Қырғызстанда Қазақстаннан жанармай тасымалдап, оны тасжол бойында заңсыз сатып келген 37 жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Көліктер айыптұрағына қойылды.
Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының мәліметінше, рейд арнайы тексеріс аясында жүргізілген. Инспекторлар көліктерге заңсыз орнатылған қосымша жанармай бактарын анықтаған. Негізінен жол талғамайтын көліктер тоқтатылған.
Ведомство дерегіне сәйкес, жүргізушілер жанармайды Қазақстаннан Қырғызстанға тасымалдап, оны жол жиегінде сатып отырған. Әрқайсысына 5 500 сом (шамамен 30 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Барлық 37 көлік уақытша айыптұраққа орналастырылды. Қосымша жанармай бактары толықтай алынып тасталғаннан кейін ғана көліктер иелеріне қайтарылады.