19 наурыздан бастап Қазақстанда азаматтардың банктік шоттарындағы ақшасына жылына 1 пайызға дейін сыйақы есептеле бастайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz NG сілтеме жасап.
Негізі соңғы жеті жыл бойы мұндай тәжірибеге тыйым салынған болатын. Дегенмен, 19 наурыз күні Қазақстанда «Банктер және банк қызметі туралы» заң және оған ілеспе түзетулер күшіне енеді. Дәлірек айтсақ, Азаматтық кодекске енгізілген түзету осыған дейін банктік шоттардағы ақшаға сыйақы есептеуге қойылған тыйымды жоққа шығарып отыр. Алайда сыйақының мөлшері жылына 1 пайыздан аспауы керек екен.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Пайыз есепшотта жатқан ақшаға есептеледі. Яғни, банк есепшотыңызда қанша ақша жатқанына қарай шағын пайызды есептейді. Мысалы, егер шотта 100 мың теңге болса, жылдық мөлшерлемені 1 пайызбен есептегенде бір жылда шамамен 1 мың теңге түседі. Ал егер шоттағы ақша белгілі бір уақытта алынатын немесе керісінше толықтырылатын болса, пайыз қайта есептеледі. Яғни, пайыз нақты шотта тұрған сомаға ғана есептеледі.
Айта кетейік, Қазақстанда банктік шоттардағы ақшаға сыйақы есептеуге 1999 жылдан бастап рұқсат берілген болатын. Бұл Азаматтық кодекстің бұрынғы редакциясында бекітілген. Алайда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ережелер өзгеріп, оған тыйым салынған болатын. Бірақ 16 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы жаңа заңға және оған қатысты түзетулерге қол қойды. Онда банктік лицензиялардың жаңа түрлерін енгізу, цифрлық қаржылық активтерді реттеу, банктік операциялардың мүмкіндіктерін кеңейту және банктердің қызметін бақылау, сондай-ақ клиенттердің құқығын қорғау күшейтілді.