Астанада «К.Құлажанов атындағы» Қазақ технология және бизнес университетінің қызметкерлерімен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиынға жоғары оқу орындарының басшылары, заң саласының өкілдері және студенттер қатысты. Кездесуді университеттің ректоры Ляззат Кемербекқызы ашып, жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінде еліміз қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Білім, ғылым, технология салалары жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, елдің заң нормалары да заман талабына сай жаңғыруы тиіс. Жаңа Конституция азаматтардың құқығы мен бостандығын одан әрі нығайтып, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге бағытталған. Бұл құжат – елдің тұрақты дамуы мен болашаққа сенімді қадам басуының кепілі», – деді ректор.

Одан кейін сөз алған Maqsut Narikbayev University-нің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Әлкенқызы жаңа Конституция жобасындағы құқықтық жаңашылдықтарға тоқталып, құжатта азаматтардың құқығын қорғау тетіктері күшейтілгенін, заң үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық берілгенін атап өтті. Ол жаңа заңның артықшылықтарын айтып, оның қоғам өміріндегі рөлін ерекше атап өтті.
«Тұран Астана» университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова білім беру жүйесі мен құқықтық реформалардың өзара байланысына тоқталды.

«Университеттер тек білім беретін орта ғана емес, азаматтық ұстаным қалыптастыратын алаң. Сондықтан конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндіру – ортақ міндет. Жаңа Конституция елдің стратегиялық дамуын айқындап, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған», – деді ол.
Сонымен қатар Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Қалиұлы Құрылтайдың Халық кеңесі ретіндегі артықшылықтарына тоқталды.
«Құрылтай – қоғам мен билік арасындағы ашық диалог алаңы. Бұл формат азаматтардың пікірін ескеруге, ұлттық мүдделерді кеңінен талқылауға және маңызды шешімдерді қоғамдық келісім негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Құрылтай халық үнін билікке жеткізетін тиімді тетікке айналды», – деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын мазмұнды әрі ашық форматта өтті.