Өкінішке қарай, әзірге жалпы есепте ешқандай медальға қол жеткізбедік. Айтқандай-ақ, Олимпиадаға соңғы төрт жылда отандық спортшыларды дайындауға бюджеттен 13,3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Бұл қаражаттың тиімділігі мен медальға айналар-айналмасы Олимпиада аяқталғанда белгілі болатыны ақиқат. Алайда көкейде еліміздегі қысқы спорт шынымен дамып жатыр ма деген сұрақ әлі де тұр.
Статистика не дейді?
Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022–2025 жылдары қысқы спорттың 14 түрі (оның 13-і олимпиадалық) бойынша секцияларға тұрақты қатысатындар саны 158,4 мың адам деңгейінде қалған. Өсім көрсеткіші небәрі 1,2%. Бұл бұқаралық серпілістен гөрі, ішкі ауыс-түйісті аңғартып тұр. Қысқы спорт түрлерінде шаңғы және сноубордқа қызығушылық әрдайым жоғары болатын. Алайда соңғы үш жылда бұл бағыттардан 9,5 мың спортшы кеткен екен. Дегенмен шаңғы жарысы әлі де қысқы спортпен шұғылданушылардың 46%-ын құрайды. Теріс динамикадан тек биатлон мен фристайл ғана ерекшеленіп тұр.
Тағы бір қызық жайт, елде шайбалы хоккей мен допты хоккейдің танымалдығы күн санап артып келеді. Бұл спорт түрлерінде спортшылар саны 5,8 мың адамға, яғни 13,6%-ға өскен. Сарапшылар, мұны жанкүйерлік белсенділіктің артуымен және балаларды спортқа беру сұранысының көбеюімен байланыстырып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ең жоғары өсім биатлонда (+64,1%), кёрлингте (+65,1%) және допты хоккейде (+37,5%) тіркелген. Сондай-ақ мәнерлеп сырғанау (+25,4%), фристайл (+30%) және шорт-трек (+11%) те оң динамика көрсеткен. Бұл – белгілі бір бағыттарда жүйелі жұмыс бар деген сөз. Ал ең аз қатысушы тіркелген спорт түрі – ски-альпинизм. Ел бойынша бар-жоғы 6 спортшы және бір ғана жаттықтырушы жұмыс істейтін жалғыз секция бар. Иә, жаңа бағыттың дамуы үшін мұндай көрсеткіш жеткіліксіз көрінеді.
Түйткілді мәселе көп
Қысқы спортты бұқаралық деңгейде дамыту ісінде қордаланған мәселе аз емес. Соңғы жылдары отандық бұқаралық ақпарат құралдары талай мәрте спорт нысандарының нақты жағдайын көтерді: бір жерде мұз айдынының салқындату жүйесі істен шыққан, енді бір жерде шаңғы базаларының материалдық-техникалық жабдықталуы ескірген. Ауыл-аймақтарда спортшылар жарысқа лайық дайындық өткізу үшін ондаған шақырым жол жүруге мәжбүр. Кей нысандарда киім ауыстыратын бөлме, медициналық пункт сынды қарапайым талаптардың өзі сақталмайды. Мұндай жағдайда тұрақты нәтиже күтудің өзі қиын.

Жақында өткен Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов отандық туризм саласындағы негізгі түйткілдерді атап өткен болатын. Министрдің айтуынша, салада негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалғанымен, шешімін таппаған жүйелі мәселелер әлі де бар.
– Ең алдымен, бұл – курорттық аймақтар инфрақұрылымының жай-күйі. Мемлекет басшысының туристік бағыттарды тиісті деңгейге келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет аппараты мен Президент әкімшілігінің инспекторларымен бірлесіп, бірқатар курорттық аймақтарға мониторинг жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Бурабай, Баянауыл, Катон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл (Абай және Жетісу облыстары), сондай-ақ Каспий теңізі жағалауы (Маңғыстау облысы) қамтылды, – дейді Ербол Мырзабосынов.
Министр атап өткендей, бірқатар өңірде сумен қамту және орталық кәріз жүйесіне қатысты мәселелер шешілмей отыр. Бұл проблема әсіресе Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай мен Жетісу облыстарындағы демалыс аймақтарында өзекті. Су ресурстарын, оның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесі де ерекше бақылауды талап етеді. Әсіресе, Алакөлдің шығыс жағалауында бұл түйткіл өткір сезілуде.
– Сонымен қатар жағалауды бекіту жұмыстары да күн тәртібінде тұр. Министрдің айтуынша, Алакөл көлінің екі жағалауында да жағалауды нығайту шараларын жедел қолға алу қажет. Мәселен, Абай облысындағы кейбір демалыс базалары суға тым жақын орналасқан. Бұл – қауіпсіздік тұрғысынан да, инвестициялық тұрақтылық тұрғысынан да алаңдатарлық жағдай. Сондықтан бұл мәселені созбалаңға салуға болмайды, – дейді ол.
Бұдан бөлек, Жетісу облысындағы Алакөл жағажай аймағында және Каспий теңізі жағалауында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл, бір жағынан, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан, жағажай инфрақұрылымының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым ақсап тұр
Жалпы алғанда, қысқы спорт секцияларының саны 2022 жылмен салыстырғанда 9%-ға өсіп, 4,8 мыңға жуықтаған. Алайда секция санының көбеюі инфрақұрылым сапасының артуына ықпалын бермей отыр. Мәселен, шаңғы базаларының саны үш жылда 46%-ға қысқарып, 189-дан 102-ге түскен. Өткізу қабілеті де 9,5 мыңнан 6,4 мың адамға дейін азайған. Яғни, 87 база жабылған. Оның үстіне, жұмыс істеп тұрған нысандардың 24%-ы – жекеменшік. Бұл бұқаралық спорттың қолжетімділігіне күмән тудырады.
Хоккей корттарының саны да 19,8%-ға қысқарған (1,4 мыңнан 1,1 мыңға дейін). 278 алаң жабылған, оның 33-і – жекеменшік. Көбіне мұз айдындарын ұстау қымбат шығады. Сондықтан да көп нысандар жабылуда.

Ал конькимен жүгіру стадиондары (7) мен шаңғы трамплиндері (3) саны өзгермеген. Бір қарағанда тұрақтылықты ұстап отырғандай көрінеді. Бірақ та жаңа нысандардың салынбағанына біршама жыл болып қалды. Мысалы, Щучинскідегі шаңғы-биатлон кешені 11 жыл бойы салынып, 61 млрд теңге жұмсалған.
Сонымен қатар қомақты қаражаттың бір бөлігі шетелдік ойыншыларды тартуға жұмсалатыны жасырын емес. Жарыс аяқталған соң олардың едәуір бөлігі өз елдеріне оралады. Бұл ұзақмерзімді кадрлық саясаттың әлсіздігін көрсетіп отыр.
Ал дамыған мемлекеттер керісінше, басымдықты бұқаралық спортқа береді. Өйткені чемпиондар дәл сол кең ауқымды база мен қолжетімді инфрақұрылымның ішінен шығады. Мәселен, Нидерланды халқының саны Қазақстаннан аз болса да, бұқаралық спортқа жұмсалатын шығын кәсіби спортқа қарағанда екі есе көп. Соның нәтижесінде голланд спортшылары халықаралық ареналарда тұрақты әрі жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Қорытындылай келе, Олимпиада – төрт жылдық еңбектің есебі. Бірақ бір жарыспен ел спортының ахуалын өлшеу дұрыс емес. Кей спорт түрлері қарқын алып жатқанымен, дәстүрлі өзімізге тән қысқы спорт түрлері әлсіреуде. Егер біз шынымен қысқы спортты дамытамыз десек, басты назарды бұқаралық базаға аударуымыз керек. Дәл қазір Милан мен Кортинада болып жатқан доданың қорытындысы да қысқы спорттың болашағына да жақсы өзгеріс әкеледі деген сенімдеміз.
Әсет ҚАЛИ