Астанада техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект негіздерін енгізуге бағытталған білім беру бағдарламасы аяқталды.
Астанада колледж оқытушылары жасанды интеллект негіздерін тегін оқыды
Фото: колледждің баспасөз қызметінен алынды
106
оқылды

Оқыту колледж жұмысына AI-ды жүйелі түрде интеграциялауға бағытталған алғашқы кешенді бастамалардың бірі болды.

Бағдарлама 20 желтоқсанда біліктілікті арттырудың тегін курсы форматында басталды. Оған елорда, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстары колледждерінің оқытушылары қатысты. Оқу үдерісі практикалық бағытта ұйымдастырылды: педагогтер жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеріп қана қоймай, білім беру ортасы мен бизнес міндеттеріне арналған өз шешімдерін әзірледі.

Бағдарлама аясында цифрлық құзыреттерді дамытуға, оқу үдерістерін автоматтандыруға, интерактивті материалдар әзірлеуге және студенттерді қазіргі еңбек нарығы талаптарына бейімдеуде AI мүмкіндіктерін қолдануға ерекше назар аударылды.

Оқу қорытындысы бойынша 42 қатысушы жасанды интеллектіні пайдалана отырып білім беру және кәсіпкерлік салаларындағы жобаларын сәтті қорғап, сертификатқа ие болды.

Бағдарламаның қорытынды кезеңі стартап-питчинг форматында өтті. Оның барысында үздік үш жоба анықталып, авторлары филантроп әрі кәсіпкер Дмитрий Инютиннің арнайы шағын гранттарына ие болды. Бұл — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен білім беру саласындағы инновациялық бастамаларды қолдаудың нақты көрінісі.