Бұл күн – нәзік жандылардың қоғамдағы, соның ішіндегі әскери құрылымдардағы елеулі еңбегін айшықтайтын ерекше сәт. Бүгінде Ұлттық ұланның қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген арулар аз емес. Солардың бірі – лейтенант Эльмира Жұмағалиева.
Эльмира Жақсатқызы – Сыр өңірінің перзенті, Арал топырағында дүниеге келген. Үш ағайынды. Отбасында әскери қызмет жолын таңдаған жалғыз жан. Бала күнінен жауапкершілікті серік етіп, нақты шешім қабылдай білетін қасиетімен ерекшеленген Эльмира болашақ мамандығын да саналы түрде таңдады. Осы мақсат жолында Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсіп, құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алып, грант негізінде оқуды тәмамдады. Дәлдік пен логиканы талап ететін заң саласы оның мінезіндегі табандылықпен, есепке жүйріктігімен үйлесім тапты.
Бала күнгі арманын жүрегіне жалау еткен Эльмира Жақсатқызы 2011 жылдың желтоқсанында Ұлттық ұланның қатарына қадам басты. Арман жетелеп, Астанаға келген жас маман әскери жолын тыл қызметінен бастады.
Бүгінде ол Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында мемлекеттік сатып алу жөніндегі офицер. Лейтенант шенін иеленген Эльмира Жақсатқызы Мемлекеттік сатып алу басқармасында қызмет атқарады.
Қызметтен тыс уақытта да Эльмира белсенді өмір салтын ұстанады. 6636 әскери бөлімінде полкта қызмет еткен жылдары ол спорттық және әскери дайындық шараларына белсенді қатысып отырды. Ұзақ қашықтықта жүгіру жарыстарында табандылығымен көзге түссе, атыс даярлығы кезінде ерекше дәлдігімен танылды. Ең есте қалған сәттердің бірі – оқу-жаттығу барысында алғаш рет қарумен нысана көздеген кезі. Бұл жай ғана жаттығу емес, әскери дайындықтың маңызды кезеңі болатын.
Оқу-жаттығу кезінде атыс жаттығуы басталғанда Эльмира бұл сәттің ерекше боларын күтпеген еді. Бірақ алғашқы оқтан-ақ оның нысананы дәл көздейтіні байқалды. Нәтиже жарияланған сәтте ең жоғары көрсеткіш оның еншісінде болды.
Сап алдында командирі оның атысын атап өтіп, көпшіліктің көзінше ризашылығын білдірді. Бұл жас әскери қызметші үшін үлкен сенім болды. Сол күннен бастап ұжым ішінде Эльмираны «мерген» деп атай бастады.
Бұл атау уақыт өте келе әзіл немесе бір реттік жетістіктің белгісі болып қалған жоқ. Керісінше, оның мінезіне берілген бағаға айналды. Себебі дәлдік – Эльмираның болмысына тән қасиет еді.
Атыс алаңында нысананы жаңылмай көздегендей, ол өмірде де, қызметте де мақсатынан ауытқымайды. Әскери ортада мұндай жинақылық ерекше бағаланады.
Мерген мінезді, мақсатшыл лейтенанттың жолы – бүгінгі әскери әйелдердің бейнесі. Көктем мерекесі қарсаңында оның және барша әскери қызметші арулардың еңбегі құрметке лайық.