Алда наурыз, жаңа туристік маусымның бастауы. Ел дайын ба? Қазақстан көшбасшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Үкімет туризм саласындағы түйткілді мәселелерді шешетін жедел үйлестіру кеңесін құрды. Бұл салаға соны серпін бере ала ма?
Сын мен серпін
Үкіметтің саладағы қордаланған проблемаларды үйлестіруші тұтас орган құруы бекер емес. Былтыр Мемлекет басшысы азаматтардың көптеген арыз-шағымынан соң Алакөл айналасындағы, сондай-ақ жалпы туристік дестинациялардағы инфрақұрылымның мүшкіл халін, сервистің сылбырлығын және қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауын қатаң сынға алған еді. Бұл сын жай ғана ескерту емес, тұтас саланың «диагнозы» іспетті болды. Содан бері не өзгерді?
Жарты жыл ішінде сең қозғалғандай. Үкіметтің соңғы дерегіне сүйенсек, біріншіден, Жетісу облысындағыдай, бірқатар өңірде туризм саласына маманданып, тұрақты жұмыс істейтін жедел штабтар құрылды. Екіншіден, Алакөлге жақын маңдағы елді мекендерде су бұру және жағалауды бекіту ісі қолға алынды. Үшіншіден, ШҚО-да танымал туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жолға қойылды.
Жалпы, бұл саладағы Қазақстанның жетістігі де жаман емес. Әрине, республика туризмде әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына қосылды деу әлі ерте. Алайда ілгерілеу барын жоққа шығаруға болмайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 119 елдің ішінен 52-орынға көтерілді (бұрын 66-орында болатын). Министрлік алдына қойылған мақсат – үздік 50 елдің қатарына кіру.
Елдің туризм саласында негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Бірақ бұл тұрғыда қайшылық та аңғарылды. Мысалы, қаңтар соңындағы Үкімет отырысында Премьер-министр келесі көрсеткішті жария етті: «2025 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны 12%-ға өсіп, 10 миллион адамнан асты». Алайда соның алдында өткен Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде басқа сандар жарияланған еді: «2025 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 6,7 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 741,3 мыңға өсті. Елге келген шетелдік туристер саны 15,7 миллион адамға жетіп, орналастыру орындарының табысы 268 млрд теңгені құрады! Туризмге инвестиция көлемі 1,254 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға өсті», – деді туризм вице-министрі Серік Жарасбаев.
Жалпы, елге келген туристерге қатысты жылда әртүрлі ақпарат айтылып, бұл сарапшылардың ренішін туғызып жүр. Соған қарағанда салада қосып жазу жоқ еместей. Демек, ведомство «статистика сапырылысын» бір ретке келтіргені абзал. Әзірге Үкімет басшысының мәлімдегені беделді естіледі. Бұған қоса, Ұлттық статистика бюросының мәліметі осыған ұқсас: «Қазақстанда 2025 жылы орналастыру орындарында жалпы саны 10,1 млн турист тоқтады, бұл 2024 жылғыдан 10,8% көп. Қонақүйлер мен отельдердің негізгі клиенттері – өзіміздің отандастар. Олардың саны 8,6 млн адамға жетіп, 9,9%-ға өсті. Ал шетелдік қонақтардың саны былтыр шамамен 1,5 млн адамды құрап, 15,8%-ға артты», – делінген ресми статистикада.
Саланың талмау тұсы – инфрақұрылым
Туристердің тасқыны шынымен де 15,7 миллионға жетер еді, бірақ сала әлі де проблемадан бас көтере алар емес. Мұны туристік аймақтарда жүргізілген кешенді тексерулер паш етіпті. «Тексеру қорытындылары бұл салада сол бұрынғыдай ішінара емес, жүйелі мәселелердің барын анықтады. Нақтыласам, көптеген нысанда интернет сапасы нашар. Жұмыстар әлі жоспарланып жатыр немесе қарқыны өте баяу», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Ол отандық және шетелдік ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері жиі көтерілетінін тілге тиек етті. Көптеген кәсіпкер қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжаттарды керек қылмайды. Мәселен, Қарағанды облысында 149 көпшілік демалыс орнының 80-і ғана санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысын алған. 28 жағажайдың тек 3-еуіне тиісті ұйғарым берілген.
Бұдан басқа, көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік дестинацияларға көлікпен жету мәселесі мен жол бойындағы сервиске қатысты көңілтолмастық жиі естіледі екен. Кей жерде энергия қуаты жетіспейді. Шетелдік туристер былтыр бейбіт күнде кейбір қазақстандық турбазада, қонақүйде жарықсыз отырғанына шағымданған. Бұл – мемлекеттің беделіне түсер дақ.

Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдарын, құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді. Туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат. Жол бойындағы сервистің жоқтығы, энергия қуатының тапшылығы, жедел дәрігерлік көмектің қолжетімсіз болуы, дүкен-дәмханалардағы негізсіз қымбатшылық – туристің тауын шағып, талғамын тоздырып, байламын былғайтын кедергілер.
– Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты туристер тарапынан түсіп жатқан шағым көп. Осындай мәселелерді шешу үшін барлық әкімдіктің, «Атамекен» палатасының, әр өңірден туризм саласындағы ірі кәсіпкерлердің, сондай-ақ тиісті сарапшылардың қатысуымен жедел үйлестіру кеңесі құрылды. Оған вице-премьер Аида Балаева басшылық етеді, – деп хабарлады Олжас Бектенов.
Үйлестіру кеңесі Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы мен ескертуін ескере отырып, бір ай ішінде Туризмді дамыту тұжырымдамасына іс-қимыл жоспарын жаңартуға тиіс. Мұның сыртында жазғы туристік маусым басталғанға дейін министрлік пен әкімдіктер демалушыларға қолайлы жағдай қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылдауға міндеттелді. Сонымен бірге жауапты министрліктер алдына келесі міндеттер қойылды: біріншіден, шетелдік турист саяхаттайтын елді таңдамас бұрын ашық дереккөздердегі ақпаратты, интернет пен әлеуметтік желілерді шолып шығады. Соңғы 4 жылда шетелдік туристерді тарту құралдары жаңартылмаған.
Ескірген ақпарат пайдаланылып келеді, мәдени, этнографиялық және басқа материалдар қамтылмайды. Мысалы, Астанадағы Ailand аквапаркі дәріптеледі, ол былтыр жабылып қалды. Осыған байланысты Туризм, Мәдениет министрліктеріне Kazakh Tourism компаниясы және әкімдіктермен бірге 1 ай мерзімде Қазақстандағы барлық мәдени, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ескере отырып, 2026 жылға арналған егжей-тегжейлі жұмыс жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Екіншіден, отандық кәсіпкерлер ұлттық парктер және басқа ерекше қорғалатын орындар аумағына кіре алмайды. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің сақталуын қамтамасыз етіп, туристік инфрақұрылымды орнықты дамыту, қызмет сапасын арттыру үшін шетелдік тәжірибе негізінде кәсіпкерлердің ұлттық парктер мен қорықтарға кіру тетіктері зерделенеді. Экология министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуге тиіс.
Үшіншіден, бизнес өкілдері инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде су айдындарының жағалауындағы қорғау аймақтарына қойылған шектеулерге немесе кіруге тыйым салынуына байланысты қиындықтарға тап болады. Мәселен, аквапарк құрылысына қажетті инфрақұрылым жүргізуге рұқсат етілмейді. Бұл мәселеде барлық тарапқа қолайлы шешім ізделмек, заңнамалық түзетулер әзірленбек.
Басым бағыттар бағдары
Қазір қонақ күту – жай дәстүр емес, ауқымды табысы, үлкен қаржы айналымы бар әлеуетті сала. Жауапты ведомствоның мәліметінше, бүгінде туристік секторда 328 инвестжоба белсенді іске асырылып жатыр. Министрлік 2025 жылғы ең ірі жобалардың қатарында Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау-шаңғы кешенін (57 млрд теңге), Қонаев қаласындағы ASP Arena-ны (11 млрд) атады. Сондай-ақ Астанада Mandarin Oriental ірі қонақүй кешенінің (300 млрд), Қонаевта «Жібек Жолы» ойын-сауық паркінің (53,3 млрд) және Шымкентте Hilton қонақүйінің (30 млрд) құрылысы жүріп жатыр. Бұлар туризмде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға тиіс.
Қонақүйлер саны – туризм саласының дамуын көрсететін негізгі индикатордың бірі. ТСМ деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда саяхатшылар тоқтайтын 4,5 мыңнан астам нысан болды. 5 жыл ішінде олардың саны тек 1 мыңға, яғни 28,6%-ға ғана артты.
Айтпақшы, 2026 жылғы қаңтар айында шетелдік туристер Қазақстанға сапары кезіндегі шығындарын 13,5%-ға арттырған. Олар енді тек тұру мен тамақтануға ғана емес, сауда-саттыққа, мәдени іс-шараларға қаржысын аяған жоқ. Туризм тек көрікті жерлерді тамашалаумен шектелмей, экономиканы «жандандыратын» драйверге айналып келеді.
Президенттің оған ерекше мән беруінің мәнісі де осында. Саланың дамуы көлік пен тасымал, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтандыру, сауда, кәдесый өндірісі, экскурсиялық және өзге қызмет түрлеріне мультипликативті табыс әкеледі. Ұлттық статистика бюросы ақпаратынша, былтырғы жылдың үш тоқсанында қонақүйлер мен хостелдер 268 млрд теңге табыс тапты. Бұл 2024 жылдан 19,5%-ға көп.
Осы көлемнің үштен біріне жуығы Алматының еншісінде – 82,4 млрд теңге. Жалпы соманың тағы 20,5%-ы немесе 55 млрд теңгесі Астанаға тиесілі. Үздік үштікке Щучинск-Бурабай курорттық аймағы орналасқан Ақмола облысы да кірді: 26,3 млрд теңге. Табиғат бар жерде турист бар, турист бар жерде – табыс бар деген сөз!
Үш тірек: тау, орман, теңіз
Мемлекет басшысы туризм саласын дамытуда басымдыққа ие аймақтарды белгіледі, бұлар – Алматы тау кластері, Щучинск – Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау туристік аймағы. Олардың әрқайсысы үшін «Кешенді даму жоспары» жасалды. Оның құрамына туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестжобаларды жүзеге асыру, өңірлердің туристік әлеуетін ілгерілету және саланы цифрландыру кіреді.
Қазақстандағы ең ірі туристік дестинация – Алматы тау кластері. Оны дамыту жоспары аясында алдағы жылдары тау-шаңғы курортының жаңа нысандарына 239 млрд теңге жекеменшік инвестиция тартылмақ. Қаржы ғимарат салуға ғана емес, қолданыстағы курорттарды кеңейтуге, оларды біртұтас жүйеге біріктіруге де жұмсалады. Әр жерде 30 жаңа аспалы жол, жалпы ұзындығы 161 шақырымнан асатын тау-шаңғы трассасы пайда болады. «Медеу – Шымбұлақ» тау ауылы салынып, 30-ға жуық жаңа қонақүй мен глэмпинг бой көтереді. Болжам бойынша 2029 жылы бұл туристік інжу-маржанға келетін туристер саны 1,7 млн адамға жетуі мүмкін. Әлемдік тәжірибе бойынша тауда шаңғы тебетін бір турист жағажайда жататын туристке қарағанда 7 есе көп ақша жұмсайды.

Щучье – Бурабай курортты өңірін дамытудың кешенді жоспары Щучье мен Бурабай көлдерінің жүктемесін Қатаркөл (Қотыркөл), Кіші және Үлкен Шабақты, Жөкей көлдеріне көшіру арқылы теңгерімге келтіруге бағытталған. Былтыр Бурабай кентінде «Променад» аймағы, 10 шақырым веложол салынды. 8 жаңа шолу алаңы, 4 автотұрақ пайдалануға берілді. Экскурсиялық тікұшақ туры іске қосылды. Щучье көліндегі қоғамдық жағажай абаттандырылды. Қосымша 15 дәретхана орнатылды. 2029 жыл соңына қарай туристер саны 94 мың адамға дейін өсіп, туризмде жұмыспен қамтылғандар 32,5 мың адамға жетеді деп күтіледі.
Келесі басымдыққа ие дестинация – Маңғыстау туристік аймағы. «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтарын дамыту, Бозжыра, Тамшалы каньоны және сол сияқты ерекше табиғи объектілердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету жоспарланған. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, абаттандырылған жаяу жүргіншілер жолы, шолу алаңдары, визит-орталықтар тұрғызылады.
– Туристік өнімді жақсарту арқылы туристердің аймақта қалу уақыты 7-10 күнге дейін ұзарады деген ойдамыз. Демек, келушілерден түсетін кіріс те айтарлықтай көбейеді. 2029 жылға қарай қонақүй инфрақұрылымын кеңейтуге және туристердің санын тағы 150 мыңға көбейтуге болады. Қазақстанға турист тарту бойынша жаңа Маркетингтік стратегияны жүзеге асыру мәселесі басты назарымызда. Жалпы, 2029 жылға қарай ішкі туристер 11 млн адамға дейін, туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 800 мың адамға дейін көбеюге тиіс, – деді министр.
Алакөл – табиғаты керемет, бірақ мәселесі көп аймақ. Өкінішке қарай, табиғатына көз тоймайтын бұл өңірде туризмнің дамуына кедергі келтірген инфрақұрылымдық және коммуналдық мәселелер әлі де аз емес. Жағалауды бекіту проблемалары, электр қуатындағы үзілістер, көптеген туристік базада орталық кәріз бен су жүйесінің жоқтығы – мұның бәрі шетелдік туристерді кеңінен тартуға мүмкіндік бермей отыр деп жазды ranking агенттігі. Сондықтан биыл бұл туристік аймақты дамытуға арналған мемлекеттік қаржыландыру екі еседен астам ұлғайтылады: бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оған өңір абаттандырылады, құтқару стансасы салынады, жол жөнделеді.
Атап өтер жайт, 2019 жылы туризм саласындағы қызмет көлемі 120 млрд теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 300 млрд теңгеге жуықтады. 2,5 еселік өсім – саланың әлеуетін көрсетеді. Қазақстан туризмінде мүмкіндік мол, міндет те көп. Туризм – елдің айнасы. Қонаққа көрсеткен құрмет – экономикаға инвестиция. Енді сол инвестицияның қайтарым-қызығына халық қарық болатын уақыт алыстай бермегені жөн.
Айхан ШӘРІП