Адвокаттар алқасы төрағасының айтуынша, адвокаттар күн сайын адамдардың тағдырымен, әділдікке деген үмітімен бетпе-бет келеді.
Мәди Мырзағараев: Әділдікке деген сенім қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асады
Фото: inbusiness.kz
103
оқылды

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының алғашқы жиынында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев сөз сөйлеп, жаңа Конституциядағы «Заң мен Тәртіп» қағидасының мәнін және адвокаттық институттың қоғамдағы орны туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Адвокаттар алқасы төрағасының айтуынша, адвокаттар күн сайын адамдардың тағдырымен, әділдікке деген үмітімен бетпе-бет келеді. 

«Қағаздағы заң нормаларының артында әрдайым адам өмірі, құқығы мен бостандығы, атақ-абыройы, отбасы мен болашағы тұрады. Жаңа Конституцияда «Заң мен Тәртіп» қағидасы айқындалды. Бұл – еліміздің барлық құқықтық жүйесін қамтитын құндылықтарды жиындығы. Әрине «Заң мен Тәртіп» ұғымы қысымды күшейту немесе ережелерді қатаңдату деген мығына бермейді. Бұл – ең әуелі, заңды құрметтеу, заң алдындағы теңдік деген сөз», – деді ол.

Мәди Мырзағараев бұл қағиданың азаматтардың құқықтарын қорғауға нақты кепілдік беретінін атап өтті. Жаңа нормаларға сәйкес, құқық қорғау органдары адамды ұстаған сәттен бастап оның құқықтарын түсіндіруге міндетті. Әр азаматтың білікті заң көмегін алу, қамауға алынған сәттен бастап өзін қорғау, кінәсіздік презумпциясы сақталуы сияқты негізгі кепілдіктері айқындалады. Сонымен қатар адамды өзіне немесе жақындарына қарсы айғақ беруге мәжбүрлеуге жол берілмейді.

Спикердің сөзінше, бұл – қағидалар адвокаттар үшін тек декларация емес, заң мен заңсыздықтың арасын айқындайтын нақты өлшем. Егер азаматтарға құқықтары дер кезінде түсіндіріліп, қорғаушы іске кедергісіз кіріссе, ал сот кінәсіздік презумпциясын сақтаса, құқықтық жүйе тиімді әрі әділ жұмыс істей бастайды. Сол кезде әділдікке деген сенім де нақты істер арқылы нығаяды.

Жаңа Конституцияда жеке өмір мен деректерді, оның ішінде цифрлық ортадағы құпиялылықты қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінгені айтылды. Бұл – қазіргі цифрлық қоғам үшін аса өзекті бағыттардың бірі. 

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Конституциялық реформаны қолдау мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» деп аталатын жалпыұлттық коалициясы құрылды. Оның құрамына еліміздегі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, жастар бірлестіктері, кәсіподақ ұйымдары т.б. кірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.