Қазақстанда жалақы жыл сайын өсіп отыратынын жақсы білеміз. Ресми деректерге сүйенсек, номиналды жалақының өсімі шамамен 10 пайыздың төңірегінде. Алайда қарапайым халықтың күнделікті өміріне қарасақ, бұл өсімнің нақты әсері сезіле бермейді. Себебі жалақы өскенімен, тұрмыс жеңілдеп жатқан жоқ.
Жалақы «жай басып» келеді
110
оқылды

Бұл мәселені Ұлттық банк те жоққа шығармайды. Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі кезеңде халықтың нақты табысы 1,5-2 пайызға төмендеген. 

«Жоғары инфляцияның әсерінен са­лыстырмалы түрде айтқанда, сатып алу азайып жатыр. Жалақы, зейнетақы және басқа да табыстарымыздың сатып алу қа­бі­летін төмендетпеу үшін біздің міндеті­міз – бағаның өсуін тежеу. Біздің болжа­мымыз бойынша инфляция осы жылдың қорытындысы бойынша біртаңбалы деңгейге түседі. Біз оны 10 пайыздан төмен, мүмкін одан да төмен етуіміз керек деп мақсат қойып отырмыз. Инфляцияны төмендетпей, қандай да бір жалақының болуына қара­мастан, бұл ақшамен ештеңе сатып алу мүмкін болмайды, себебі бәрі өсуде: баға, тарифтер және басқалары», – деді Т.Сү­лейменов баспасөз мәслихатында.

Кейінгі жылдардағы инфляция дина­микасы жалақы өсімінің неге сезілмей отырғанын айқын көрсетеді. 2018-2019 жыл­дары инфляция 5 пайыздың шамасында болса, пандемия басталған 2020 жылы ол 7,5 пайызға жетті. 2021 жылы инфляция 8,4 пайызға өсіп, 2022 жылы тіпті 19,6 па­йызға дейін шарықтады. 2023 жылы көр­сеткіш 15 пайыздан жоғары деңгейде қа­лыптасты. Яғни, бес жыл ішінде инфляция шамамен үш есе өсті. Мұндай жағдайда жалақының жыл сайынғы 10 пайыздық номиналды өсімі халықтың нақты табысын сақтап қалуға да жеткіліксіз екені анық.

Шынында да, бүгінгі қазақстандықтың жалақысы көбіне күнкөріске ғана жетеді. Азық-түлік бағасы тұрақты өсіп, коммунал­дық төлемдер мен қызмет тарифтері қым­баттап жатқанда, жалақыдағы 10 пайыздық өсім инфляцияның орнын толтырудан әрі аспайды. Ақша бар сияқты, бірақ оның құны күн сайын төмендеп барады.

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, былтыр номиналды жалақылар 10-11 пайызға өскен. Ал 2021-2024 жылдар аралығында орташа өсім 17 пайызды құраған. Дегенмен бұл көрсеткіштер халықтың нақты әл-ауқатының артқанын білдірмейді. 

Тимур Сүлейменов жалақының өсуі тек статистика үшін емес, нақты өмірде сезілуі керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмыскердің бірнеше жыл бойы бір жа­лақымен отыруы қалыпты жағдайға айналмауы тиіс.

«Жалақылар өздігінен өзгеруі керек. Яғни, адам үш жыл бойы 300 мың теңге алып отырмауы тиіс, оған жылына бір-екі рет жалақысын көтеру керек. Номиналды жа­лақылардың өсу қарқынының төмендеуі жұмыс берушілердің оны көтеріп жатқанын, бірақ тиісті деңгейде емес екенін көрсетеді. Бірақ бұл тек Ұлттық банк пен Үкіметке қа­тысты мәселе емес. Бұл – жұмыс беруші­лер­ге, бизнеске қатысты мәселе», – деді ол.

Бұл пікір еңбек нарығындағы тағы бір түйткілді қозғайды. Жалақы өсімінің жа­уапкершілігі көбіне бизнеске тіреліп тұр ма?  Ал көптеген салада, әсіресе білім беру, медицина, әлеуметтік қызмет пен ауыл шаруашылығында жалақы әлі де төмен. Елдің іргесін ұстап тұрған осы салалардағы еңбек адамының табысы неге артпайды? 

Қорытындысында айтарымыз, жала­қының қағаз жүзінде өсуі мәселені шешпейді. Егер инфляция жоғары болып, баға мен тарифтер шарықтай берсе, 10 немесе 15 пайыздық жалақы өсімі халық үшін еш мәнге ие болмайды. Қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту үшін нақты табыстың өсуі, бағаның тұрақтануы және еңбек адамының еңбегін әділ бағалау бірінші орынға шығуы тиіс. Әйтпесе, «жалақы өсіп жатыр» деген жаңалық шынайы өмірден алшақ, бос жұбаныш болып қала береді.

Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист:

– Жалақының баяу өсуінің басты се­бептерінің бірі – бюджет тапшылығы. Бүгінде тапшылық жалпы ішкі өнімнің шамамен 3 пайызына тең, бұл – 4-5 трлн теңге. Егер Ұлттық қордан алынатын трансферттерді есептемесек, тапшылық 10 трлн теңгеге дейін жетіп, бюджеттің 30 пайызына жуықтайды. 

Жалақының баяу өсуі бюджет ұйым­дарымен ғана шектелмейді. Квазимемлекеттік секторда жалақы өспеген соң жеке кәсіп­керлер де үнемдеуге мәжбүр. Оның үстіне, бизнестің өзіне де оңай емес: банктен алы­натын несиенің пайыздық мөлшерлемесі 24-25 пайызға дейін жетеді. Мұн­дай жағдайда кәсіпкерлер жалақы төлеу үшін қымбат несие алуға тәуекел етпейді. Керісінше, қаражатын жоғары пайызды депозитке салуға тырысады. Бұл үрдіс те халық табы­сының өсуін тежеп отыр.

Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша ТМД елдері арасында алдыңғы орында. Шамамен 15 мың доллар. Бірақ бұл көрсеткіш жалақы деңгейінен көрініс таппай отыр. Себебі мемлекет пен кәсіпорындардың инвести­циялық шығындары тым жоғары. Ел аумағы үлкен, жол, инфрақұрылым, коммуналдық желілерге қыруар қаржы қажет. Нәтижесінде, бюджеттің едәуір бөлігі инвестицияға кетіп қалады.

Тағы бір өзекті мәселе – салық жүйе­сіндегі әділетсіздік. Корпорациялар табы­сынан 20-25 пайыз корпоративтік табыс салығын төлеуі тиіс. Алайда көптеген ква­зимемлекеттік кәсіпорын салықтан жал­тару үшін пайданы жалақы түрінде бас­шыларына бөліп жазады. Бұл жағдайда олар бар болғаны 10 пайыз жеке табыс салығын төлейді. Осылайша, жоғары лауа­зымдағы адамдардың жалақысы өсіп, бюджетке түсетін салық азаяды. Президент жеке табыс салығын арттыру туралы бірнеше жылдан бері айтып келе жатса да, бұл бас­тама әлі күнге дейін толық жүзеге аспай отыр.

Қуанышбек ДҮЙСЕНОВ, экономист:

– Меніңше, жалақының баяу өсуінің бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, еңбек өнімділігі жеткілікті қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Экономикада нақты қосылған құн аз болған кезде жұмыс беруші жалақыны ай­тар­лықтай көтере алмайды. Яғни, жұ­мыс­шы­­лар бұрынғыдай көп әрі тиімді өнім өн­дір­­мей жатыр. Сәйкесінше, зауыт болсын, кең­се болсын, қай-қайсысы да көбірек пай­да таппайды. Ал пайда көбеймесе, жұ­мыс бе­рушінің жалақыны көтеруге ынтасы болмайды.

Екіншіден, бизнеске түсетін жүктеме жоғары: салықтар, несиенің қымбаттығы, логистика шығындары. Бұл да жалақы қорын көбейтуге мүмкіндік бермейді. Соңғы қосымша құн салығының 16 пайызға артуы соның бір белгісі.

Үшінші, еңбек нарығында құрылымдық теңсіздік бар. Төмен жалақы төленетін салаларда жұмыс істейтін адамдар саны көп, ал жоғары жалақы төлейтін салалар экономиканың шағын бөлігін ғана қамтиды.

Төртіншіден, инфляция жалақы өсімін «жеп қояды». Номиналды жалақы өсіп жатқандай көрінгенімен, нақты табыс арт­­пай отыр. Жалпы айтқанда, мәселе жа­­лақының санында да емес, оның сатып алу қабілетінде.  Егер инфляцияны теже­месек, экономиканың өнімділігін арттыр­масақ, жалақыны қанша көтерсек те, ха­лық­тың тұрмысы айтарлықтай жақсармайды.

Айгүл СЕЙІЛ