20 қаңтар күні Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті.
Ұлттық құрылтай: келелі кеңестен не түйдік?
220
оқылды

Сыр өңірінде ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайдың V отырысы жоғары деңгейде өтті. Маңызды мінберде ел тағдыры талқыланып, ұлт болашағын айқындайтын нақты шешімдер қабылданды. Құрылтай алаңында көтерілген мәселелер, даму мен жаңғыру жолындағы нақты ұсыныстар кемел келешегімізді қалыптастыру жолындағы сенімді қадам деп айтуға толық негіз бар. Осы орайда сындарлы шешім алаңында көтерілген мәселелер төңірегінде құрылтай мүшелері мен сарапшылар пікірін білдік,  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Аманжол Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

«Тарихы тереңнен тамыр тартқан Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы батыл шешімдер алаңына айналды. Жиын баянды бастамаларға толы болды деп есептеймін.  Құрылтай мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, жарқын болашағымызды бағдарлайтын маңызды міндеттер жария болды. Президенттің баяндамасында мемлекетіміздің бүгінін бағдарлап, болашағын айқындайтын батыл шешімдер айтылды. Оның ішінде конституциялық өзгерістердің болатындығын, Ұлытау төрінен басталып, Қызылорда төрінде жалғасқан Ұлттық құрылтайдың өзінің миссиясын абыройлы атқарғанын атап өтті. Алдағы уақытта 100 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылатындығы да көпке  жария болды. Бұған қоса, парламенттік реформа мен оның бағыт-бағдары айқындалды. Осы ретте,  Парламент ұғымы алдағы уақытта «Құрылтай» деген атаумен аталатынын мәлімдеді. Бұл бірінші кезекте "Күшті  Президент – ықпалды  Парламент – есеп беретін  Үкімет" қағидатын қалыптастырып, ұлттық таным мен болмысымызға тән атау болатынына сенім зор».

Бақытжан Ахметбек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің докторанты:

«Сыр – Алаштың анасы» деп бекер айтылмайды. Тарихи деректерде, 1711 жылы  Арал өңіріндегі Қарақұм аумағында Қазақ хандығының Құрылтайы өткені белгілі. Осы жиында батыл шешімдер қабылданып, қазақ халқын Ұлы Жеңістерге жетеледі. Сондықтан кезекті Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткізілуі  кездейсоқ емес. Өйткені, Сыр шаһары осыдан 100 жыл бұрын, 1925 жылы Қазақ АССР астанасы болып, Қазақ атауын қайта тірілткен қала. 

Сыр өңірінде өткізілген бұл жолғы жиын саяси реформаны жүзеге асыру, Конституцияға өзгерістер енгізу секілді батыл шешімдермен Қазақстан дамуының бағыт-бағдарын айқындай түсті. Сондай-ақ келелі кеңес аясында Парламент атауы «Құрылтай» болып өзгертілетіні де айтылды. Бұған қоса, қазіргі Ұлттық құрылтай таратылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысын тоқтатты. 

Жалпы, Құрылтай алаңында айтылған әрбір ой мен бастамалар билік пен халықтың бір мақсатта жұмылып, кемел келешегімізді қалыптастыруға бағытталған сенімді қадам болды.

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

«Сыр өңірінде өткен кезекте құрылтайда өте ауқымды, елдің болашағын айқындайтын, әрі келешекте қуатты мемлекетті басқарудың структурасын қалыптастыратын келелі ұсыныстар түсті. Ендігі кезекте бұл бағытта конституциялық комиссия табанды жұмыс жүргізетін  болады. Алдағы уақытта заңға да үлкен өзгерістер енгізілетіні мәлім. Президент айтып өткендей, бұл жұмыстардың барлығы да халықтың шешімімен жасалуы тиіс».

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы