Маммологтың алдына бір науқас келіп отырды. Компьютерге телміріп отырған дәрігер сырқат жанға көз қиығын да салған жоқ.
Жылқыайдар неге жылайды?
77
оқылды

– Иә, айта беріңіз.

– Сізге жіберді ғой.

Дәрігер селк етті. Өйткені, оның алдына әйел  кіруі керек еді. Мына зор дауыс еркектікі ғой. Расында, оның алдында ер кісі отыр еді.

– Ағасы, мұнда біз негізінен әйел адамдарды қабылдаймыз. Сізді мұнда кім жіберді?

– Дәрігерге бәрібір емес пе? Медицинада науқасты жынысына қарап емдейтін бе еді? – деп таңғалды келуші.

– Иә, солай екен-ау. Оты­рыңыз. Мына қағазды толтырып алайын. Аты-жөніңіз?

– Тергеушілер сияқты сұрақты көлденең қояды екенсің. Алдын­дағы қағазда аты-жөнім жазулы тұр емес пе?

– Жарайды, сіз скринингтен өттіңіз. Бара беріңіз.

Науқас аң-таң қалып, дәрігер қолына ұстатқан қағазын алып келесі бөлмеге беттеді. Мұнда оны жатыр мойны обырына қарсы скринингтен өткізу үшін күтіп отырған еді.  Науқас мұнда да көп бөгелген жоқ. Дәрігер бір айна­лайын бала екен, көп бөгелген жоқ.

Жылқыайдар бүгінгі медицина жетістіктеріне қайран қалып бара жатты.  «Япырай, жатыр мойны обырымен еркектер де ауырады екен ғой. Бұл сырқатпен менің ауырмағаным қандай жақсы бол­ды», деп Жылқыбай  қуанышы қойнына сыймай бара жатты.

Бұл бүгінгі МӘМС жүйесіндегі масқаралық еді. Тексеру кезінде қосалқы қаржыландырудың сора­қы фактілері анықталды. Мәселен, жеке клиникалар бір қызмет үшін екі рет – жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтан­дыруынан және мемлекет есебінен қаржы алып келген. МӘМС саласының мықты мамандары 768 827 ер адамды әйел ауруларына қатысты (жатыр мойны обырына) скринингтен өткізген. Бұл аз десеңіз, 619 ер-азаматты мам­мо­граммадан өтті деп те тіркеп жі­берген ғой. Пациенттердің жы­ны­сына сай келмейтін мұндай тек­­серулерге 1,8 миллиард теңге жұм­салған. 

О заманда бұ заман, әлдеқашан қайтыс болып кеткен адамдарға медициналық қызмет көрсеткенін қай жерден көріп едіңіз? Бұл МӘМС-тен бе, бәрі шығады. Міне, қараңыз!  Әлдеқашан сүйегі қурап кеткен 996 адамға медицина­лық қызмет көрсетудің 3 640 оқиғасы тіркелген. Мұнан соң бүгінгі медицинаның құдіретіне таңғалмай гөр. 996 адамды көрден суырып алып тірілтіп жіберу әрі оларға қайта өлмес үшін қызмет көрсету дүниежүзі медицинасында әлі тіркелген емес. 

Бұл аз десеңіз, Астанадағы жеке клиниканың дәрігері тәу­лігіне 1 442 пациент қабылдап үлгеріпті. Тағы бір маман бір айда 4 832 адамға қызмет көрсеткен. Япырай десеңші, секунд сайын бір адамға қызмет көрсетсе де, мұндай табысқа жете алмайды емес пе? «Бояушы, бояушы дегенге суретші сақалын бояйды» дегеннің кері ғой бұл.

МӘМС-тің мәртебелі маман­дары бояушы ғана емес, сиқыршы да болғаны ғой. Сиқыршы болмаса осыншалық деңгейге қалай же­теді? 

Жылқыайдар бүгінде клиника көрсе, ойбайлап қашады. Өйткені, «бұлар келесі жолы ұстап алып мені әйелге айналдырып жібереді» деп қатты қорқады. Иә, қорқы­нышы негізсіз де емес, кім білген, маммограммадан оп-оңай өткізген мамандар тағы қандай тексеруге шақыратынын? Баяғыда о дүниеге кетіп қалған аруақтармен бірге емханаға барып тұрса, қорқы­ныштың ең зоры сол емес пе?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ