Отырыс барысында жаңа Конституция жобасында бекітілетін еңбек адамының құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Батыс Қазақстан машина жасау зауытының еңбек ұжымымен Жаңа Конституция жобасын талқылады
220
оқылды

Батыс Қазақстан машина жасау зауытының цехында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің кездесуі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиын жаңа Конституция жобасына және 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды.

Еңбек ұжымымен кездесуге  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Сергей Пономарев, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы, Комиссия мүшесі Серік Ақылбай, механикалық сынақтар жөніндегі инженер Дарина Сейсенова және кәсіпорынның маркетинг бөлімінің басшысы Роман Ставкин қатысты.

Отырыс барысында жаңа Конституция жобасында бекітілетін еңбек адамының құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аида Балаева еңбек адамы мемлекеттің басты құндылығы әрі елдің орнықты дамуының негізі екенін атап өтті.

«Еңбек адамы үшін Конституцияның мәні – абстрактілі ұғым емес, нақты әлеуметтік кепілдіктер жүйесі. Жаңа Ата Заң жобасында әрбір адамның еңбек ету құқығы, қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына ие болу құқығы, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз еңбегі үшін лайықты ақы алу құқығы нақты бекітіліп отыр. Бұл өте маңызды кепілдіктер Конституция жобасының 27-бабының 2-тармағында нақты көрсетілген. Өйткені еңбек адамына деген құрмет ұран деңгейінде қалып қоймай, құқықтық қағидаттармен қамтамасыз етілген нақты нормаға айналуы тиіс.Бұл норма – өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін мемлекет деңгейінде қорғауға бағытталған маңызды құқықтық негіз. Сонымен қатар Жаңа Ата Заңда Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде еңбексүйгіштік ұғымының енгізілуі де айрықша мәнге ие. Бұл – адал еңбек қоғам дамуының басты қозғаушы күші ретінде танылатынын білдіреді. Яғни, мемлекет дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі – еңбек адамы, оның біліктілігі, кәсібилігі мен әлеуметтік қорғалуы», – деді Аида Балаева.

Жиында Сергей Пономарев құжатты әзірлеу жұмысы кезең-кезеңімен, ашық түрде және сарапшылық алқаның қатысуымен жүргізілгенін, талқылау барысында халықтан көптеген ұсыныстар түскенін айтты. Ол цифрлық ортадағы адам құқықтарын, дербес деректерді және хат алмасу қауіпсіздігін қорғауға, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін жауапкершілікті күшейтуге және ұзақмерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздікке бағытталған құндылықтарды бекітуге қатысты жаңашылдықтарға тоқталды.

Кездесу барысында еңбек ұжымы өкілдері де өз пікірлерін білдіріп, Конституцияда азаматтар үшін нақты кепілдіктердің және еңбек адамына әділ көзқарастың маңызына тоқталды.

«Біз саясаткер де, заңгер де емеспіз. Бірақ біз – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Біздің Ата заңымыздың қандай болатыны әрқайсымызға тікелей байланысты. Біз үшін адамның өзі, оның өмірі, құқықтары мен еңбегі қағаз жүзінде ғана емес, шынайы өмірде басты құндылық болғаны маңызды. Сондай-ақ егемендік пен елдің аумақтық тұтастығы қол сұғуға болмайиын құндылықтар ретінде бекітілуі де маңызды: Елде тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім болмаса, даму да, отбасының тыныштығы да болмайды. Жаңа Конституция қарапайым адамдар үшін шынайы кепілдікке айналса деймін: адал еңбек құрметтеліп, лайықты бағаланса, жұмысшы адамның құқығы қорғалса, заң баршаға бірдей болса. Біз машиналар жасаймыз. Ал Конституция – бүкіл елдің сызбасы секілді: егер ол дұрыс әрі түсінікті болса, онда ғимарат та берік болады», – деді Роман Ставкин.

Зауыт қызметкерлері атынан Дарина Сейсенова да сөз сөйледі. Ол еңбек ұжымы үшін демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет қағидаттарының нақты өмірде – тұрақты жұмыспен қамтылу, еңбектің әділ бағалануы, қауіпсіз еңбек ортасы және болашаққа сенім арқылы көрініс табуы аса маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол бірлік пен ұлтаралық келісім туралы нормалардың құндылығын атап өтті. «Өндірісте түрлі ұлт өкілдері күн сайын иық тіресе еңбек етеді, дәл осы біріктіруші құндылықтар даму мен тұрақтылықтың негізін қалайды»,– деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша Жалпыұлттық коалиция өкілдері еңбек ұжымының сұрақтарына жауап берді. Жаңа Конституция жобасымен саналы түрде танысып, 15 наурыздағы референдумға қатысу – әлеуметтік кепілдікті нығайтуға, еңбек адамының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елдегі құқықтық қағидаттарға деген сенімді арттыруға бағытталған шешуші қадам екені сөз болды.