Қастерлі Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуындағы тарихи кезеңде ұйымдастырылған және мемлекеттің алдағы қадамдарын айқындаған аса маңызды оқиға болды. Бұл жолы да қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерден бастап, мемлекеттілікті нығайтуды көздейтін ауқымды бастамалар кеңінен талқыланды.
Мәулен Әшімбаев, Сенат Төрағасы: Конституциялық реформа: мемлекеттіліктің жаңа келбеті
184
оқылды

Нақты айтқанда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отырыста Қазақстанның саяси жүйесін, мемлекеттік басқару моделін, қоғамдық сананы және ұлттық дамудың стра­тегиялық бағдарын жаңа деңгейге көтеретін бастамаларды ортаға салды. Мемлекет басшысының сөзі жекелеген реформалардың жиынтығы емес, біртұтас жаңа саяси парадигманың жарқын көрінісі екені анық.

Құрылтайда мән берілген ең басты мәселелердің бірі парламенттік реформа болғаны белгілі. Мемлекет басшысы аталған реформа ауқымды саяси жаң­ғырудың жаңа кезеңіндегі өзгерістердің өзегі екенін нақты айтты. Сондай-ақ бұл бастама жарты жылға жуық уақыт бойы қызу талқыланып, соның аясында көп­теген ұсыныс келіп түскенін атап өтті.

Осыған байланысты Президентіміз жаңа бір палаталы Парламентті «Құрыл­тай» деп атауды ұсынды. Шын мәнінде, бұл – тарихи сабақтастыққа табан тіреген, ұлттық санаға жақын және символикалық мәні терең ұсыныс. Құрылтай – қазақ мемлекеттілігінің дәстүрлі институты және елдік мәселелер кеңінен талқы­ланатын ортақ алаң. Осы атаудың заманауи мазмұнда жаңғыруын тарихи әділеттіліктің белгісі деп қабылдаймыз.

Ұсыныстарды мұқият зерделей келе, Жұмыс тобының жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы және комитеттер саны 8-ден аспауы керек деген байламға келгені айтылды. Бұл – орынды бастама. Президентіміз атап өткендей, мақсат – депутат санын көбейту емес, тиімді әрі кәсіби Парламент қалыптастыру.

Әлемдік тәжірибе де сапалы заң шығару үшін саннан гөрі біліктілік, жауапкершілік пен отаншылдық ма­ңызды екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан «мәселе – санда емес, сапада» деген қағида жаңа Парламенттің басты ұстанымы болуға тиіс.

Президентіміз жаңа Парламентке бірқатар маңызды мемлекеттік органды жасақтауға қатысу өкілеттігін беруді ұсынды. Атап айтқанда, Конституциялық Сот, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау Парламенттің келісімімен жүзеге асуы – ұлттық парламентаризмді түбегейлі күшейтетін қадам. Сондай-ақ Жоғарғы Сот судьяларын Президенттің ұсынуымен Парламенттің сайлауы – билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін арттыра түседі.

Мемлекет басшысы Парламентті жасақтау тәртібіне қатысты ұсыныстарға да назар аударды. Депутаттар енді про­пор­ционалды жүйе арқылы сайланып, сая­си партиялардың рөлі артады. Бұл – партиялардың институционалдық жауапкершілігін күшейтетін шешім. Ал өңірлерде мажоритарлық жүйенің сақталуы – жергілікті халықтың үніне құлақ асып, олардың пікірлерін ескеруге жол ашады.

Парламенттегі Президент квотасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасын алып тастау да  жаңа жоғары өкілді органның дербес әрі тәуелсіз институт ретінде күшейе түсетінін көрсетеді.

Отырыста бір палаталы Парламентте өңірлердің және еліміздегі түрлі этника­лық топтардың мүдделері қалай ескері­леді деген сауалға да жауап берілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұсынған Қа­зақстанның Халық Кеңесін құру ту­ралы бастама айрықша маңызға ие. Аталған жоғары консультативтік органға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функциялары жүктеледі. Сондай-ақ Халық Кеңесі Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу міндетін атқаратын болады.

Президентіміз атап өткендей, Ке­ңес­тің құрамында өңірлер, этникалық топтар, қоғамдық ұйымдар тең дәрежеде қамтылады. Бұл – елдегі қоғамдық келісімді сақтаудың және әртүрлі мүддені ескерудің тиімді тетігі болатыны анық.

Қазақстанның Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығының берілуі де оның мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу де жаңа органның негізгі міндетінің бірі болады. Осылайша, Кеңес мемлекет пен қоғам арасындағы нағыз диалог алаңына айналмақ.

Осы орайда Қазақстан халқы Ассам­блеясы мен Ұлттық құрылтай өздеріне жүктелген маңызды миссияны табысты атқарып шыққанын айрықша атап өткен жөн. Екі институт та елдегі тұрақ­тылық пен келісімді нығайтуға, қоғам пікірін ескеріп, дұрыс шешімдер қабылдауға үлкен үлес қосты.

Соңғы төрт жылда Ұлттық құрыл­тайда көтерілген ұсыныстар негізінде 26 заңның қабылдануы – оның формалды емес, нақты нәтижеге жұмыс істеген алаң болғанын дәлелдейді. Әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лудомания мен наша­қорлыққа қарсы күрес сияқты бірқатар маңызды мәселе заң арқылы шешімін тапты. Еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен ба­ғыттарының бекітілуі де ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы маңызды белес болды. Алдағы уақытта бұл саладағы жұмыс Халық Кеңесі аясында белсенді жалғасады деп сенеміз.

Мемлекет басшысы тоқталған тағы бір маңызды ұсыныс Вице-президент институтын құру туралы бастама болды. Бұл – уақыт талабынан туындаған шешім және биліктің сабақтастығын, басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды қадам.

Ұлттық құрылтай отырысында қа­зіргідей цифрландыру дәуірінде еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таны­тудың және бірегейлігімізді сақтаудың маңызы, осы бағыттағы іргелі істер де назардан тыс қалған жоқ. Президентіміз әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жүйелі түрде дәріптейтін ғылыми жиын­дарды тұрақты өткізу қажеттігін ай­тып, бұл ұлттың рухани өзе­гін ны­ғайтатын бастама екенін атап өтті.

Шын мәнінде, цифрлық техноло­гиялар мен жасанды интеллект дамыған дәуірде ұлттық бірегейлікті сақтау – стратегиялық міндет. Осы тұрғыда «Ұлт­тық цифрлық мұра» қорын құру ерекше мәнге ие. Себебі бұл – халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын, тарихи мұраны болашақ ұрпаққа ама­наттайтын маңызды жоба. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында осындай іргелі бастаманы қолға алу жаңа идеологиялық дербестікті нығайтуға және ұлттың зияткерлік әлеуетін арт­тыруға тың серпін береді.

Осы ретте санғасырлық мұрамызды, соның ішінде Алтын Орда шежіресі мен түркі өркениетін ғылыми тұрғыдан зерделеу, Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығын жарыққа шығару ұлттың тарихи санасын жаңғыртатын маңызды қадамдар екенін айта кеткен абзал. Президентіміз атап өткендей, аталған ғылыми жинақ Тә­уелсіздіктің 35 жылдығына орай шы­ғарылмақ. Бұл отаншылдықтың және тарихи белесті нақты істермен атап өтудің жарқын көрінісі болары сөзсіз.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы патриотизм ұлт мүддесін желеу еткен бос айқаймен емес, өз қызметіне адалдық, азаматтық жауапкершілік, заң үстемдігіне мойынсұну сияқты қағидаттармен бағаланатынын айтты. Шын мәнінде, Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені болуға тиіс. Сондықтан заң мен тәртіпке мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі ретінде басымдық беріліп отыр. Әрбір азамат заң талапта­рын бұлжытпай орындауы керек. Бұл – әділетті қоғамның басты шарты.

Құрылтайда қозғалған адам капита­лының сапасын арттыру, білім, ғылым, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту тақырыптары да ел болашағына тікелей әсер ететін факторлар. Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллект қоғамның ойлау жүйесін, өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатқаны жасырын емес. Бұл жағдайда халық саны емес, жаңа технологияларға бейімделіп, оларды тиімді қолдана алатын елдер ғана алға шығады. Сол себепті Қазақстан осы бағыттағы міндеттерді айқындап, жаңа межелерді көздеп отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды. Энергетикалық дербестік мемлекеттік саясаттың маңызды бағыт­тарының бірі ретінде айқындалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев энергия өндіретін жаңа қуат көздерін жедел іске қосу, стратегиялық ресурс­тарды, ең алдымен, көмірді заманауи экологиялық технологияларды қолдана отырып тиімді пайдалану және басқа­рушылық қателіктерге жол бермеу аса маңызды екенін атап өтті.

Құрылтай отырысында автожол, теміржол, әуе қатынасы, логистика мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты жүктелген міндеттер Қазақстанның экономикалық өсуін арттыруды көз­дейтін басым бағыттар екені сөз болды.

Президентіміздің білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы олқылықтарды жою, қаржыны тиімді пайдалану, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою жөніндегі тапсырмалары да әлеуметтік әділеттілікке негізделген нақты қадамдар. Соған сәйкес, Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді.

Жалпы, Құрылтайда айтылған конституциялық бастамалар – мемле­кеттің институционалдық құрылымын жаңғыртып, Қазақстанды Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза мемлекетке айналдыруға бағытталған тарихи бет­бұрыс. Шын мәнінде, Мемлекет бас­шысы ұсынған реформалар – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың бо­лашағы үшін қабылданып жатқан шешімдер.

Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – осы бастамаларды сапалы іске асыруға өз үлесімізді қосу. Сондықтан баршаңызды ел дамуының жаңа ке­зеңінде Президентіміздің жанына топтасуға және ұлт мұраты жолында жұдырықтай жұмылуға шақырамын. Маңызды кезеңде отаншылдық пен бекем бірліктің озық үлгісін көрсете білсек, дамыған елдердің қатарынан лайықты орын алып, көздеген мақсат­тарымызға қол жеткіземіз деп сенемін.