Бұл күй нақты бір кезеңнің, нақты бір оқиғаның ізі ретінде қалыптасқан.
Күйге айналған қасірет: «Сексен ерге» арналған реквием туралы не білесіз?
Суретті жасанды интеллект мақаланың негізінде жасады
372
оқылды

Қазақтың күй мұрасында белгілі бір тарихи оқиғамен тікелей байланысты туған шығармалар ерекше орын алады. Мұндай күйлерде күйші өз көңіл күйін емес, ел басынан өткен жағдайды күй арқылы жеткізеді. Сол себепті оларды тек құр музыкалық шығарма ретінде емес, бір елдің тарихи жадтың бір түрі ретінде де қарастыруға болады. Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі осы қатарға жатады. Бұл күй нақты бір кезеңнің, нақты бір оқиғаның ізі ретінде қалыптасқан.

Сейтек Оразалыұлы (1861-1939)  Батыс Қазақстан өңірінде туған күйші, өз домбыра мектебін қалыптастырған тұлға. Домбыраны ағасы Сұлтанғалидан үйреніп, кейін Дәулеткерей күйлерін тыңдап өскен. Өмірі қуғын-сүргінмен өткен: патша өкіметі тарапынан бірнеше рет түрмеге жабылып, 1897 жылы Сахалинге айдалады. Осы кезеңдерде және кейінгі жылдары жеке қайғысы мен қоғамдық оқиғаларға байланысты көптеген күй  шығарады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен 1917 жылғы төңкеріс те оның шығармаларында көрініс тапқан. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне бірнеше еңбек ардагерлерімен бірге барып, өз өнерін көрсетеді. Оның белгілі авторлық күйлеріне, «Арман», «Айдау», «Ғазиз», «16-жыл», «Сексен ер», т.б. жатады.

Алдымен «Сексен ер» күйінің шығу тарихына тоқталайық. 1972 жылы Тмат Мерғалиевтың жинақталуымен жарық көрген “Домбыра сазы” атты еңбекте күйдің аңызы келесідей берілген.  

“Ордада құралған атты әскер полкінің қатары күн санап көбейе берді. Полкке жаңа келген қазақ жастарынан құралған 130 адамнан тұратын бөлімшені Бейсен Жәнекешев басқарған болатын. Осы бөлімше 1919 жылы 15 желтоқсанда ордаға келіп аялдайды. Ал бұл кезде ішкі жаулар мен бандалардың жасырын әрекеттері әлі де тоқталмаған кезі еді. Қолдарында қаруы жетіспеген, әрі әскери тәжірибесі жоқ, жаңадан ұйымдасқан осы бөлімшенің Ордаға келгенін елін сатқан жексұрын Мылқайдар деген біліп қойып, Анохиннің бастауындағы бандаларға хабарлайды. Түн ортасы ауа Анохиннің бандалары бейқам жатқан 130 жігітті қоршап алады. Тірідей жау қолына түсуді ар көрген қызыл әскерлер қарулы жаумен арпалысады. Осы соғыста 50 адам тірі қалады да, 80 жігіт қаза болады.

Осындай халықтың азаттығы мен бостандығы жолында құрбан болған 80 жігіттің өліміне Бейсен Жәнекешев:

Аттанып Нарынқұмға баралық та,
Қылышты қызыл қанға малалық та.
Кешегі құрбан болған сексен жігіт
Жолына Мылқайдарды шалалық та! – деп, қалған сарбаздарын ертіп Нарын құмына аттанады. Құмдағы шағыл арасында жасырынып, қашып жүрген Мылқайдардың басын кесіп алады.

80 жігіттің өліміне қатты қайғырған Сейтек: «Қайран, қапыда кеткен ерлерім-ай!»– деп, «Сексен ер» атты күйін тебірене отырып шығарды”.

Күйдің ерекшелігі (тіпті интонициялық өзегі деп атауға болар) – Сейтек шығармашылығына тән «Сейтек пернесі», яғни 19-пернелік домбырадағы бірінші перне. Әуен осы пернеде бірнеше рет тартылады. Күйде негізінен бір ырғақтық үлгі сақталғанымен, әуеннің құбылуы да жоқ емес. Бір буын келесі буындарда қайталанып, әр қайталауда ішкі кернеу күшейеді. Негізгі қағыс – түйдек қағыспен. Бұл төмен–жоғары–төмен бағытындағы үш қағыс күйдің «тығыз, тоқтаусыз ағымын» қалыптастырады.

Күй жылдам ырқақта тартылғанымен, бұл жылдамдық көтеріңкі көңіл күймен байланысты емес. Керісінше, ол шарасыздықты, амалсыздықты білдіретін ішкі қарқын ретінде сезіледі. Әуен алға ұмтылғандай болғанымен, қорытындыға келмейді, үнемі бастапқы қалыпқа қайта оралады. Бұл жай әңгімелеу емес, біздіңше бұны өксік, тіпті реквием (қаза болған адамдарды еске алуға арналған жоқтау сипатындағы шығарма) деп атауға болады. 


Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына   белсенді  гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.