Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева азаматтардың реформаның шынайы мазмұнын терең түсінуі маңызды екені туралы айтты.
Жаңа Ата Заң адам құқығы мен бостандығын басты орынға қояды – Аида Балаева
152
оқылды
Аида Балаева «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы төрағасының орынбасары ретінде әрбір азаматтың реформаның шынайы мазмұнын терең түсінуі айрықша маңызды деген пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құрметті достар!
Баршаңызға мәлім, Республикалық референдумға да санаулы күн қалды. Қазір еліміздің барлық өңірінде жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызын түсіндіруге бағытталған кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта құрылған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы төрағасының орынбасары ретінде мен үшін әрбір азаматтың реформаның шынайы мазмұнын терең түсінуі айрықша маңызды. Өйткені 15 наурызда қабылданатын шешім елдің ертеңіне қатысты саналы азаматтық ұстанымның көрінісі болмақ, – делінген министрдің жазбасында.
Ең алдымен, бүкіл құжаттың мағыналық өзегін айқындайтын преамбулаға тоқталған жөн. Ол «Біз, біртұтас Қазақстан халқы…» деген сөздермен басталады. Осы маңызды тұжырым мемлекеттегі биліктің бірден-бір қайнар көзі халықтың өзі екенін, Конституцияның шынайы авторы ел азаматтары екенін білдіреді.
Жаңа жобада «байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайту» және «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы» айқын көрсетілген. Бұл қазіргі Қазақстан Республикасының тарихи тамыры терең, ұлттың болмысы мен рухани мұрасын сақтау жолындағы сабақтастық сақталатынын айқындайды.
Сонымен қатар мемлекеттің унитарлық сипаты, шекараның мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы нақты бекітіледі. Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда бұл қағидаттардың конституциялық деңгейде бекітілуі – елдің тұтастығы мен тұрақтылығының басты кепілі. Қазақстан әрдайым біртұтас, бөлінбейтін мемлекет болып қала береді.
Преамбулада алғаш рет еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды құндылықтар да көрініс тапқан. Атап айтқанда, Әділетті Қазақстан идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты. Бұл негізгі ұстанымдар құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, заң алдында баршаның теңдігін орнықтыруға және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Жаңа Ата Заң адам құқығы мен бостандығын басты орынға қояды. Осылайша, адам және оның қадір-қасиеті конституциялық модельдің өзегіне айналып отыр.
Қоғамдағы бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім құндылықтары да ерекше атап өтілген. Дәл осы құндылықтар еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізін қалыптастырады. Мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамыту, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарау да елдің жаңғыру жолындағы басты басымдықтар ретінде көрініс тапқан.
Біз бейбітшілік пен барлық мемлекеттермен сыйластыққа негізделген достық қарым-қатынас орнатуға ұмтыламыз және келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігімізді терең сезінеміз.
Преамбула «…Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен аяқталады. Бұл қоғам болып саналы түрде ұйысып, ел болашағына ортақ жауапкершілік жүгін бірге көтеруге деген дайындықтың көрінісі деп білемін, – деді Аида Балаева.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.