– Біз де сол пәтер тапшылығын көп көрдік. Бес жылдай пәтер жалдап тұрдық. Ол кезде шығармашылық адамдары үшін баспана мәселесі оңай болған жоқ. Біздің тұрған үйдің маңында Оралхан да, Жарасқан да тұратын. Олар да біз сияқты пәтер жалдап жүрген. Жарасқанның жары Нәзік бірде мебель сатып алыпты. Содан Жарасқан көшсе болды, бәріміз жиналып, әлгі мебельдерді көтеріп, жаңа пәтерге тасып жүретінбіз. Ол кездері бір-бірімізге көмектесу – қалыпты жағдай еді. Біреу көшсе, бәріміз барып қолғабыс жасаймыз. Жалдамалы пәтерде тұрғанымызбен, үйіміз қонақтан арылмайтын. Бір бөлмелі үй болса да, достар да, туыстар да жиі келетін. Әңгіме-дүкен құрып, шай ішіп, түнге дейін отырып қалатын кез көп болатын. Кейде бір бөлмеде бірнеше адам түнеп шығатынбыз. Бірақ соған ешкім ренжімейтін, бәрі бір-біріне жақын, көңілдері кең еді. Қазір ойласам, сол жылдардың қиындығымен бірге ерекше жылылығы да болды. Жоқшылық болса да, адамдардың арасы жақын, пейілі кең еді. Бір-бірімізге сүйеу болып, сол кезеңнен бірге өттік.
– Ең жақын араласқан достары кім еді?
– Шығармашылық адамдардың көбі бірге жүреді ғой. Шөкең араласқан адамдар өте көп. Жарасқан екеуі қатар жүрді. Курстастары – Смағұл Елубаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Дәулет Сейсенұлымен жақсы жос болды. Сосын композиторлар – Сейдолла Бәйтереков, Мұрат Құсайынов, Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджановпен жақын араласты.
– Шығармашылық адамдарына тән бір қызық мінез болады ғой. Шөмішбай ағаның болмысы қандай еді?
– Ақын адам бала сияқты болады, ботам. Мен де ол кісіні еркелетіп ұстадым. Сәл нәрсеге ренжіп қалады, сәл нәрсеге мұңайып қалады. Еш уақытта көңіліне кірбің түсірмеуге тырыстым. Біз дүние жиған жоқпыз, тапқан-таянғанымызды ел көруге, жер көруге жұмсадық. Қайда барсақ та, бірге жүрдік. Әлемнің қаншама елін бірге тамашаладық.
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары нарықтық дағдарыс басталды. Ақша жоқ, қаламақы тағы жоқ. Сол қиындықтан қалай өттіңіздер?
– 1991 жылы біз Самал мөлтек ауданынан пәтер алған едік. Жазушы достары әзілдеп: «Жазушылардың ішінде пәтерді ең соңғы алған – Шөмішбай» деп күлетін. Бірақ сол шаңырақ біз үшін нағыз құтты үй болды. Сол үйде балаларымыз өсіп, ер жетіп, кейін немерелеріміз дүниеге келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Нарықтық кезең басталып, көпшіліктің тұрмысы қиындады. Ақша тапшы, қаламақы сирек төленетін уақыттар болды. Дегенмен қандай қиындық болса да, отбасының берекесі мен бірлігі бәрінен биік тұрды. Сол шаңырақ бізге үміт пен күш берді. Бүгінге дейін сол шаңырақта тұрып келемін, қазір де немерелеріммен бірге сол үйде өмір сүріп жатырмын.
– Кітаптары шыққан кезде бірінші қолтаңба жазып, сізге ұсынатын ба еді?
– Кітабы шыға салысымен, қолтаңба жазып, анасына апарып беретін. Одан кейін маған ұсынады. Анасы дүниеден өткеннен кейін бірінші қолтаңбасын маған жазып беретін болды.
– Ақынның анасының портреті «Анаға құрмет» музейіне қойылған екен.
– Тұңғыш ұлым Бақытжан біраз жыл әкеміз бен анамыздың қолында өсті. Ол кезде бала болған соң, бізге үйренісуі оңай болған жоқ. Жеті жасында үйімізге келгенде, бізді атымызбен атайтын, ал енемді «мама» дейтін. Бірте-бірте бауыр басты ғой.
Шөмішбайдың анасы көп баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеген, «Алтын алқа» иегері болған аяулы ана еді. Өте еңбекқор, сабырлы, мейірімді жан болатын. Балаларына ғана емес, айналасына да қамқор болып, үлкен жүректі ана ретінде көпке үлгі болды.
Қарасай ауданында «Анаға құрмет» атты ерекше музей бар. Бұл музей аналардың қадір-қасиетін дәріптеп, олардың өмір жолын, еңбегін насихаттауға арналған. Музейдің көрмелері тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де көрсетіліп жүр. Сол музейге Шөкеңнің анасының портретін беруді жөн көрдім. Арнайы комиссия қарап, қабылдап алды. Мен үшін бұл үлкен құрмет деп ойлаймын. Себебі ол кісі тек біздің отбасымыздың ғана емес, қазақтың ардақты аналарының бірі еді. Оның бейнесі сол музейде тұруы – аналардың еңбегіне көрсетілген құрметтің бір белгісі.
Ән-өлең мәтін жазудың шеберіне айналды
– Ақын Ғафу Қайырбеков Шөмішбайды «Қос қанатты» ақын деп бағалаған екен. Біріншісі – лирикалық жырлары болса, екіншісі – ән-өлеңдері. Шөмішбай ақын қанша әнге өлең жазды?
– Шөмішбай Сариев – қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол 300-ге жуық әннің сөзін жазған. Қызығы, Шөкең ән мәтіндерін жазуды елу жастан асқаннан кейін ғана бастаған. Соған қарамастан, аз уақыттың ішінде қазақ әдебиетіндегі ән-өлең мәтінін жазудың шеберіне айналды. Бүгінде оның сөзін жазған әндерімен тұтас бір ұрпақ өсіп шықты, көптеген туындысы халықтың сүйікті әндеріне айналды.
Бірде ол Композиторлар одағына барған кезде алғаш рет композитор Кеңес Дүйсекеевпен жолығады. Сонда Кеңес: «Мен композитормын, маған бір әннің мәтінін беріңізші», – деп өтініш білдіреді. Кейін белгілі болғандай, Кеңес Дүйсекеев біздің үйдің жанындағы ауруханада жатқан екен. Шөмішбай оған жиі барып, екеуі ұзақ әңгімелесіп, сырласатын. Сол кездесулердің бірінде Шөкең «Еркеледің сен» әнінің мәтінін жазып, композиторға береді.
Бір күні барғанында Кеңестің әлгі әнді ыңылдап айтып отырғанын естиді. Әннің әуені мен мәтіні үйлесім тауып, Шөмішбайдың өзіне де қатты ұнайды. Осыдан кейін ол ән мәтіндерін көбірек жазуға ден қоя бастайды. Сөйтіп, Шөмішбай Сариев пен Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық бірлестігі осылай бастау алады.
Олардың бірлесіп жазған әндері тыңдарманның көңілінен шығып, халық арасында кең тарай бастайды. Осыдан кейін өзге композиторлар да Шөкеңмен жұмыс істеуге қызығушылық танытты. Ақын Төлеген Мұхамеджановпен де бірқатар сәтті әндер дүниеге әкелді. Сейдолла Бәйтерековпен шығармашылық тандемі де жемісті болды. Сонымен қатар Мұрат Құсайыновтың әндеріне де сөз жазды.

Жалпы, Шөмішбай Сариевпен бірге жұмыс істемеген композитор кемде-кем деуге болады. Мәселен, Гүлнәр Дәукенованың «Сағындым, сағым жылдар», «Қайран уақыт» әндерінің мәтінін де Шөкең жазған. Осылайша, ақынның сөзіне жазылған әндер қазақ музыкасының алтын қорынан орын алды.
– «Атамекен» қалай жазылды?
– Шөкең жазған «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «Домбыра», «Боз жорға», «Сарыарқа», «Қарағым-ай», «Ғашықтар жыры», «Еркеледің сен», «Аралдан ұшқан аққулар», «Ойлайсың ба, сен» әндері қазақтың майталман әншілерінің берік репертуарына енді. Қазақтың белгілі жазушысы, әдебиет зерттеушісі, профессор Зейнолла Қабдолов: «Әннің өміршең болуы, халық сүйіп айтатын әніне айналуы, ол тек әннің мәтініне байланысты, мәтіні жақсы ән ғана өміршең болады», – деп Шөмішбайдың әндерге жазған мәтіні туралы ұстаз ағасы осындай баға берді.
Шөмішбай Сариевтің әндері уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа буынға қайта жол тартып келеді. Бүгінде оның сөзін жазған көптеген әнді әншілер қайта орындап, тыңдарманға жаңаша таныстырып жүр. Мәселен, «Серілер» тобы «Боз жорға» әнін айтып, халықтың ықыласына бөленіп келеді. Ал Роза Рымбаева орындаған «Атамекен» әні – қазақ музыкасының алтын қорына енген туындылардың бірі. Бұл ән Розаның шығармашылық төлқұжатына айналған десек, артық айтқандық емес.
Жақында Роза Рымбаеваның шығармашылық кешінде әнші Жұбаныш Жексенұлы осы «Атамекен» әнін орындады. Оның орындауындағы әсер ерекше болды. Әннің мазмұны мен әуені тыңдарманның жүрегіне жетіп, залды ерекше күйге бөлегендей әсер қалдырды. «Атамекен» әнінің шығу тарихы да қызық. Бір күні композитор Жанбота Тұяқбаев Шөмішбай ағасына келіп, жаңа әнге мәтін жазып беруін сұрайды. Ән махаббат туралы болуы керек деген өтініш айтады. Бұған дейін ол осы әуенді Тұманбай Молдағалиев пен Мұхтар Шахановқа да апарып көрген екен, бірақ олар мәтін жазбаған. Жанбота Тұяқбаев, негізінен, орыс тілінде білім алғандықтан, бәлкім, ойын толық жеткізе алмаған болуы мүмкін. Сол кезде Шөмішбай әуенді тыңдап отырып, оған махаббат жайлы емес, туған жер туралы ән жазған дұрыс деп шешеді. Сөйтіп, жүректен шыққан «Атамекен» әнінің мәтіні дүниеге келеді.
«Дүниені жалт қаратсам деп едім»
– Шөмішбай ағаның ақын ретіндегі рөлі белгілі, әке ретіндегі рөлі қандай еді?
– Әке ретінде Шөмішбай өте мейірімді, балажан жан еді. Немерелерін ерекше жақсы көріп, оларды «менің патшаларым» деп еркелететін. Үй ішінде де қамқор, жылы мінезді, отбасының берекесін ойлап жүретін әке болды.
Үш баласының екеуі шығармашылыққа қызығушылық танытқанымен, ол балаларын бұл жолға түсуге аса құптай қоймады. Себебі «егер жаман жазсаңдар, маған ұят болады, ал жақсы жазсаңдар, жұрт «әкесі жазып берді» деп айтады» деп әзіл-шыны аралас айтып отыратын. Сондықтан ол балаларының өз жолын, өз мамандығын тапқанын қалаған.
– Шөмішбай ағаның жолын қуған ұрпақтары бар ма?
– «Менің бар жазған жырларым, әндерім саған арналады» дейтін. Шөкең екеуміз 50 жыл бірге болдық. Мәнді де, мазмұнды ғұмыр кештік. Үш ұрпақ сүйдік. Үлкен ұлымыз – Бақытжан, ортаншы қызымыз – Шолпан, кенже ұлымыз – Байсал. Өсірген ұл-қыздан сегіз немере көрдік. Шөкең өте бауырмал адам. Әкесі Нағашыбай атамыз ерте қайтыс болған соң, іні-қарындастары өзінің қамқорлығында болды. Оларды оқытып, үйлендіріп, үлкен өмір жолына салды. Оның адамгершілігі мен жасаған жақсылықтары барлық туған-туысының ортасында сыйластыққа бөледі. Оның бауырларының балалары мені «мама» деп, Шөкеңді көкелеп өтті. Біздің оларға деген алғысымыз шексіз.
– Ақынның құрметіне ескерткіш тақта, көше аттары берілді ме?
– Шөкең өмірден озғаннан кейін екінші ғұмыры басталды деп ойлаймын. Алматыда біз тұрып жатқан үйде ақынның құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Кеңсайда басы көтерілді. Қызылорда қаласында Облыстық өлкетану музейінде Шөкеңе арналған бұрыш ашылып, онда ақынның кітаптары мен ол қолданған машинкасы, зерделі шапаны, басқа да құнды заттары қойылды, Қызылорда қаласында үлкен жол жиегіне бильборды ілінді, өзі туып-өскен Қызылорда облысы Арал қаласында ақын Шөмішбай Сариевтің туған күніне орай «Халқымның жүрегіне жыр жазамын» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Астана қаласында республикалық Ұлттық академиялық кітапханада «Қос қанатты ақын – Шөмішбай Сариевтің шығармашылық залы» ашылды. Алматы қаласының архивінде «Дүниені жалт қаратсам деп едім» атты көрме бұрышы ашылып, оған да Шөкеңнің барлық құнды құжаты қойылды. «Сыр елінің тұлғалары» атты сериямен телехабар түсіріліп, «Атамұра» баспасынан «Жүрегім – қазақ елі», «Теңізден соққан жел» атты жыр жинақтары басылып шықты. «Дәуір» баспасынан «Қос қанатты ақын Шөмішбай Сариев» деген атпен фотоальбомы жарыққа шықты. Жақында 2026 жылдың 19-20 қаңтар аралығында Қызылорда қаласында өткен 5-ші Ұлттық құрылтай кезеңінде 19 қаңтар күні «Атамекен-ай» атты шығармашылық кеші болып өтті. Осындай айтулы іс-шараларды ұйымдастырып, ақынның шығармашылығына құрмет көрсетіп жүрген бірқатар азаматқа, Сыр елінің халқына басымды иіп, ризашылығымды білдіремін.
Шөмішбай ақынмен қол ұстасып өткен жарты ғасырлық өмір жолыма, онымен қызықты да мәнді өткізген ғұмырыма, бірге қол ұстасып жүрген кездеріме, оның мұңайған шақтарында жанынан табылып, шығармашылығына демеу болғаныма, әдебиеттегі үлкен ағаларына, оның көп достарына қызмет жасағаныма, жанынан тастамай мен көрген қызықты, сен де көр деп, бірге жүріп көрген алыс-жақын шетелдергі сапарыма – бәріне-бәріне ризамын. Жаның жәннатта болсын! Ұрпағыңды желеп-жебеп жатқайсың.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Аман жүріңіз!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС