Олар аудан тұрғындарымен және бірқатар еңбек ұжымымен кездесулер өткізіп, құжаттағы негізгі өзгерістер туралы айтты.
Делегация құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Respublika» партиясының облыстық филиалы төрағасы Айнұр Келімбетова, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов болды. Алғашқы кездесу аудандық Мәдениет үйінің өкілдерімен өтті. Жиында коалция мүшелері 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи маңызына кеңінен тоқталып, Конституциялық реформа азаматтардың сұранысына негізделгенін және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылатынын атап өтті.
Сенатор Бекболат Орынбеков өз сөзінде жаңа Ата Заң жобасының өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде айқындау екенін атап өтті. Сондай-ақ ол құжатта Егемендік пен Тәуелсіздік елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар санатына енгізілген жеткізді.

«Ұсынылып отырған өзгерістер – еліміздегі саяси жүйені жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Қазіргі заманның шынайы жағдайы жаңа қоғамдық келісімді, жаңа мән-мағыналарды талап етеді. Осы реформалардың барлығының түйіні ретінде жаңа Халықтық Конституциясының жобасы ұсынылып отыр. Құжаттың басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Адамның құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның мағыналық өзегі мен басым бағыты ретінде айқындалады», – деді ол.
Бұл ретте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев азаматтық қоғамның бүгінгі реформаларға қолдау білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысуының маңызын атап өтті.
«Бұл құжат жабық кабинетте емес, халықтың қатысуымен әзірленді. Ауқымды әрі мазмұнды жұмысқа депутаттар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен бөлек, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, ғылыми қауымдастық, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының, өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері атсалысты. Оның барысында мыңдаған ұсыныс пен пікір ескеріліп, қоғамдық талқылаулар өтті. Сондықтан оны Халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар», – деді Еркінбек Солтыбаев.
Ал өз кезегінде «Respublika» партиясының облыстық филиалы төрағасы Айнұр Келімбетова жаңа Конституциядағы әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын түсіндірді.
«Конституция – жай ғана құқықтық ережелер жинағы емес, ол – мемлекеттің қандай құндылықтар негізінде дамитынын айқындайтын, қоғам мен билік үшін ортақ бағыт-бағдар қалыптастыратын стратегиялық құжат. Бұл бағдарлардың өзегінде – азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың басты қағидасы ретінде әділеттілік тұр. Яғни, өзара сыйластық, тең мүмкіндік және ортақ жауапкершілік. Заң мен тәртіп – баршаға бірдей, соның ішінде билікке де қатысты. Бұл мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтып, олардың заңдылығын күшейтеді», – деді ол.

Коалиция мүшелері Қордай ауылындағы «Ақтас» ЖШС-не барып, кәсіпорын ұжымымен кездесу өткізді. Оған 50-ге жуық қызметкер қатысты. Олар Жаңа Конституция жобасының түбегейлі жаңа тұстары бойынша сұрақтарын қойып, іс-шара спикерлерінен нақты әрі толық жауап алды.
Делегация сапары «Бай Нұр» шаруа қожалығында жалғасын тапты. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын ұжыммен кездесуде ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек адамының құқықтары және мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар делегация Сортөбе ауылындағы мәдениет үйінің ауласында тұрғындармен тілдесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.