Aikyn.kz байлыққа салынатын салықты демократтар неге қолдамайтынын Ассошиэйтед Пресс материалына сүйеніп түсіндіреді.
Калифорния штатында миллиардерлерге қомақты салық салу ұсынысы демократиялық партияның ішіндегі беделді тұлғаларды қарсы қойды. Сенатор Берни Сандерс бастаманы ашық қолдаса, ал штат губернаторы Гэвин Ньюсом оған үзілді-кесілді қарсы.
Сандерс сәрсенбі күні (18 ақпан) Лос-Анджелеске келіп, Кремний алабында төтенше наразылық туғызған бұл бастаманы қолдау үшін науқан жүргізбек. Технокомпаниялар салық енгізілсе, штаттан кетуі мүмкін екенін ескерткен. Ньюсом болса, мұндай салық «штаттың қаржысын дағдарысқа ұрындырып», Калифорнияны ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетсіз етуі ықтимал деп дабыл қағады.
Салықты өсіру ұсынысын денсаулық сақтау саласындағы ірі кәсіподақ көтеріп отыр. Олар қарашада дауысқа шығаруды көздеп, миллиардерлердің активтеріне (акциялар, өнер туындылары, бизнес, коллекция, зияткерлік меншік) бір реттік 5% салық енгізуді ұсынады. Мақсат – президент Дональд Трамп өткен жылы қол қойған, аз қамтылғандарға арналған медицина қаржысының тапшылығын өтеу.
Сандерс X (Twitter) желісінде бұл салықты «байлық пен табыс теңсіздігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен кезде» қолдайтынын жазған. Ол былай дейді: «Ел өте аз адамның қолында орасан көп ресурс шоғырланған жағдайда өркендей алмайды».
Ньюсомның жақтастары салықты енгізу бастамасы басты мәселелерді шешпейді деп санайды. Губернатордың кеңесшісі Брайан Брокоу: «Демократтар биыл назар аударуы тиіс түйткілдер – медицинаның қолжетімділігі мен құны, сондай-ақ мектеп қаржысының қысқаруы. Бұл ұсыныс олардың ешқайсысын шешпейді. Керісінше, ушықтырады», – дейді.
Саясаттанушылар бұндай ішкі алауыздық демократтар үшін зиянды екенін айтады. Бірақ миллиардерлерге салық салу идеясы сайлаушылардың бір бөлігіне ұнайды. Ұсыныс штаттың заң шығарушы органында қаралуы үшін жақтастарға 870 мыңнан аса қол жинау қажет. Ньюсом бұл бастаманы дауысқа жетпей тоқтатқысы келеді. Ал сарапшылар байлар Калифорниядан көшсе, штат жүздеген миллион доллар салықтан айырылуы мүмкін дейді. Қолдаушылар болса, федералдық қысқартулардан кейін бұл қаржы өмірлік маңызды қызметтерді сақтап қалуға керек екенін алға тартады.