Тексеру барысында жүргізілген рентгенологиялық зерттеу нәтижесінде баланың іш қуысынан бөгде зат — ине анықталған.
Түркістанда 8 айлық баланың ішінен ине шықты
313
оқылды

Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне қызылша болуы мүмкін деген күдікпен 8 айлық сәби жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тексеру барысында жүргізілген рентгенологиялық зерттеу нәтижесінде баланың іш қуысынан бөгде зат — ине анықталған. Сәбидің мазасыздануы мен дене қызуының көтерілуі жұқпалы аурумен емес, дәл осы бөгде заттың салдарынан болғаны белгілі болды.

Дәрігерлердің айтуынша, ине баланың асқорыту жолы арқылы емес, бауыр тұсынан енген. Баланың анасы инені сәби өздігінен жұтпағанын жеткізген.

Түркістан қалалық орталық ауруханасы мен қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері бірлесіп, шұғыл хирургиялық ота жасап, қажетті ем-шараларды толық көлемде жүргізді.

«Уақытылы жасалған операция мен тұрақты емнің арқасында сәби қазіргі таңда тез қалпына келе бастады. Бұл жағдай баланың анасы тарапынан барлық ата-анаға арналған сақтық үндеуіне айналды. Ол балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, тұрмыстық заттарға мұқият болуға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға шақырады», — делінген облыстық Денсаулық сақтау басқармасы таратқан ақпаратта.