Жиында бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау, инновациялық кабельсіз технологияларды қолдану арқылы белсенді және пассивті сейсмиканы дамыту, сондай-ақ деректерді терең өңдеудің заманауи әдістерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сәтбаев университеті Норвегиямен бірлесіп кабельсіз сейсмикалық барлау жобасын дамытуда
484
оқылды

Қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде көмірсутек пен қатты пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу және барлау жұмыстары жаңа сапалық кезеңге көтерілуде. Соның ішінде сейсмикалық барлау саласында жаңа буын технологияларына көшу үдерісі қарқын алды. Әсіресе, кабельсіз, яғни кабельсіз сейсмикалық деректерді тіркеу жүйелеріне деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Мұндай заманауи шешімдер далалық жұмыстардың тиімділігін арттырып қана қоймай, жабдықтарды икемді орналастыруға мүмкіндік береді және алынатын геофизикалық ақпараттың сапасын едәуір жақсартады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстан да бұл жаһандық технологиялық үрдістен шет қалмай, сейсмикалық барлау ісіне озық цифрлық шешімдерді енгізу бағытында жүйелі қадамдар жасап келеді. Елімізде кабельсіз тіркеу жүйелерін қолдану бойынша табысты тәжірибе қалыптасып, өндірістік жобалар аясында оң нәтижелер көрсетілуде.

Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген ғылым мен білімді дамыту саясатының нақты көрінісі деуге болады. Президент өз Жолдауларында экономиканы әртараптандыру, ғылымды өндіріспен ықпалдастыру және жоғары технологияларды кеңінен енгізу – ел дамуының стратегиялық басымдығы екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Ғылымға негізделген өндіріс қана ұзақмерзімді әрі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ететіні айқын.

Осы аптада Норвегия Корольдігінің Аскер қаласында (Осло қаласының маңында) Ұлыбританияның STRYDE компаниясы, қазақстандық Samga Petroleum компаниясы және Сәтбаев университеті  өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Келіссөздер өзара сенімге негізделген, сындарлы әрі іскерлік ахуалда өрбіді.

Сәтбаев университеті атынан кездесуге геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты Геофизика және сейсмология кафедрасының өкілі  Әуез Егембердіұлы Абетов қатысты. Профессор Абетов геофизика, сейсмикалық барлау және сейсмикалық деректерді терең өңдеу салаларындағы ғылыми-зерттеулерімен танымал. Ол өз сөзінде Қазақстандағы геофизикалық зерттеулердің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына тоқталып, кабельсіз сейсмикалық технологияларды енгізудің ғылыми және өндірістік артықшылықтарын атап өтті.

Сонымен қатар профессор халықаралық серіктестік аясында бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған қолданбалы зерттеулерді кеңейту және жас ғалымдарды нақты өндірістік процестерге тарту мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, университет пен өндіріс арасындағы тығыз байланыс магистранттар мен докторанттардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, олардың ғылыми нәтижелерін практикалық ортада сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Қазақстандағы кабельсіз сейсмикалық технологияларды дамыту стратегиясы, түрлі ауқымдағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктері, технологиялық серіктестік перспективалары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар ықтимал тәуекелдер мен өзара тиімді тұстар сараланып, өндірістік жобалар шеңберінде магистранттар мен студенттерді нақты қолданбалы міндеттерді орындауға тарту мәселелері қарастырылды. Бұл ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, жас ғалымдардың зерттеуге деген қызығушылығын арттырып, олардың білімі мен тәжірибесін нақты өндірістік міндеттермен ұштастыруға жол ашатын маңызды қадам.

Жиында бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау, инновациялық кабельсіз технологияларды қолдану арқылы белсенді және пассивті сейсмиканы дамыту, сондай-ақ деректерді терең өңдеудің заманауи әдістерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Соның ішінде RTM (Reverse Time Migration) – кері уақыт бойынша миграциялау әдісі кеңінен сөз болды. Профессор Абетов RTM алгоритмінің күрделі геологиялық орта жағдайында жоғары дәлдікпен бейнелеу мүмкіндіктеріне тоқталып, бұл әдістің Қазақстандағы тұзды құрылымдар мен жарылым аймақтарын зерттеуде тиімді қолданылатынын атап өтті.

RTM алгоритмі сейсмикалық толқындардың алғашқы келу фазаларын тиімді сандық модельдеу арқылы жер қойнауының терең құрылымын жоғары дәлдікпен бейнелеуге мүмкіндік береді. Әдіс толқын теңдеуін сандық тұрғыда шешуге негізделгендіктен, күрделі толқындық үдерістерді, көп мәрте шағылуларды және үлкен түсу бұрыштарын дұрыс ескеруге жағдай жасайды. Соның нәтижесінде тұзды құрылымдар, жарылым аймақтары және еңіс қабаттар сияқты күрделі геологиялық орта жағдайында да терең нысандар сапалы фокуста көрініс тауып, геологиялық интерпретацияның сенімділігі артады.

Мұндай технологияларды енгізу ел экономикасы үшін де айрықша маңызға ие. Жер қойнауын дәлірек зерттеу кен орындарын тиімді игеруге, барлау тәуекелдерін азайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мұнай-газ және тау-кен секторларының өнімділігін арттырып, ұлттық экономиканың тұрақты өсіміне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жоғары қосылған құны бар технологиялық қызметтердің дамуына ықпал етеді.

Жалпы алғанда, бұл кездесу Қазақстандағы жоғары технологиялы сейсмикалық зерттеулерді дамытуға, халықаралық ғылыми-өндірістік ынтымақтастықты кеңейтуге, жас ғалымдарды қолдауға және ғылымның ел экономикасындағы стратегиялық рөлін күшейтуге бағытталған маңызды әрі нәтижелі қадам болды. Сәтбаев университеті  ғалымдарының, соның ішінде профессор  Әуез Егембердіұлының белсенді қатысуы отандық ғылымның халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін және жаһандық технологиялық үдерістерге толыққанды ықпалдасып отырғанын айқын көрсетті.