Бұл кездейсоқ емес. Өйткені тарих көрсеткендей, мемлекеттің беріктігі тек институттардың санына немесе заңдардың күрделілігіне емес, сол институттарды тірі ететін құндылықтар негізіне тікелей байланысты.
V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет – ең алдымен әділетті санаға сүйенген мемлекет» деп атап өтті. Бұл – бүгінгі саяси реформалардың түпкі философиясын ашып беретін тұжырым. Заң үстемдігі тек қағазда емес, санада орныққанда ғана мемлекет пен қоғам арасында шынайы сенім қалыптасады.
«Құндылықтарға негізделген Конституция құру керек», – деп айтып жүрміз. Сонда біз шынымен де ұлттық құндылықтардан ажырап қалдық па? Мен «ажырап қалдық» деп кесіп айтудан гөрі, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік институттардың арасындағы байланыс әлсіреді дер едім. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Заң үстемдігі тек қағазда емес, санада орнығуға тиіс» деп өте дәл айтты. Бұл – мәселенің өзегін дөп басқан сөз.
Кейінгі онжылдықтарда біз институционалдық реформаларға көбірек мән бердік. Заң қабылдадық, құрылымдар құрдық, басқару модельдерін өзгерттік. Бірақ сол институттарды өміршең ететін моральдық-этикалық негіз екінші қатарға ысырылды. Нәтижесінде, заң бар, бірақ әділет сезілмейді; норма бар, бірақ сенім әлсіреді. Әлеуметтанулық зерттеулерге сүйенсек, посткеңестік кеңістікте азаматтардың мемлекеттік институттарға сенім деңгейі орта есеппен 30-40 пайыздан аспайды. Бұл – құндылық пен институт арасындағы алшақтықтың нақты көрінісі.
Конституция – құқықтық құжат қана емес, моральдық келісім
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ең тұрақты мемлекеттер Конституцияны тек құқықтық акт ретінде емес, қоғамдық келісімнің моральдық негізі ретінде қабылдайды. Германияның Негізгі заңында адам қадір-қасиеті «бұзылмайтын құндылық» деп бірінші бапта бекітілген. Бұл қағида неміс саяси мәдениетінің өзегіне айналды. Скандинавиялық елдерде Конституция мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін де айқындайды. Мысалы, Финляндия Конституциясында мемлекеттің басты мақсаты азаматтың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау деп көрсетілген. Соның нәтижесінде Финляндия бірнеше жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты ел атанып келеді.

Президенттің «Жаңа Конституция жазғанмен пара-пар өзгерістер» туралы айтуы да бекер емес. Бұл – форманы емес, мазмұнды өзгерту қажеттігін білдіреді. Конституциялық комиссия, ең алдымен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікке, адам мен мемлекеттің арақатынасына, жергілікті басқарудың дербестігіне, есептілік пен ашықтық тетіктеріне мән беруге тиіс.
Парламенттік реформа және саяси мәдениет
Президент ұсынған парламенттік реформа – еліміздің саяси дамуындағы маңызды кезең. Бірақ Парламенттің өкілеттігін кеңейту оның автоматты түрде тәуелсіз саяси субъектке айналатынын білдірмейді. Тәуелсіздік – тек заңмен берілмейді, ол саяси мәдениетпен қалыптасады. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы осыны айқын көрсетеді.
Әлемдік тәжірибеде парламенті, шын мәнінде, ықпалды елдерде депутаттар Үкіметті жасақтауға, бақылауға және қажет жағдайда таратып жіберуге нақты ықпал етеді. Ұлыбританияда Үкімет аптасына бір рет парламент алдында есеп береді – бұл саяси дәстүрге айналған. Қазақстанда да Парламенттің күші Үкіметпен шынайы пікірталас орнаған кезде ғана сезіледі.
Жаңа Парламент – жаңа жауапкершілік
Президенттің «Парламентте нағыз отаншыл, білікті азаматтар отыруға тиіс» деген сөзі – үлкен талап. Отаншылдық – ұран емес, кәсіби адалдық пен жауапкершілік. Жаңа Парламент эмоциямен емес, дерекпен сөйлейтін, қысқамерзімді танымалдықты емес, ұзақмерзімді ұлттық мүддені ойлайтын орган болуы керек.
Дамыған елдерде парламент мүшелерінің басым бөлігі – нақты салада тәжірибесі бар адамдар. Канада парламентінде дәрігерлер, экономистер, мұғалімдер, жергілікті басқару саласынан шыққан мамандар көп. Бұл қабылданатын заңдардың өміршең болуына әсер етеді. Қазақстанға да қоғам сұранысын түсінетін, өңірді білетін, бюджетті саралайтын, әлеуметтік саясаттың салдарын болжай алатын депутаттар қажет.
Мемлекетшілдік – популизмнен бас тарту
Президенттің «Мен – мемлекетшілмін» деген сөзі бүгінгі кезеңде айрықша мәнге ие. Мемлекетшілдік – популизмнен бас тарту, қысқамерзімді ұпай үшін емес, ұзақмерзімді болашақ үшін жұмыс істеу. Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген сөзі осы реформалардың рухымен үндес.
Бұл саяси реформалардан біз тез нәтиже емес, дұрыс бағыт күтуіміз керек. Президенттің өзі айтқандай, реформа – марафон. Ең басты нәтиже – мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің қалпына келуі. «Бізді естиді», «біздің сұраныс билік назарында» деген сезім пайда болған жерде қоғам да, мемлекет те нығаяды.
Қорытындылай айтқанда, мемлекетті ұстап тұрған – тек институттар мен ережелер емес. Оны ұстап тұрған – құндылықтар, әділетке деген сенім және мемлекетшіл жауапкершілік. Ұлттық құрылтай Қазақстанның дәл осы жолды таңдағанын көрсетті. Бұл – тарихи мүмкіндік. Оны қалай пайдаланамыз – біздің саяси мәдениетімізге, ортақ санамызға және жауапкершілігімізге байланысты.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Парламент Сенатының депутаты,
Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары