Кейінгі уақытта кинотеатр­ларды арзанқол, айтар ойы жоқ комедиялар қаптап кетті деген сөзді ести-ести құлағымыз жауыр болғаны рас.
«Ғашықпын саған»: үнсіз айтылған сыр
122
оқылды

Бірақ жыл басы отандық кино кеңістігі үшін жақсы жаңалықпен басталды. Екі бірдей қазақ киносы миллиард теңге табыс тапты: «Құшақташы, мама» және «Ғашықпын саған». Екіншісі көрермен ықыласына ерекше бөленді. Картина жеңіл әзілге ғана иек артпай, бүгінгі жастардың ішкі күйзелісі, таңдау алдындағы толғанысы мен шынайы сезімін арқау етеді. Фильм махаббат хикаясын баяндай отырып, әлеуметтік жауапкершілік, арман мен шынайы өмір арасындағы қайшылық секілді өзекті тақырыптарды көтереді.

«Ғашықпын саған» фильмінде екі бас кейіпкері бар. Екеуі ба­қыт­ты екі түрлі нәр­седен іздейді. Ар­ман кез келген арманға қол жет­кізу үшін мақсат қоя білетін жігіт бол­са, Еңлік – бақыттың бәрі әлеу­меттік жағ­дай­дың жақсы бо­луында деп түсінген ару. Ол – ар­ман қуып, үлкен үмітпен Алматы­ға оқуға келген ауылдың қара­па­йым қызы. Әкесіз өсіп, ерте есей­ген қыздың жалғыз мұраты – ана­сы мен інісіне қол­ғабыс болып, аяққа тұру еді. От­басындағы жағ­дайдың қиын­дығы оны өз арман­дарын уақытша ке­йінге шегеріп, күнкөріс қамы­мен жұмыс іздеуге мәжбүр етеді. Сабақ пен тіршілікті қатар алып жүру оңай болмай, ақыры ол оқуын тастауға тура ке­леді. Ал Ар­ман – музыкаға асқан құштарлығы бар жас жігіт. Жеке концертін өткізуді бұрыннан ар­мандаған. Мыңдаған тағдыр то­ғыс­қан алып шаһарда Еңлік пен Арманның кездесуі екі жастың өмірін күрт өзгертеді. Олардың праг­матикалық міндеті арасын­дағы қақтығыс – бүгінгі буынның ортақ портреті.

Оқиға Алматы көшелерінде тек махаббат кейіпкерлерінің ара­сында өрбуі киноның бағытын айқындап, көрерменін жалық­тырмай, бір назарда ұстап тұруына әсер етеді. «Ғашықпын саған» – адам өмірі мен махаббатын тара­зыға салған тың туынды. Мело­дра­ма идеясы сценарист-режиссер – Думан Еркімбектікі. Мұндай оқиғалы туындыны киноға әке­луді осыдан 7-8 жыл бұрын ойға алыпты. Сүйіктісімен қос ғашық­тың махаббат хикаясын түсіру бүгіннің еншісінде екен. «Ғашық­пын саған» – продюсер Жалын Тілеубергеннің екінші киносы. Мұның алдында Qaitadan-ды түсірген. Ол үш аптаның ішінде бір миллиард табыс тапқан еді. «Ға­шықпын саған» да дәл осы уа­қытта күткен нәтижеге қол жеткізді. 

– Қазақстан тарихында 20 шақты кино миллиард теңге та­быс жинады. Оның ішінде біздің алғашқы екі фильміміз бар: «Қай­тадан» және «Ғашықпын саған». Белгілі межеге жетті, өтіп жатыр. Ол маркетингке де, фильмнің сапасына да байланысты. Ең бірінші, көрерменді кинотеатрға алып келу – қиынның қиыны. Өйткені фильмді ешкім айтпай, тек құндылықтары арқылы тар­та­мыз. Содан кейін ғана көрер­мен­нің фидбэгі басталады. Егер ма­р­ке­тингі мықты, фильм әлсіз бол­са, алғашқы аптадан-ақ көрер­мен келуін тоқтатады. Өйткені қа­зір көрерменді алдау немесе же­ңіл-желпі дүниеге сендіру өте қиын. Сондықтан қазіргі кино­өн­ді­ру­шілер ішкі мәніне де күш са­лып жатқан сияқты, – деді продюсер.

Бір қызығы, авторлар фильмге осының алдында түсірген Qaita­dan-ның кейіпкерлерін сомдаған актерлерді тартқан. Киноның жас жұлдыздарын таңдаудың да өз себебі бар. Жалын Тілеубергеннің айтуынша, екеуі де  таптаурын болып кеткен сүрлі жолдан алыс, кәсіби шебер актерлер. Олардың шынайылығын Qaitadan кино­сында байқаған. Одан бөлек, бас­ты кейіпкер Жасұлан Көпберген әншілік, композиторлық қырын фильм арқылы ашу үшін таңдал­ған. Режиссер алғашқы фильмде Шұғыла Ешеннің көп эпизодта болмағанын ескеріп, шеберлігін бағалап оған арнайы басты рөлді бекітуді шешкен. Яғни, сценарий толық жазылмай тұрып, екі ак­тер­дің таңдалуы о бастан бекітілген. 

Әуелде фильмге «Алматының біз білмейтін көшелері» деген атау таңдамақ болған. Маркетинг ті­лі­не бұл атау келмейтіндіктен, шы­ғармашылық топтың шешімімен «Ғашықпын саған» деп өзгерді.  Әдетте, махаббат жайлы фильм­нің лирикасын асыра түсетін ән­дері. Мелодрама да әдемі әнмен әрленген. Шығармашылық ұжым саундтрек пен музыка таңдау мәселесіне бей-жай қарамаған. Біраз әнді сара­лай келе желісіне сай ке­летін, тарихы ерекше әсер сыйлаған бірнеше нұсқаға тоқталған. Тіпті, Аршаттың 9 жыл сыр сан­дықта сақтаған «Ал­матым» трегі де осы тізім­ге енді. Композиторлар Ол­жас Дәлелхан мен Сұлтан Тұрсынбектің туындылары кинотеатрда шырқалмай жа­тып-ақ, әлеуметтік желілерде хитке айналып үлгерді. Әсіресе, «Жалғыз жұлдыз» бен «Гүлмен аттас қарындас» әндері бүгінде тыңдалымы ең жоғары тректердің қатарында. Авторлардың айт­уын­ша, бұл әндер фильмнің лирика­лық салмағын арттырып, кө­рер­меннің кейіпкерлермен бірге тебіренуіне мүмкіндік берді.

Продюсер Жалын Тілеубер­геннің айтуынша, әншілердің көбі кино түсіретін тенденция өте ертеден басталған. 

– «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, кино түсіруді қол­ға алған өнер адамы көп шы­ғар. Олардан да жақсы дүниелер шығып қалар. Өйткені, бәсеке бар жерде сапалы дүние шығады. Сан көп болған сайын сапаға тезірек жетеміз. Сондықтан кім не түсірсе де, оған әркімнің құқы бар деп ойлаймын, – дейді ол. 

Бас рөлдерде қазақ киносы­ның жас жұлдыздары Шұғыла Ешен мен Жасұлан Көпберген ұсыныс­ты бірден қабылдағанын айтады. «Ғашықпын саған» – екі актердің бірге түскен төртінші жобасы.

– Түсірілім жағынан ең қиын сахналардың бірі – метроның ас­тындағы оқиға. Ол кезде ауа райы да салқын болды. Ал актерлік қырымды ашатын жағына келсек, күрделі соққан сахналар да жоқ емес. Өйткені мелодрама ауыр жанр екен. Сырт көзге екі адам­ның тәтті махаббаты көрінеді. Ко­ме­дияға да түсіп көрдім, драма жанры өзіме қатты ұнайды. Бұл жерде актерлік шеберлігіңізбен сен­діруге болады. Бірақ мелодра­мада көрер­менді сендіру үшін әрбір актердің жаны таза болуы керек, – дейді актер Жасұлан Көпберген.

Шұғыла Ешен де фильмнің финалындағы сахналардың қиын болғанын айтты. Айтуынша, «Ға­шық­пын сағанның» сәтті шы­ғуы – авторлардың көрсеткен бағыты мен таңдалған шешімнің нәтижесі. «Ғашықпын саған» фильмінің басты рөліне Шұғыла Ешеннің таңдалуы тегін емес. 2025 жылы актриса «SHEKER. Соңғы мүмкіндік» фильміндегі шеберлігі үшін «Сыншылар таң­дауы» сыйлығының «Екінші план­дағы үздік әйел рөлі» номи­на­циясын жеңіп алды. Бұл мара­пат оның жас болса да, күрделі драмалық образдарды еркін игере алатын халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте растады.

Режиссер Думан Еркімбек аудиторияны жасанды иллюзия­мен алдағысы келмейді. Өмірде әр таңдаудың өз құны бар екенін, кейде дұрыс шешім қабылдау үшін ең қымбат нәрсеңнен бас тар­туға тура келетінін ашық көр­сетеді. Оқиғаның мұндай шешімі залдан шыққан көрерменнің ойын­да ұзақ уақыт жаңғырып, өзінің жеке өміріндегі шешім­де­ріне де ой жүгіртуіне түрткі бо­лады. «Ғашықпын саған» – қазақ киноиндустриясындағы сапалық секірістің айқын көрінісі. Жеңіл әзіл мен дарақы күлкіге үйренген көрерменнің мұндай терең, лири­калық мелодрамаға арнайы ба­рып, кассалық рекорд орнатуы – қоғам талғамының өскенін бай­қатады. Демек, отандық про­кат­та тек көңіл көтеретін емес, ма­ғыналы, жанға азық беретін ойлы туындылардың дәуірі басталды деп сеніммен айтуға толық негіз бар.

Фильмнің соңы дәстүрлі хэп­пи-энд тенденциясын бұзады. Кейіпкер тағдыры солай болуы керек еді және солай болған­дық­тан көрерменге ұнады. Фильм авторлары «Ғашықпын саған» – Арман мен Еңліктің арасындағы оқиға емес, ол Алматыда танысқан миллиондаған жұптың хикаясы. 

Алматы біреуге қатыгез, бі­реу­ге тәкаппар болса, енді біреуге тым мейірбан. Фильм осыны көр­сетті. Бірақ Еңлікті Алматыда алып қалған қаланың осы тылсым мі­незі емес, шаһарды жақсы кө­руге мысал келтірген Арманның 7 себе­бі де емес. Себеп сол – Ең­лік ішкі таң­­дауын дұрыс жасады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ