Астанада Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті оты­рыстары өтті.
Конституциялық реформа: ортақ ұстаным үлгісі
227
оқылды

Комиссия мүшелері Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді сара­лап, сарапшылар мен қоғамның ұсы­ныс­тарын ой елегінен өткізіп жатыр. Бұл жолғы басқосуда да сөз болған тақырыптардың аясы өте кең болды. Заң, қылмыстық процестер, адам құқықтары, әлеуметтің түрлі тобына қатысты түйткілдерді реттеу бойынша ұсыныстар тыңдалды.

Адам құқықтарына басымдық берілді

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов тоғызыншы рет өткізіліп жатқан жиында жаңа Конституция жобасын жетілдіру барысы мен жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде енгізілген негізгі өзгерістер туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Конституциялық комиссия барлық ұсыныс пен ескертуді мұқият зерделеп жатыр.

Мәселен, теңгені ұлттық валюта ретінде консти­туциялық тұрғыда бекіту ұсынысын жүзеге асыру үшін 2-бап жаңа тармақпен толықтырылған. Бұл баптың 6-тармағы 7-тармақ болып өзгертіліп, жоба редакциясында мынадай мазмұнда сақталады: «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді».

«6-бапта мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейтіні туралы норманы 1-тармақтан 2-тармаққа өзгеріссіз ауыстыру ұсынылып отыр. Бұл норма аталған баптың 2-тармағының ережелерін логикалық тұрғыдан толықтырады, онда мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейтіні жазылған», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Конституция жобасының азаматтық мәселелеріне арналған 12-бабы да нақтылауды қажет етеді деген ұсыныстар айтылуда. 3-тармаққа Қазақстан Республикасының азаматы қос азаматтыққа немесе көп азаматтыққа ие бола алмайтыны, ал өзге азаматтықтың болуы заңда көрсетілген тәртіп пен шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны туралы норма енгізілмек. Конституция жобасының 18-бабы да нақтыланды. Жаңа редакцияға сәйкес, сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімдерден артық ұстауға болмайды. 

Ал Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының ел дамуының стратегиялық бағдарына негізделген саяси реформаларының нәтижесінде Қазақстанда әділетті әрі ашық қоғам қалыптасты деуге толық негіз бар екенін жеткізді.

«Азаматтардың Ата Заңның әрбір жолына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын терең пайымдауы – қоғамның саяси мәдениетінің кемелденгенін және азаматтық жауапкершіліктің артқанын айқын аңғартады», – деп атап өтті Аида Балаева.

Үкімет басшысының орынбасары қоғам тарапынан айтылып жатқан ұсыныстардың ешбірі ескерусіз қалмайтынын сөз етті. Әлеуметтік желілерде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікірлердің таралғанын тілге тиек етіп, жаңа Конституция жобасында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет мәртебесі нақты айқындалғанына назар аударды. Қазір мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Конституция жобасының 32 және 33-баптарында азаматтардың ақысыз медициналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқығы сақталғанын ерекше атап өтті. Мысалы, 33-баптағы «бастауыш және орта білім» тіркесінһ«жалпы орта білім» немесе «орта мектеп» ұғымымен алмастыру қажеттігін жеткізді. Себебі құқықтық тұрғыда білім туралы құжат тек 9 және 11-сыныптардан кейін беріледі.

Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева жаңа Конституция жобасында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүдделері толық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасы азаматтарды жасына, ауруына, мүгедектігіне немесе басқа заңды негіздерге байланысты әлеуметтік қамтамасыз ету кепілдіктерін қамтиды. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында кез келген дис- к­риминацияға жол бермеу принципі сақталғанына тоқталды. Сондай-ақ Ләззат Қалтаева жаңа Кон­сти­туция мәтінін инклюзив форматтарға: көру мүм­кіндігі шектеулі адамдар үшін – Брайль қарпімен, интеллектуалдық дамуында қиындықтары бар адамдар үшін – түсінікті тілге аудару қажеттігін атап өтті.

Тарих пен жаңа кезеңнің үйлесімі

Бұдан кейін Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Парламент рөлін Құрылтай институты арқылы қайта қарау негізгі шешімдердің бірі екенін атады. Мәселен, Құрылтай екі палатаның ізбасары және жоғары өкілді органның жаңа атауы болып саналады. Бұл оның мемлекеттік билік жүйесіндегі ерекше маңызын, тарихи дәстүрмен байланысын және халық алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.

«Жаңа Конституция жобасы өкілетті билікті күшейтуге, азаматтардың сенімін арттыруға және жетілдірілген парламенттік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Біздің азаматтарымыздың жобаға деген белсенді қызығушылығын ескере отырып, Конституцияны қабылдау мәселесін бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынысына қолдау білдіргім келеді», – деді Ольга Перепечина.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волон­терлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким Қазақстанда конституциялық деңгейде волонтерлікті ынталан­дыруды бекіту қажет деген бастама көтерді. Вера Ким Мемлекет басшысының еріктілер қозғалысына тұрақты түрде қолдау көрсететінін еске салды.

Көп өткен жоқ, комиссияның оныншы отыры­сында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсыныс негізінде Волонтерлік қызмет конституциялық деңгейде бекітілетінін мә­лімдеді. «Волонтерлік қызмет туралы» заңды және азаматтардың ақысыз, ерікті көмегінің мұқтаж адам­дарға қажеттігін, қоршаған ортаны қорғаудағы маңызын ескере отырып, ұсыныс қолдау тапқан.

Ел азаматтары мен сарапшылардың Конституция­лық реформаға қатысты ұсыныстарын талқылаудың белсенді кезеңінен өтіп, енді оны нақты жүзеге асыру жұмыстары басталмақ. Осыны еске салған Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Карин әлеуметтік желілерде туындап жатқан сұрақтар мен пікірлерге қатысты өз ойын айтты. 

«Жаңа Ата Заңның мәтіні жарияланғаннан кейінгі бастапқы үш күнді қарастырсақ, күніне 1 мыңнан астам өтініш жолданса, одан кейін өтініш саны 500-ге дейін төмендеді. Ал кеше 100-ден аса ұсыныс келіп түсті. Бұл не дегенді білдіреді? Яғни, азаматтар жаңа Конституцияға қатысты ұстанымы мен көзқарасын, негізінен, толық қалыптастырды», – деді ол.

Ерлан Карин тоқталып өткен тағы бір мәселе – Комиссияның құрамына қатысты. Ол қолданыстағы Конституцияны үш шетелдік сарапшыны қосқанда, неге тек 12 адам жазғанын, ал жаңа Ата Заңды 130 адамнан тұратын комиссияның әзірлеуінің логикасы мен себептерін түсіндірді.

«Қазір еліміздің жаңа Конституциясын осыдан 30 жыл бұрынғыдай жабық кеңседегі 12 адам емес, әрбір өңірден жиналған, түрлі саланың өкілінен құралған, тікелей эфирде, ашық форматта жұмыс істейтін 130 адамнан тұратын ауқымды комиссия жазып жатыр. Арамызда бірде-бір шетелдік азамат жоқ. Өз Ата Заңымызды, өз құқықтық жүйемізді жасайтын қабілетіміз бар. Яғни, жаңа Ата Заң Қазақстанның мемлекеттілігі, орнықтылығы тұрғысынан, өз мүд­десі тұрғысынан әзірленуде. Бізге біреу сырттан ке­ліп ақыл айтып жатқан жоқ. Сол үшін де тағы да қай­талап айтамын, бұл – шын мәнінде,  халықтық Конституция», – деп сөзін түйіндеді.

Өзектілігі бар өзгерістер

Комиссияның оныншы отырысында Конституция жобасынан Құрылтайдың комитеттері мен комис­сияларын құруға қатысты тармақ алынып тасталатыны мәлім болды. 

«Кей өзгерістер Құрылтайдың қызметін ұйым­дастыру мәселелеріне қатысты. Жобаның 59-бабының 3-тармағын алып тастау ұсынылады. Аталған тар­маққа сәйкес, «комитеттер мен комиссияларды құру тәртібі, олардың өкілеттігі және қызметін ұйым­дастыру заңда айқындалады» деп бекітілген еді. Қазір жоғары өкілді органның комитеттері мен комиссияларының қызметіне қатысты мәсе­лелер «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» консти­туциялық заңмен, «Қазақстан Республикасы Парламенті комитеттері мен комиссиялары туралы» заңмен, Пар­ламент және оның палаталарының регла­менттерімен реттеледі. Бұл түзету аталған мә­се­лелерді құқықтық реттеу деңгейін көтеріп, кон­титуциялық заң аясында қамтуға мүмкіндік береді», – деді Кон­ституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов.

Сондай-ақ Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтінін жетілдіру үздіксіз жүріп жатқаны айтылды. Жұмыс топтары құқықтық нормалардың тұжырымдарын оңтайландыру және олардың мазмұнын баршаға түсінікті ету мақсатында қажетті шаралар қабылдап жатқан көрінеді. Терминдік және семантикалық бірізділік қамтамасыз етілуге тиіс. Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі бөлім­дерінің мамандары, Коституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы, жаңа Ата Заң мәтіні жо­басына жұмылдырылған лингвист мамандар тара­пынан берілген ұсыныстардың негізінде редакциялық, стилистикалық түзетулер жүргізілген.

Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, мұндай түзетулер бірнеше нормаға енгізілмек. Мысалы, Преамбулада «Ұлы даланың мыңжылдық сабақтастығын сақ­тап» деген сөздер «Ұлы даланың мыңдаған жыл­дық сабақтастығын сақтап» деп өзгертілген. Мә­тін бойынша «неприкосновенность» термині сан рет кездеседі. Қазақ тілінде ол «қол сұқпау», «қол­сұғыл­маушылық» деп алынып отыр екен.

Ең басты өзгерістердің бірі – Констиция жобасы­нының тілге қатысты 9-бабында «тең» сөзі «қатар» деп өзгертілді. Конституциялық Сот төрағасының орынбасарының айтуынша, бұдан бөлек, 50 және 51-баптарда «өтініш» деген сөздер «мәлімдеме» деп алынды. Қазақ тіліндегі сөйлем құрау ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тіліндегі «является» деген сөз сызықшамен ауыстырылған. Осылайша, қазақ тілінде «болып табылады» деген сөздер алынып тасталады. Мұндай өзгеріс бірнеше бапты қамтып отыр.

Осы тұста Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Ата Заңның жаңа жобасына қатысты азамат­тардан келген өтініштер саны 5 мыңға жуықтағанын жария етті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы азаматтардың басым бөлігі тарапынан жоғары бағаланып, қолдауға ие болды. 

– Ұсынылған өзгерістер қоғамның айқын сұра­нысын және жүргізіліп жатқан реформаларға берілген сенімді айқындайды. Біздің міндетіміз – осы ашық диалогты сақтау, шешімдердің салмақты болуын қамтамасыз ету және мемлекет мүддесін ұзақ мерзімде қызмет ететін, азаматтарға сенімді құқықтық негіз болатын Ата Заңды қалыптастыру, – деді Э.Әзімова.

Жиын барысында бірқатар сарапшы ойын айтты. Соның бірі – саясаттанушы Марат Шибұтов Ата Заңның жаңа жобасын референдумға шығаруға деп есептейтінін жеткізді. Сарапшы болашақ бірпалаталы Парламент – Құрылтайды тарату мүмкіндігіне қатысты конституциялық норманы егжей-тегжейлі тұжырымдауды ұсынды. Оның айтуынша, Құрылтай тек заң шығару органы ғана емес, сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауды келісуге құқылы. Бұл тізімге Вице-президент, Премьер-министр, Конституциялық Соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі кіреді. Яғни, қазіргі жүйеге қарағанда, бұл құқықтар айтарлықтай кеңейтілген. Саясаттанушы жаңа жобадағы «таратады» деген сөз саяси жүйеде қатал үдерісті білдіретінін, сол себепті оны алып тастап, келісімге келу мүмкіндігін қалдыру үшін «таратуға құқылы» деген тұжырымды қолдануды ұсынды. 

Оныншы басқосудың соңына қарай Конституция­лық Сот төрағасы Эльвира Әзімова талқылаулар алдағы күндері де жалғасатынын айтты.

Мадияр ТӨЛЕУ