Қазақстандық айтыскер ақындар жаңа Конституция жобасына қолдауын жыр арқылы жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қалам мен жүрек үнін тоғыстырған шығармаларда тәуелсіздік мұраты, ұлттық құндылықтар, табиғатты қорғау, отбасының қоғамдағы орны және мемлекеттілікті нығайту идеялары кеңінен көрініс тапты.
Рухани мазмұнға бай бастамаға ақындар Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Дидар Қами, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов және Нұрлан Есенқұл қатысты. Олар поэзия тілі арқылы елдің Ата Заңын жаңартудың маңызын тереңнен толғап, оның әділетті қоғам қалыптастырудағы айрықша рөлін айқын көрсетті.
Ақын Мейірбек Сұлтанхан өз өлеңінде жаңа Конституцияны ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің берік тұғыры ретінде бейнеледі.
«Тарих көші қалмайды жолда жүйреп,
Еленеді енді өнер, енді әдебиет.
Қолдау беріп тұрған соң Ата Заңда,
Төрімізге шығады төл мәдениет», – деп жырдан өрнек өрді Мейірбек Сұлтанхан.
Өлең жолдарында Конституция Қазақстанның егемендігін қорғап қана қоймай, ұлттық мәдени мұраны сақтауға, отбасылық құндылықтарды құрметтеуге және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті бекітуге негіз болатыны айқын аңғарылады.
Ақын Дидар Қами да өз сөзінде әділеттілік пен қоғамдық бірлік тақырыбын арқау етіп, қоғам тірегі саналатын отбасы мен дәстүрдің маңызын ерекше атап өтті.
Оның жырларында Ата Заңның ұлттық болмыс пен тіл тағдырымен сабақтастығы да айқын көрініс тапты.
«Отбасы – тәрбиенің бұл мектебі,
Ата Заң құндылықты құрметтеді.
Әке менен ананың, баланың да,
Айқындалды орны мен міндеттері», – деді Дидар Қами.
Сондай-ақ ақын тәуелсіздік жылдарының тарихи мәніне тоқталып, Конституцияның ана тілінде жазылуы ел руханияты үшін айрықша маңызға ие екенін жыр жолдарымен жеткізді:
«Тәуелсіздік таңына басқалы аяқ,
Басқаны ойлап келдік тек, басқаны аяп.
Алғашқы Ата Заңымыз бұл біздердің,
Ана тілде жазылған бастан-аяқ», – деп ақын ой түйді.
Сонымен қатар Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов пен Нұрлан Есенқұл жүрекжарды жырлары арқылы тарихи сабақтастық, ұлттық мәдениет және қоғамдық бірлік тақырыптарын терең толғады. Ақындардың өлеңдерінде Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігі әрдайым Ата Заңмен қорғалатыны туралы ой өзек болды.
Қатысушылардың айтуынша, поэзия қазақ қоғамының рухани өмірінде ежелден маңызды орын алып келеді. Көркем сөз арқылы тәуелсіздік, бірлік пен рухани құндылықтар идеялары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал етіп келеді.
Ақындар жаңа Конституция елдің алдағы даму бағытын айқындайтын, мемлекеттілікті нығайтатын берік құқықтық негізге айналуы тиіс екенін жырға қосты.
Қазақстандық айтыскерлер Нұрлан Есенқұл мен Нұрбол Жауынбай жаңа Конституция жобасына қолдауын поэзия тілі арқылы білдірді.
Суырыпсалма жырларында олар халық бірлігі, ғылым мен білімнің дамуы, сондай-ақ ел болашағын айқындайтын жастардың рөлі секілді өзекті тақырыптарды арқау етті. Айтыскерлердің пайымынша, Ата Заңды жаңарту Қазақстан тәуелсіздігін нығайтып, мемлекеттің жаңа даму кезеңіне қадам басуына серпін бермек.
Ақындардың айтуынша, жаңа Конституция қоғамның басты құндылықтарын – білім мен мәдениетті, инновация мен ұлттық бірлікті бекемдеуге бағытталған.
«Мыңжылдықтар – тарихым, далам – дастан,
Бірлігің бекем болса, бағаң да асқан.
Ғылым, білім, мәдениет, инновация –
Ең басты құндылықтар санамды ашқан.
Ел болып жаңа Заңды қабылдайық,
Тілегім үлкен-кіші замандастан.
Тәуелсіз Қазақстан өркендей бер,
Қарқындап алға қарай қадам басқан», – деп жыр төкті Нұрлан Есенқұл.
Айтыскерлер ел болашағы білім мен ғылымның өркендеуімен тікелей байланысты екенін айтып, жастар қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін де ерекше атап өтті.
«Аталарым аңсаған асқақ арман,
Бейбіт күн бақытымыз басқа қонған.
Ата Заңы жаңарып мемлекеттің,
Елімде бір үлкен іс бастау алған.
Ғылымды заң жүзінде қорғайтынын,
Оқиды сол құжатты ашқан әр жан.
Қазақстан біліммен қарыштаса,
Өседі ғалым болып жастар алуан.
Ғылымың заң жүзінде қорғалса егер,
Тұғырың биік болар басқалардан», – деп ойын өлең өрімімен жеткізді Нұрбол Жауынбай.
Ақындардың сөзінше, айтыс ежелден халық өнерінің бір қыры ғана емес, қоғамның көңіл күйі мен рухани бағдарын танытатын маңызды мінбер саналады. Поэзия мен суырыпсалмалық арқылы ақындар қай кезеңде де ел болашағы, ұлттық бірлік және рухани даму мәселелерін көтеріп келеді.
Айтыскерлер жаңа Конституцияны қолдау – мемлекеттілікті нығайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған ортақ жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.