Әйел заты – өмірлік серігі үшін туған жерін қиып, қияға қанат қағатын нәзік жан. Алайда біздің айтпағымыз бұл емес, жазықсыз жазаға кесіліп, «ит өлген жерге» айдалған ерлерінің соңынан іздеп барып, Сібірдің сүйек қаритын суығы мен адам айтқысыз азабын бірге кешкен қазақ әйелдерінің ерен ерлігі жайлы.
Отқа оранған орамал
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
111
оқылды

Айдаудың ауыртпалығын бірге бөліскен әйелдердің ерлікке бергісіз іс-әрекеттерін әлі күнге дейін айтамыз. Олардың қатарында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы, Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамал Досымбекова, Хамза Есенжановтың жары София Жақияқызы сынды тағы бірқатар арулардың есімі аталады. Олар жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамалған күйеуінің жоқтаушысы, жанашыры бола білді.

Жастыққа жасырылған жырлар

Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы: «1937 жылы Мағжанды ұстап алып кетердің алдында, үйде еді. Мен пельмен жасап жатыр едім. Ол риза болып әңгіме айтып, қасымда отырған. Бір кезде екі адам келіп, сол пельменді жегізбей алып кетті ғой. Содан кейін Мағжанды тани­тын­дар, Мағжанды үйіне қондырғандар, Мағ­жанның өлеңін оқығандардың бәрін шеті­нен ұстай берді. Мағжанның кітабының бәрін кәмпеске жасады. Енді қазақ Мағ­жан­ды көрмейтін шығар деп ойладым», – дейді бір естелігінде. Сөйтіп, қолда бар қол­жазбаларын жинап, төсектің астына, жастықтың ішіне, матрац­тың ішіне тығып сақтаған екен. Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев туралы ең алғашқы «Мағжан» деректі фильмінің режиссері Зылиха апай­дың оны Сосновецкі­г­е дейін іздеп барғанын айтады.

«Мағжан – үш рет сотталған адам. 1929 жылы ұсталғаннан кейін, ол Беломор­ка­налға, Медвежьегорск деген жерге түседі. Одан 50-60 шақырым жерде, Сосновецкіде Міржақып Дулатов болды. Міржақып Дулатовты әйелі Ғайнижамал іздеп барған. Ал Мағжанға Зылиха апамыз барған. «1922 жылы Мағжан Омбыдан оралғаннан кейін дәм-тұзымыз жарасып, қосылдық. Сол кездері бізден бақытты жан жоқ еді. Бірақ бақытымыз баянды болмады. Мағжан 1926 жылы ұсталып, он жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қияндағы Карелия ор­мандарында өтейтін болды», – деген Зыли­ха шешей алғашқы сұхбаттарының бірінде. Бұл Жұмабаевтар отбасына келген қасірет­тің басы ғана екен», – деген Қ.Омар бір сұхбатында. Ол қасірет Мағжанның екі ағасы – Әбәммүсілім мен Қаһарман тұт­қын­далуымен жалғасқан. Осындай қаралы күндер туғанда, Мағжанды іздеген, «Сусын беріп, жастық қойып басына. Маңдайынан сипай сүйіп жұбатқан» жалғыз адам – Зылиха.

Дереккөздерде Зылиха Құрманбайқызы Мағжанды іздеп Ленинградқа бір емес, бірнеше рет барғаны айтылады. Соның бір мысалы, Ж. Бектұровтың «Бес арыс» кіта­бында: «Зылиха байғұс теңізден өтіп, нелер батпақ, тоң жерді белшесінен кешіп, Мағ­жанға талай рет барыпты. Тамақ апарып тұрған. Саясатты, ертеңгі тағдырды көп ой­ла­май, көзжұмбаймен асқан ерлікке, жан­ын шүберекке түйіп, өзін құрбан етуден тартынбаған, ештеңеден қорықпаған, жас­қан­баған, жары жолында жанын пида қыл­ған әйелдердің бірі Зылиха апай болған. Бұл айдаудағы Мағжанға күш, көңіліне көп демеу болған», – деп жазылады.

Сосновецке созылған соқпақ

Алаш арысы Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамал Сыздыққызы өз заманы­ның парасатты да білімді, көркіне ақылы сай аруларының бірі болды. Қыз­ыл­жар өңірінің тумасы, оқыған отбасынан шық­қан ол Міржақып Дулатұлының өмір­індегі ең қиын сәттерде айнымас тіре­гіне айнал­ды. Міржақып абақтының тар қапа­сында жатқанда, Ғайнижамал жарымен кез­десу үшін Максим Горькийдің жары Е.Пеш­кова­ға хат жазып, көмек сұрауға мәжбүр болады. Екі айдан соң келген рұқсат қағаз Ғайнижамалды алыстағы Сосновец аралы­на жетеледі. 1934 жылы ол ұлы Әлі­бек­ті ертіп, Сібірдің сұрапыл қиындығын кеш­е отырып, аралға жетеді. Дулатов өзінің ауыр жағдайын сезгендіктен, Ғайнижамалға елге қайтуға кеңес береді. 1935 жыл қайғы үстіне қайғы жамаған жыл болды. Ұлы Әлібек аурудан қайтыс болады. Сол кезде айдаудан қайтқан Ахмет Байтұрсынов Ғайнижа­малдың шаңырағына келіп: «Гая, шырағым, қайғыңа ортақпын. Мезгілсіз солған гүл үзіліп түсті... Арты тек қайырлы болсын. Қалғандардың, Міржақыптың амандығын тілейік. Ақырын сұра. Әлібектің қайтыс болғанын Міржақыпқа естіртіп, хат жаз­баң­дар. Өзі ауырып жүргенде қиналып қалар. Артымда ұл-қызым бар деп үміті үзілмей жүрсін» деп жүрегі қақ айырылып, көңіл айтқан екен. Бұл – екі арыстың бір-біріне деген қимастығы мен адалдығының көрінісі еді.

Көп ұзамай, сол жылдың қарашасында НКВД-дан Міржақыптың лазаретте қайтыс болғаны туралы суық хабар жетеді. Елу жылдық ғұмырының отыз жылын қуғынмен өткізген, соңғы жеті жылын тар қапаста тауысқан Міржақып дүниеден өтті. 

«Тағдырымды екі қинауға барамын»

Жиырма бес жылға «халық жауы» ретінде сотталып, бітпей қалған романының кей бөлігін қайыңның қабы­ғына жазған, кейін сол романы үшін Мем­лекеттік сый­лық алған тағдырлы жазушы болса, ол – Хамза Есенжанов. ХХ ғасырдың 20-жыл­дары­нан басталып, 30-50-жылдары жал­ға­сын тапқан сталиндік-голощекиндік зобалаң қазақтың абзал азаматтарының басына қара бұлт үйірді. Оның қасіреті Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Мұха­меджан Қаратаев сынды тұлғаларды «халық жауы» ретінде әртүрлі мерзімге соттады. 1938 жылы 19 наурызда Есенжанов ұстал­ғанда София мен Тайыр Жароковтың жары Мүнира базардан ет сатып алып пісіріп, бірге түрмеге іздеп барыпты. 

Тарих ғылымдарының кандидаты Дәм­ет­кен Досмұханқызы сонау Сібірге жер аударылған күйеуін іздеп барған София Жақияқызы туралы мұрағаттық деректер мен естеліктерге сүйене отырып, оның ер­лікке бергісіз жанкештілігін баяндап берді.

«1948 жылы ерте босатылған деген желеумен Хамза қайта ұсталып, Теміртауға жер аударылды. Бірақ онда да көп ұстамай, бір жылдан кейін Красноярск өлкесіне жөнелтеді. Соттың шешімі «Пожизненный ссылка. Без срока», яғни өмір бойы кері қай­ту жоқ деген сөз. Осындай қатал шешім­ді қолына алған София Жақияқызы ғы­лы­ми жұмысының аяқталып қалғанына қара­мастан, қалай еткенде де сүйікті Хам­за­сы­мен бірге болуды алдына мақсат етіп қояды. Өзін Краснояр өлкесіне жұмысқа жіберуін сұрап, КСРО Денсаулық сақтау министріне өтініш хат жолдайды. 1950 жылдың 15 ақпанында Кадр басқармасы бастығының орынбасары Б.Казановтың қол қойған жауап хаты келді. Хатта дәрігер С.Тастемированы Краснояр өлкесіне жұ­мысқа ауыстыруға мүмкіндік жоқ делін­ген. Бұл шешіммен келіспеген С.Тасте­мирова КСРО прокуратурасына арызданды. Мем­лекеттік әділет басқармасының III са­нат­ты кеңесшісі А.Торапов қол қойған жауап хат алдыңғы жауапты заңды деп тауып, өз күшінде қалдырды», – дейді ол.

Тарихшының айтуынша, осының бәрін әділетсіз деп есептеген София Жақияқызы өз шешімімен әуелі Теміртауға келіп, содан соң Краснояр өлкесіне, сүйген жары Хам­заның соңынан кетеді. Осындай қиын тағ­дырлы тұлға София Жақияқызы бір есте­лігінде «Тағдырды екі қинауға жарамайды» деп жатады ғой. Егер Хамзекемнің босқа кеткен он жеті жылын қайтарып беретін болса, мен тағдырымды екі қинауға бара­мын» деп жазған екен. Ол 1954 жылы 25 наурызда өткен Бирилюкси аудандық меди­цина қызметкерлерінің конфе­рен­циясына делегат болып қатысты. Сол жылы 23 шілде – 1 тамыз аралығында Красноярск қаласында өткен Өлкелік ауыл дәрігер­лерінің съезіне де делегат болды. Бұдан қазақ әйелінің өз еркімен «айдауда» жүріп сүйген адамынан да, сүйген мамандығынан да қол үзбегенін аңғарамыз. Жергілікті тұр­ғындар мен саяси тұтқындардың арасында білгірлігі мен үлкен адами қасиетінің арқа­сында үлкен беделге ие болды. 

Барлық қиындықты бөлісе білген зайы­бы София апамыздың төзімділігі де­меу жолдасына тірек болып, шығармашылық құштарлығын жоғалтқан жоқ. Өлкетанушы Сайлау Сүлейменов бұл туралы былай дейді:

«Оның түрмеде отырып, айдауда жүріп атақты «Ақ Жайық» романы бастауында да өмірге сондай үлкен сезімнің, соған сай таусылмас күш-қуаттың жемісі болса керек. Жалпы, әйел бақыты деген София Жақия­қызының түсінігінде – жақсы жар, тәрбиелі бала өсіру, бақытты отбасының ұйытқысы болу. София Жақияқызы құдай қосқан қосағының адами қасиетін сағынышпен еске ала отырып, Хамза Есжановтың мінезі туралы: «Ол ерекше кеңпейіл, кішіпейіл, қарапайымдылық пен асқан еңбекқорлық ұштасып жататын. Ол өзі жаныдай жақсы көрген ана тілін байыту, оны қадірлеу – әр жазушының, жалпы барша қазақтың боры­шы екенін қадап айтатын» деп, оқырман­дармен кездескенде жиі айтатын».

Айдаудағы адалдықтың бейнесі

1932 жылдың қазан айында Мұхамеджан Тынышбаев Воронежге, кейін Россошь қаласына жер аударуға үкім шығарылады. Айдауға кеткен ерінің артынан емшектегі баласын алып барған Әмина қиын-қыстау жылдарды күйеуімен бірге көріп жанына жалау болған. Мұхамеджанмен үндес келе­тін асқақ болмысты аңғарамыз. М.Ты­ныш­баевтың ұлы Дәулет Мұхамеджанұлы бұл кезең әлі күнге есінде сақталғанын «Әке туралы естеліктер» жинағында:

«Әкемді бес жылға Воронежге жер аударуға үкім шығарды. Әкем айдалған жерге анам мені ертіп келді. Жер аударылған кездегі кейбір көріністер есімде сақталып қалыпты. Инженер-әкемнің үйге әкелетін сызбалары – көкқағаздар мен басқа да ұсақ-түйек заттары есімде. Бізде Ескендір түсірген сол кезеңнің әуесқой фотосуреттері сақталған. Ескендірдің бізге және анама деген өмір бойы сақталған жақсы қарым-қатынасын атап өткен жөн.

... Орта Азияның кейбір аймақтарымен байланысы бар таныстарымыз бен туыс­тарымыздың әңгімелерінен бала күнімде Алашорда, Бөкейханов, Түрксіб, тінту, тұт­қындау, 58-бап, айдау, ату жазасы деген сөз­дерді жиі еститінмін...», – деп еске алады.

Мұхамеджан Тынышпаев екінші мәрте тұтқындалған соң, қуғын-сүр­гін­нің аяқ­талмайтынын түсінген Мұха­меджан Ты­ныш­баев әйелі мен ұлын Әмина Шейх-Әли­дің Уфадағы туыстарына жібер­е­ді. Өмі­рінің қалған бөлігін жалғыз перзен­тінің тәрбиесіне арнаған бұл қайсар құмық қызы­ның рухы тым асқақ еді. Сөйтіп, Мұха­меджан Тынышбаев Батыс Қазақстан ар­қылы Ташкентте тұратын үлкен қызы Фата­над-Бануге келеді. Мұнда да көп тоқтамай, бірден Қандыағаш–Гурьев темір­жолының құрылысына жұмысқа орнала­сады. Алайда денсаулығы күрт нашарлап, Ташкентке оралуға мәжбүр болады. Ақыр­ын­да оны 1937 жылы 21 сәуірде Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқындайды. Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш инже­нер өзі секілді қуғанға ұшыра­ған тағдыр­ластарымен бірге 1937–1938 жыл­дары жүзеге асырылған «үлкен террор­дың» құр­ба­ны болып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесіледі.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ