Басқосуда азаматтық қоғам институттары мен мәдени сала арасындағы өзара байланысты күшейту, қоғамдық бастамаларды қолдау және шығармашылық қауымдастықтармен жүйелі әріптестік орнату мәселелері кеңінен сөз болды. Кеңес мүшелері мәдениет қоғамды біріктіретін, ортақ құндылықтарды қалыптастыратын маңызды тетік екенін атап өтті.
Жиын барысында Пердеш Есенбек кеңестің жаңартылған құрамы мен алдағы жұмыс жоспарларын таныстырып, Miras кеңесінің негізгі мақсаты – қоғам мен билік арасындағы мәдени әрі рухани байланысты нығайту, зиялы қауым мен белсенді азаматтардың әлеуетін тиімді пайдалану екенін жеткізді.
Өз кезегінде Талғат Балтабаев азаматтық қоғамды дамытуда мәдени бастамалардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Мәдени байланыстар – қоғамдағы сенім мен өзара түсіністіктің негізі. Азаматтық қоғамның дамуы тек саяси процестермен емес, мәдени ортадағы серіктестікпен, қоғамдық келісіммен өлшенеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру маңызды», – деді ол.
Сонымен қатар кеңес мүшелері мәдени ұйымдармен, шығармашылық ұжымдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлескен жобаларды көбейту, жастардың мәдени белсенділігін арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын аясында елде өтіп жатқан маңызды қоғамдық-саяси үдерістерге де қысқаша тоқталып, соның ішінде алдағы референдумға шығарылатын Жаңа Конституция жобасы да сөз болды.
Кездесу қорытындысында Miras аймақтық кеңесі азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандырып, қоғамдағы диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға күш салатынын жеткізді.
Елнар ЕЛТАЙ