Күні кеше Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жойқын жел салдарынан жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. Табиғи апат көршілес Меркі ауданын да зақымдаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кеше секундына 30 метрге дейін жеткен жел бірнеше елді мекенді жарықсыз және газсыз қалдырды. Т. Рысқұлов ауданында:
- 7 елді мекенде 29 нысанның шатыры зақымдалды, оның ішінде 10 әлеуметтік мекеме (мектептер мен ауруханалар);
- 19 ауыл жарықсыз, 7 ауыл газсыз қалды.
Меркі ауданында:
- 5 ауылдық округте 27 тұрғын үйдің шатыры ішінара қираған;
- 5 мектептің шатыры мен қасбеті зақымдалған;
- 8 ауылда жарық сөніп, 3 ауылда газ құбырлары бүлінген.
Қазіргі уақытта электр және газ желілерін қалпына келтіру үшін 10 арнайы бригада жұмыс істеп жатыр. Табиғи апаттан қаза тапқандар жоқ.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Кәлендеров зардап шеккен аудандардың басшылығына мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құлаған ағаштарды тазалау және жарық пен газды тез арада қосу бойынша шұғыл тапсырмалар берген. Шығын көлемін есептеу жұмыстары жалғасуда, ал жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында.