Ветеринарлар жануар иелерін егу мен қан алу кезінде қолдау көрсетуге, жаңа туған төл туралы дер кезінде хабарлауға, жануарларды міндетті түрде сәйкестендіруге және деректерді жүйеде уақытылы жаңартуға шақырады.
Алматыда ауыл шаруашылығы жануарларын тегін вакцинациялау басталды
Фото: gov.kz
133
оқылды
Алматыда эпизоотиялық ахуалды тұрақты сақтау және тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында жыл сайынғы ветеринариялық алдын алу және диагностикалық шаралар қолға алынды. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына қарасты «Алматы ветеринариялық қызметі» мамандары мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
 
2026 жылдың алғашқы тоқсанына арналған жоспарға сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарлары аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егіледі. Атап айтқанда, аусылға қарсы 1 760 бас ірі қара, 1 230 бас ұсақ мал және 120 бас шошқа вакцинациядан өтеді. Сібір жарасының алдын алу үшін 120 шошқа, 14 түйе және 26 бір тұяқты жануар егіледі. Сонымен қатар эмфизематозды карбункулға қарсы 1 120 бас ірі қара, ал нодулярлы дерматитке қарсы 1 420 бас ірі қараға вакцина салу көзделген.
 
Бұдан бөлек, жоспар аясында 1 000 бас ірі қара мен 14 түйеге туберкулезге қарсы аллергиялық тексеру жүргізіледі. Диагностикалық жұмыстар барысында 350 ірі қарадан, 150 ұсақ малдан және 200 жылқыдан бруцеллезге қарсы қан сынамалары алынады.
 
Қарсы эпизоотиялық шаралардың барлығы, оның ішінде вакцинация да, зертханалық тексерулер де мемлекеттік тапсырыс аясында жануар иелері үшін тегін жүргізіледі.
 
Ветеринар мамандары жануар иелерін егу мен қан алу кезінде қолдау көрсетуге, жаңа туған төл туралы дер кезінде хабарлауға, жануарларды міндетті түрде сәйкестендіруге және деректерді жүйеде уақытылы жаңартуға шақырады. Сондай-ақ  ауру белгілері байқалған немесе мал өлімі тіркелген жағдайда жедел хабарлау аса маңызды.
 
Жануарларды тексеру, төлді есепке қою, жеке тұтыну үшін есептен шығару, деректерді түзету және вакцинация мен диагностикалық шаралар туралы ақпаратты нақтылау үшін Tort Tulik мобильді қосымшасын жүктеу қажет.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.