Қаңтардың 20 күні Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші һәм соңғы отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Ұлт болашағын айқындаған Құрылтай
182
оқылды

Президент Ұлттық құрылтайдың өз міндетін атқарғанын атап өтіп, қоғамдағы құбылыстар, реформалар мәселесіне тоқталды. Президент парламенттік реформаларға қатысты өз ойын айтып, Парламентті «Құрылтай» деп атау, вице-президент лауазымын енгізу, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайды біріктіріп, Халық Кеңесін құру бастамасын көтерді. 

Жалпы, Ұлттық құрылтайдың бесін­ші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің да­муы, экономика, салық түсімі, Арал тағ­­­­дыры, суды үнемдеу, тарихи жад, мә­­­­­­дениет пен өнерді дамыту, мемлекеттік рә­міздерге құрмет, сыртқы саясат, мем­ле­кеттік билік институттарындағы ре­­фор­ма­лар қатарлы көптеген тақырып­қа тоқ­­талды. 

Президент өз сөзін Ұлттық құрылтай­дың мән-маңызына тоқталудан бастап, мем­лекеттің заманауи өмірін тарихи жа­дымызбен байланыстырған инсти­тут­тың кезекті жиынының Сыр бойында өтуі­нің астарына үңілді. 

«Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осы­мен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл фо­­рум­ның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұр­тының қара шаңырағы Түр­кі­стан­да бол­ды. Үшінші отырыс бірегей Аты­рау ай­­­­мағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тари­хы бай Көкшетау төрінде жиналдық.

Енді міне, қастерлі Қызылорда же­рін­­де бас қосып отырмыз. Бұл – хал­қы­мыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаш­тың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сы­ғанақ, Алтынасар, Баршынкент қа­ла­ларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті бол­ғанын аңғартады. Қызылорданы сол әй­гілі қалалардың заңды жалғасы дей ала­мыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңы­зы айрықша. Оның осыдан бір ға­сыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны бар­шаға мәлім. Бұл жерде еліміздің бо­ла­­шағына қатысты аса маңызды ше­шім­дер қабылданды», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақтың ұлт тарихында ай­­­­рық­ша рөл атқарғанын атап өтті. Қы­зыл­орда өңірі ежелгі тарихи оқиға­лар­дың куәсі ғана емес, ұлт мәдениетінің ұйыт­қысы сақталған аймақ. Бұл өңір бағ­зыдан бері «Сыр елі – жыр елі» деп аталып ке­леді. Мұнда ежелгі сақ, кейінгі түркі, оғыз өркениеттерінің ізі қалған. Жы­рау­лық-жыршылық пен күйшілік дәс­­түрдің ірі ошақтарының бірі. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті.

Сыр елі өркендеп келеді

«Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бе­­кер айтылмайды. Қорқыт ата зама­ны­нан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыр­шылық және күйшілік өнер бұл ай­­­мақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұр­туған, Нартай сынды саңлақтар негі­зін қалаған жыршылық мектептерді бү­кіл еліміз біледі.

Сыр бойы – нағыз еңбек адамдары­ның мекені. Кеңес заманында осы ай­мақ­тан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әй­гілі күрішші Ыбырай Жақаевты хал­қымыз ерен еңбектің символына балай­ды. Аға буынның абыройлы жолын бү­гін­гі ұрпақ лайықты жалғастырып ке­ле­ді», – деген Мемлекет басшысы өңірдің қа­зір­гі даму қарқынына да тоқталды.

Президенттің айтуынша, соңғы жыл­дары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр ай­мақ­тың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион тең­ге­ге жуық инвестиция тартылды. Был­тыр ай­мақта 27 инвестициялық жоба жү­зеге асы­рылыпты. Солардың қатарында ст­ра­тегиялық маңызы бар жобалар да бар. Президент: «Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерек­ше атап өткен жөн. Стратегиялық маңы­зы бар бұл нысан толығымен ин­вес­тор­дың қаржысына салынды. Жылу ор­та­лығы аймақтың энергетикалық қауіп­­сіз­дігін нығайта түседі. Облыс тұр­ғын­дары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Ха­лықтың 80 пайызы көгілдір отын­ды пай­даланады. Елді мекендерге газ құбы­рын тарту жұмысы алдағы уа­қыт­та жал­ғаса береді», – деді.

Аймақтағы автокөлік жолының са­пасының жақсарғанын атап өткен Мем­лекет басшысы облыстық логистикалық әлеуе­тін арттыратын бірқатар жобаға да тоқ­талды. «Облыстың әуе және теміржол жүйе­сі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашыл­ды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғи­мараттың бірі – теміржол вокзалы күр­делі жөндеуден өтті. Бұған қоса ай­мақ­тағы 10 теміржол бекетін жаңғырту жұ­мысы бас­талды. Мұның бәрі облыстың ло­гис­ти­калық әлеуетін арттыра түседі», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қызылорда облысында, әсіресе, әлеу­мет­тік салада жақсы жаңалық көп. Үш жыл­да осы аймақта 34 білім беру, 45 мә­дениет және спорт нысаны салынған. Бұ­ған қоса, 40 медицина нысаны ашыл­ды. Президенттің тікелей тапсырмасымен Қы­зылордада 300 орынға арналған көп­бейінді аурухананың құрылысы бас­тал­ды. Одан бөлек, 500 орындық емхана жә­не 200 орындық перзентхана салу жос­пары да бар. Көп ұзамай аталған ны­сан­дар салына бастамақ. Яғни, жалпы ал­ғанда облыс әлеуеті жақсарып келеді. Ай­мақ барлық салада қарқынды дамып жа­тыр. Мұны Президент те жоғары баға­лайтыны байқалады. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жағдайы жалпы алған­да жақсы екенін айта келе, өңірде атқа­р­ы­лып жатқан оң істерді облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаевтың табанды жұмы­сы­ның нәтижесі ретінде бағалады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өткен ға­сыр­дың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жо­­­­лының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда», – деп ерек­ше атап көрсету арқылы аймақтың те­рең тарихы мен күнінің байланысының терең екенін меңзеді.

Су – тіршілік нәрі

Президент содан соң рет-ретімен өзек­ті мәселелерге тоқталды. Мемлекет бас­шысы алдымен Арал тағдырына және жал­пы су мәселесіне назар аударды. 

«Қызылордаға келіп тұрып, Арал мә­селесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Арал­ды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе ту­ра­лы халыққа Жолдауымда айттым. Жыл­дар бойы жүргізілген жұмыстың ар­қа­сында Солтүстік Аралды құтқарып қал­дық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Арал­дың қалпына келе бастағанына бір­аз жыл бол­ды. Қазір Көкарал бөгетін биік­тету шара­лары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Дегенмен Пре­зи­денттің айтуынша, бұл тек Қазақстан би­лігінің қолында тұрған мәселе емес. Көп дүние көршілерге және оларды көн­діру­ге байланысты болмақ. Сондықтан Қа­­зақстан Президенті су мәселесін ұдайы назарда ұстайды. Президент өз сө­зінде:

«Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бас­тауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су са­ласындағы саясатына байланысты Сыр­дың суы теңізге әр кезде әртүрлі кө­лем­де жетеді. Демек, көп түйткілдің ше­шімі су саласындағы шебер дипло­ма­тия­ға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Кас­пий­дің, Балқаштың, Ертістің тағдырын ше­шу үшін көршілермен мәмілеге келіп, ке­лісімдерге қол қоюымыз қажет», – де­ді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су­дың еліміз үшін стратегиялық ресурс еке­­нін атап өтті. «Біз су мәселесімен жүйе­­лі түрде айналысуымыз керек. Мен был­тыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Ха­лықаралық су ұйымын құруды ұсын­дым. Біріккен Ұлттар Ұйымын рефор­ма­лау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Ас­та­нада Халықаралық экология сам­ми­ті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мү­ше мемлекеттер басшыларымен Арал мә­­селесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қал­­пына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көр­­кейтуге жол ашады деп үміттене-міз», – деді Президент. Осы тұста еске са­лар болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесін тек БҰҰ мінберінде емес, өзге ха­лықаралық жиындардың барлығында дер­­лік көтеріп жүр. Былтырғы қыр­күйек­тен желтоқсанға дейін Қазақстан бас­шы­сы 7 халықаралық жиында көте­ріп, әріп­тес­терінің назарын аударған бо­ла­тын. 

Табыстың кілті – еңбек

Ұлттық құрылтай отырысында Пре­зи­дент ел дамуының негізгі көрсет­кіш­тері­не тоқталып, еңбекқорлықты жоғары баға­лайтынын атап өтті. «Осы орайда жер­гілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйым­шылдығын атап өткім келеді. Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отан­шыл­дық­ты көремін. Облыс орталығымен қа­тар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Мы­салы, Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бү­кіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүре­мін. Сіздер осы аймақпен қатар, күллі елі­міз­дің дамуына үлес қосып келесіз­дер», – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің айтуынша 2025 жылды Қа­зақстан табысты аяқтаған. Біз бір ел, эко­номиканың өсімі 6,5 пайызға жетті. Ел­­дің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард дол­­лардан асты, оның жан басына шақ­қан­дағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұң­ғыш рет 15 мың долларды құрады. 

«Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойын­ша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қор­дың валюталық активтері 5 миллиард дол­ларға ұлғайды. Алтын-валюта қоры­мыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 мил­лиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыз­ға жақындады. Халық саны 20,5 мил­лионға жуықтады. Азаматтардың ор­та­ша өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті», – де­ді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы қо­ғамның өзгергенін, реформалардың тұ­рақ­ты сипатқа ие болғанын, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс болғанын атап өтті. Әрі бұл өзгерістерде Ұлттық құрыл­тай айрықша рөл атқарғанын тілге тиек етті. Бұдан бұрынғы төрт Құрыл­тайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданған. Осылайша, Құрыл­тай ауқымды реформалардың негізгі қоз­ғаушы күші болды.

«Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қа­дамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Оно­мастика саласындағы жұмыстар рет­ке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйе­­сіне жаңадан құрметті атақтар ен­гізіл­ді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәр­тебесі арта түсті. Бұдан бөлек, біз ұлт­тың жаңа сапасын қалыптастыратын бас­ты құндылықтарымызды айқындап ал­дық. Ұрпақтың болашағына зиянын ти­гізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық.

Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиын­да ішкі саясат саласын ретке кел­тіру туралы бастама көтерді. Тиісті құ­жатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атса­лыс­тыңыздар. Былтыр Қазақстан Рес­пуб­ликасы ішкі саясатының негізгі қа­ғидаттары, құндылықтары мен бағыт­тары бекітілді. Енді осы құжатты басым­дық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруы­мыз керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мәдениет пен өнер – стратегиялық бағыт

Президент жиында мәдениет пен өнер мәселесіне айрықша тоқталып, олар­дың мемлекеттің стратегиялық бағ­дар­­ларының бірі екенін атады. Прези­дент­­тің пайымдауынша, қоғамның са­на­сы жаңғырмаса, реформалар ойда­ғы­дай нәтиже бермейді. «Сондықтан біз ру­ханият мәселелеріне айрықша мән бе­реміз. Бұл салада бұрын-соңды болма­ған ауқымды шаруа қолға алынады. Атап айт­­қанда, Алматы облысында Қазақ дра­­ма театры, Абай, Ақтөбе облыстарын­да театрлар бой көтереді. Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы бас­талмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атын­да­ғы Қазақ ұлттық драма театрының ашыл­ғанына 100 жыл толды. Осыған орай театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. На­талья Сац атындағы орыс мемлекеттік ака­­демиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден ас­там мәдениет ошағы жөнделеді.Қызыл­ордада жаңа драма театр салу жоспары­мыз­да бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда мен облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кез­де заманауи кітапхана салу керек деп айт­тым. Енді бұл құрылыс биылдан бас­тап жүргізіледі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнер саласындағы әр бағытқа жеке тоқ­тал­ды. Президент алдымен музей ісін да­­­­мытуды маңызды санайтынын айт­ты. «Музей ісін дамыту – маңызды мін­деттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашыл­ған жаңа тарихи-өлкетану му­зейін ерекше атап өткім келеді. Мен күз­де қалаға жұ­мыс сапарымен келген­де мұражайды ара­­лап көрдім. Заман талабына сай са­лын­ған орталықта му­зей ісін ұйымдас­тыру­дың тың тәсілдері қол­данылған. Бұл тә­жірибені басқа об­лыстарға үлгі етуге бо­­лады», – деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы қа­зақ өнері мен мәдениетінің өрге басып ке­ле жатқанын атап өтті. Мұндай көз­қа­рас жастар арасында да қалыптаса баста­ған. 

«Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық эти­каны, креативті индустрияны дамы­туға зор үлес қосуда. Әлем елдері қазіргі қа­зақ өнерін ерекше құбылыс деп баға­лай­тын болды. Кино саласы да дамып жа­тыр.

Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұр­тына танытуы – зор мақтаныш. Жас­тардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңа­шыл­дығы мен жасампаздығы кез келген са­лаға зор серпін береді. Сондықтан біз өс­келең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қол­дау көрсетеміз. Олардың ұлттық құн­дылықтармен қатар, жаңа заманның жақ­сы қасиеттерін бойына сіңіруіне ба­рын­ша жағдай жасаймыз», – деді Мем­лекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, бұған дейін Ұлттық құрылтайда көтерілген елі­міздің рухани-мәдени мұрасын әлем­ге таныту туралы бастамалар жүзеге асып жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізілді. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қала­сын­да Бүкіләлемдік мұралар комитетінің ке­зекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маң­ғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қа­зақстан материалдық емес, мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. 

Президент елімізде танымдық әрі та­ғы­лымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер мол екеніне тоқ­та­лып, мысал ретінде, таза ағаштан са­лын­ған Жаркент мешітін атады. Ол – қы­тай сәулетшілері мен ұйғыр шебер­ле­рі­нің қолынан шыққан бірегей туынды. Алма­тыдағы «Вознесенск кафедралды шір­кеуі» де айрықша тарихи нысан. Та­ту­лық пен достықтың символы сана­ла­тын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әра­луандықта» қағидатының іс жүзіндегі кө­рінісі деуге болады.

«Ұлы даланың әрбір тау-тасы хал­қы­мыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қа­зы­наға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мыңжылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым те­реңде жатқанын көрсетеді. Ғалым­дары­мыз Қызылорда жеріндегі Сауыс­қандық пен Түркістан облысындағы Ар­паөзеннен жалпы саны 17 мың пет­рог­лиф тапқан. Осындай құнды жәді­гер­леріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізі­мінде болуға әбден лайық деп санай­мын. Құзырлы министрлікке осы мәсе­ле­лерге қатысты жұмысты қолға алуды тап­сырамын.

Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық біре­гейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қан­ша заман өтсе де өзекті болып қала бере­ді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырым­да­ма­сы ұлы ойшылдың «Толық адам» идея­сы­мен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек.

Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт ру­ха­ниятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске ала­мыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан әл-Фа­ра­би, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақ­ты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақ­ты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл бас­қа­ға емес, ең алдымен, өзіміз үшін ке­рек. Олар­дың мұралары – біздің рухани-фило­со­фиялық болмысымыздың тірегі», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Ас­тана мен Алматыда Президенттік кі­тап­ханалардың құрылысы басталатынын айт­ты. «Меніңше, бұл нысандар тек кітап­тар жиналған жер емес, қазақтың тари­хын, мәдениеті мен өркениетін дәріп­тей­тін орталықтар болуы керек. Цифрлық тех­­нологиялар мен жасанды интеллект қар­қынды дамыған сайын ұлттық біре­гейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды фор­матқа көшіріп, оны жаһандық цифр­лық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп кел­генде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дер­бестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халықтың жады мен ғы­лым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифр­лық мұра» қорын құру идеясын қол­дай­тынын айтты. Цифрландыру және жа­сан­ды интеллект жылы аясындағы мұндай бас­тама тарихи мұрамызды сақтап, оны те­рең зерделеуге жол ашады. «Мен был­тыр­ғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұ­рағат материалдарын, мұражай қор­ларын және өнер туындыларын жүйелеу қа­жеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифр­лық мұра» бұл шаруаны заман тала­бына сай жүргізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Тарихты дәріптеу жалғасады

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев тарих мәселесіне де назар аударды. «Біз соңғы жылдары сан ға­сырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұр­ғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік. Биыл көктемде Жо­шы хан туралы деректі фильмді түсіру жұ­мыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жо­баның басталғаны туралы Атырауда өт­кен Құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері бе­дел­ді халықаралық платформаларда өтеді. Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жү­зі­не дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды, көр­некі, яғни визуалды бейне жасаудан бө­лек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-ма­ғынасы терең болуын ойластыру қажет. Сондықтан менің тапсырмаммен мамыр айын­да Алтын Орда тарихына арналған ха­­лықаралық симпозиум ұйымдас­тыры­ла­ды. Іс-шараға әлемнің беделді ғалым­дары шақырылады.

Біз тұтас түркі өркениетін зерделеуге де баса мән береміз. Қыркүйекте ресейлік әрі­птестерімізбен және басқа да елдердің өкіл­дерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық кон­фе­рен­ция өткізуді жоспарлап отырмыз», – де­ді Президент.

Мемлекет басшысы бес жыл бұрын жа­рияланған «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласында қазіргі заманғы ғы­лыми тәсілдер негізінде төл тарихы­мыз­ға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма бергенін, осы а­у­қым­­ды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңы­на қарай аяқталатынын айтты. «Қа­зақстанның академиялық тарихының кө­лемді жеті томдығы жарыққа шығады. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға жә­не ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-се­зімін қалыптастыруға қосқан қомақты үле­сіміз болмақ. Осы маңызды ғылыми жи­нақ Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор си­м­вол­дық мәні бар. Біз бұл тарихи белесті дәл осын­дай нақты істермен атап өтуіміз ке­рек. Өткенді ұмытпай, болашаққа сенім­мен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отан­шыл­дық сезімі ел игілігі жолындағы нақ­ты іспен ұштасады.

Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отан­­ға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алай­­да Отан алдындағы жауапкершілігіңді се­зініп, перзенттік парызыңды өтеуге тал­пынбасаң, «отаншылмын, патриот­пын» деген сөзіңнің құны көк тиын бол­мақ», – деді Қ.Тоқаев.

Бізге жасампаз Отаншылдық керек

Ұлттық құрылтайда Президент отан­сүй­гіштік, ұлт мүддесін қорғау, мемле­кет­тік рәміздерді орынды пайдалану мәсе­ле­сіне де тоқталды.

«Қазір қоғамда «Қазақстанның мем­ле­кеттік Туын қайда және қашан қол­дан­ған жөн?» деген маңызды мәселе тал­қы­ла­нып жатыр. Бұл мәселе арнайы нор­ма­лар­мен және ережелермен реттеледі. Мем­­лекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Де­генмен, ең алдымен, заңның түпкі мә­нін терең түсіну керек. Мемлекеттік рә­міз­дерді қадірлеп, оларды жөнімен пай­да­ланатын отаншыл азаматтарды барын­ша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, кө­шелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шет­­елдегі спорттық және мәдени іс-шара­лар­да көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуа­нып қа­ламын. Сол арқылы еліміздің аза­мат­тары бірлігі бекем ұлт екенімізді көр­сетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.

Қазақстанның аспанмен астасқан көк Туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спорт­шы­лары жарқын жеңісімен, ғалымдары ір­гелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша да­­ры­нымен Отанымызды жер жүзіне та­ны­­тып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі – Қа­­зақстанның жетістігі, әр өреніміздің абы­­ройы – барша қазақтың беделі. Біз ту­­ған жерге жанашырлығын, туған елге адал­дығын нақты іспен көрсететін нағыз пат­риот азаматтарды қолдауымыз қажет», – деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы жа­сампаз отаншылдықтың негізгі қағи­даттары өмірдің өзінен алынатынын айт­ты. Атап айтқанда, Президент «Таза Қа­зақ­стан» жалпыұлттық акциясына, во­лонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға бел­сене қатысуды – жауапкершілікке не­гіз­делген жасампаз отаншылдық көрінісі деп санайды. Әрі «Таза Қазақстан» акция­сы ұлттық идеологиямыздың ажырамас бө­лігіне айналғанын атап өтті. Өйткені тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейі­лінен басталады. «Бұл – ең алдымен кө­шелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау де­ген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, нау­қан да емес, бұл – күнделікті қажырлы ең­бектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті кү­шей­теді, ал тәртіп жауапкершілікті артты­ра­ды. Осы маңызды тұжырымды ұрпақ­тың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сон­да ғана нағыз өркениетті және ілгері қа­дам басушы озық ел боламыз», – деді ол. 

Президенттің пайымдауынша, Қазақ­стан­ның патриоты болу – азаматтық жауап­кершілікті терең түсіну деген сөз. «Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға ба­са­­тын, одан қалды, азаматтарымыздың Ота­­­­­нымызға деген шынайы сүйіс­пен­ші­лігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыт­тарда, ауыл шаруашылығында, ден­саулық сақтау ұйымдарында, мектептерде, уни­верситеттер мен ғылыми зертхана­лар­да, мемлекеттік мекемелерде, жеке ком­па­­­­нияларда жұмыс істеп жүрген адам­дар­дың білікті әрі табанды еңбегін, әскери бо­рышын өтеп жүрген және қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз ететін азамат­та­ры­мыз­дың Отанға адалдығын жауапкер­ші­лікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге болады», – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің ме­кені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жо­ғары тұрмыстық мәдениет идео­ло­гия­сымен астасып жатуы керек. Осы қағи­дат­тар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналады. Осын­дай басты құндылықтар мен өмірлік ұс­та­нымдар әр адамның бойына отбасынан, мек­теп қабырғасынан дариды. Сондықтан біз іргелі институттарды күшейтуге баса на­зар аударуымыз керек.

Ұлттық құндылықтарға қастандық жасауға жол берілмейді

Мемлекет басшысы өз сөзінде түрлі сая­си авантюристердің ұлттық құндылық­тары­мыздың өзегіне балта шабуына, жас­тар­ды «жаңалық» болып көрінетін жат құн­дылықтарға еліктіріп, адастыруына жол бермеу қажет екенін айтты. «Менің не­ні меңзеп тұрғанымды бәріңіз түсінген шығарсыздар деп сенемін. Мемлекет дәс­түрлі мәдени құндылықтарын қорғауға, елді іштен ірітетін зиянды нәрселерді, ту­расын айтсақ, ерсі қылықтарды наси­хаттауға тосқауыл қоюға міндетті.

Қоғамымызда ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік ме­кемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі от­басы институтын заңнамалық тұрғыдан ны­ғайта түскен жөн. Бірақ мемлекеттің мо­ральға қатысты ресми ұстанымына сай кел­мейтін көзқарасы үшін біреуді қыл­мыс­тық қудалауға, моральдық жағынан кем­сітуге еш жол беруге болмайды. Ал мем­лекеттің ұстанымын «Әр азаматтың таң­дау құқығы бар. Алайда ешкім өз таң­дауын біреуге күштеп таңа алмайды» деген формуламен түйіндеуге болады. Біздің мем­лекетіміз барлық азаматтың құқығы мен бостандығын, ар-намысын табан­ды­лық­пен қорғай береді», – деді Мемлекет бас­шысы.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Шым­кентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрлік­тір­генін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түс­кен. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бер­­­мей, қоқан-лоқы көрсеткені анықта­лып­ты. «Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі іс­тер министріне Шымкент қалалық де­пар­таментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлты­мыз­дың беделіне нұқсан келтіретін өрес­кел, жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды.

Жыл өткен сайын халықтың сана-се­зі­мі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкер­ші­лік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өз­­­­геріс­тер де соған сай болуы өте маңыз­ды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміз­дің әр­бір азаматы заң талаптарын бұл­жыт­пай орындауға тиіс», – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Алыптың қуаты халықта

Президент өз сөзінде кез келген ме­м­ле­кет­тің күші халықта екенін айтты. «Аза­маттарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тос­қауылға қарсы тұрып, орасан зор та­быс­қа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз бі­лесіздер, мен түрлі жоспар құрып, стра­тегиялар жасауды құптай бермеймін. Се­бебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беру­ге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағ­дар жасап, жоспар құрғанда өмірге шы­найы көзқараспен қараған жөн деп са­наймын. Біз өте қауырт дәуірге қадам бас­тық. Бұл адамдардың үйреншікті өмір салтын бұзады, сана-сезімін өзгертеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект тү­бегейлі жаңа орта қалыптастырады. Он­да әбден орнығып қалғандай көрінетін ұғымдар мен тәжірибелерге мүлдем орын жоқ. Жаһандық цифрлық экономика дәуірінде мемлекеттердегі халық саны бұрынғыдай аса маңызды болмай қалатын сияқты. Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түз­­ген, тіпті жаңа үдерістерге нақты әрі бел­­сене қатысқан елдер ғана табысқа жет­пек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қо­ғам­­дық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады.

Біз білім, ғылым және жоғары техно­ло­гия саласына қомақты инвестиция са­ла­тын болдық. Себебі адам капиталының са­пасын арттыру – айрықша маңызды мін­дет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазір­гі­дей тарихи, бетбұрысты кезеңінде хал­қымыздың болашағына тікелей әсерін ти­гізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұрт­ты құр уәдемен жарылқайтын тұсау­ке­сер рәсімдері мен форумдардың көлең­ке­сінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-ак­циялар мен көз алдайтын жалған ілге­рі­леуге емес, нақты жетістікке ұмтылуы­мыз қажет», – деді ол.

Сонымен бірге цифрландыру және жа­санды интеллект жылы сән қуып, ұран­дату үшін жарияланбағанын атап өтті. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақ­ты міндет жүктейді. Бұл – стратегиялық мін­дет. Сондықтан мемлекет үшін айрық­ша маңызды осы міндетті орындауға қа­тыс­ты талап та өте жоғары болмақ. Бұл ба­­­­ғыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көз­ге көрінетін көрсеткіштермен өл­шену­ге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арт­тыруға және қызмет сапасын жақсар­ту­ға оң ықпал етуі керек.

«Дегенмен басқару ісінде белең алған бе­рекесіздікті озық технологиялар өз беті­мен жойып жібере алмайды. Мұны жете тү­сінген абзал. Жұмыс әуел бастан дұрыс жол­ға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын мін­деттер көбейіп, қағазбастылық шаруа­ға кедергі келтіре берсе, жасанды интел­лек­тіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөн­ге келтіремін деу – бос әурешілік. Сон­дықтан цифрлық өзгерістер стра­те­гия­сын жүзеге асыру үшін алдымен бас­қару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мем­ле­­­кеттік сектордағы жұмысты ұйымдас­тыру мәдениетін жақсартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзы­рет­терді енгізу керек. Цифрлық шешім­дер­дің және жасанды интеллект техно­ло­гиясының көмегімен барлық саладағы мем­лекеттік басқару ісінің сапасын арт­тыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пай­д­аланған жөн», – деді Президент.

Қуат көздерін тиімді пайдалану қажет

Президент энергетика мәселесіне ай­рық­ша тоқталды. Ол жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қажет етпей­тін жаңа экономика құру үшін, ең алды­мен, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қа­жет екенін айтты. «Логистика саласында ал­дымен көрінген жерге қойма салынып, содан кейін ғана оған аса маңызды инже­нер­лік жүйелер тартылып жатады. Осын­дай қателіктерге жол бермеу керек. Оның үстіне, мұндай нысандар бәріне бірыңғай талаптарға сай келе бермейді. Соның сал­дарынан шығын көбейіп, ауқымды жұ­мыс­тың мән-маңызы жоғалады. Бұл – бас­қару ісіндегі сауатсыздықтың көрінісі. Сон­дықтан мұқият ойластырылған әрі ор­тақ ұстаным болуы қажет. Барлық ІТ инфрақұрылымның сенімді, үздіксіз жұ­мыс істеуін қамтамасыз ететін қуатты дата- ор­талықтар салуға арналған арнайы ай­мақ­тарды алдын ала анықтап алу керек. Де­ректерді талдау орталықтарын дәл сон­дай жерлерге салу қажет. Мұндай орта­лық­тарда қуат көздері, қауіпсіздікті қам­та­масыз ету және салқындату жүйесі болу­ға тиіс.

Үкімет Павлодар облысының әкім­дігімен бірге Екібастұз бассейнінің энер­гети­калық қуатын пайдалана отырып, «Де­ректерді өңдеу орталығы алқабын» жа­сауды жоспарлап отыр. Бастама жаман емес, оның қаншалықты табысты жүзеге асы­рылатынын көре жатармыз», – деді Пре­зидент. 

Сонымен бірге ол атом стансаларының құры­лысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алу. Сон­дай-ақ дата-орталықтар металлургия ком­бинаттары сияқты көп мөлшерде энер­гия тұтынатынын қаперде ұстаған жөн. «Сол себепті, қуат көздерінің жет­кілік­ті болуын қамтамасыз ету мемлекеттік сая­саттың аса маңызды бөлігі ретінде қарас­тырылуға тиіс. Қазақстанда 123,1 мил­лиард киловатт-сағат көлемінде электр қуаты өндіріледі. Барлық жоспары­мыз­ды табысты орындауға бұл жеткіліксіз. Мен мұны Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты атап өттім. Бас­қаша айтсақ, біз еліміздің әлемдік бәсе­ке­дегі артықшылықтарын тиімді пайда­ла­на алмай отырмыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауын­ша, Қазақстанның көмір қоры да өте маңыз­­ды. Қазір елімізде 33 миллиард тон­на­ға жуықтайтын көмір қоры бар. Өн­дірістің қазіргі қарқыны сақталғанның өзін­де бұл қор 300 жылға жетеді. Қазақстан жыл сайын 110 миллион тоннадан астам кө­мір өндіріп, әлемде алдыңғы қатардағы мем­лекеттердің қатарына кіреді. Сон­дық­тан көмір стратегиялық актив саналады. Демек, оның қоршаған ортаға зиянын тү­­гел жоятын заманауи технологияны қол­­­­данып, көмірді толық пайдалану керек. «Пре­зидент Трамп «Маған жел емес, кө­мір ұнайды» деп дұрыс айтады. Мұнда ақи­қат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлт­тық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкі­метке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын.

Көкшетау, Семей және Өскемен қала­ларын­дағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қай­сысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе ше­шімін таппай, тым созбалаңға түсіп кет­кенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Са­мұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Курча­тов­тағы электр станциясы мен Екібастұз­да­ғы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблок­тарын уақытылы іске қосуды, 3-ГРЭС-тің құ­рылысын бастауды тапсырды. «Энер­ге­тика жүйесінің орнықты болуын қам­та­масыз ету үшін теңгерімді қуат көздерін те­зірек іске қосу қажет. Бұл – ең алдымен газ­дан қуат өндіруге қатысты мәселе. Жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру керек. Өкі­нішке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен сайын өсіп б­ара жатқан сұранысын өтей алмай ке­леді. Былтырдың өзінде тауарлы газ им­пор­ты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард тек­ше метрге жетті. Соған қарамастан, жаңа газ кеніштерін ашу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл – тиімсіз жоспар­лау­дың тікелей салдары. Қазіргі ерекше жағ­дайда бұған мүлдем жол беруге бол­май­ды. Мен QazaqGaz басшылығына же­ке қаражат есебінен және инвестор­лар­ды тарту арқылы болашағы зор учаскелерді иге­руге кірісуді тапсырдым», – деді ол.

Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бір­ге геологиялық барлау жұмыстарын жан­­­­­дандырып, жаңа көмірсутегі кеніш­тері­нің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалардың дер ке­зінде іске қосылуын қатаң бақылауға ал­ған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек.

«Энергетика жүйесінің тұрақтылығын қам­тамасыз ететін тағы бір маңызды ре­зерв – еліміздің су ресурстары. Оның әлеуе­­ті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр. Ашығын айтсақ, осы аса маңызды ба­ғыттағы жұмыстар бей-берекет жүр­гізі­л­іп жатыр. Еліміздің қолда бар су қорына шұ­ғыл түрде нақты бағалау жасаған жөн. Өйт­кені кеңес заманынан қалған мәлі­мет­тер әлдеқашан ескірді. Ғылым ака­де­мия­сындағы ғалымдарымыз қайда? Олар не­лік­тен осы уақытқа дейін еліміздің су қо­рына қатысты баға бермеген? Қазақ­стан­ның су-энергетика ресурстарын шы­н­айы көрсететін карта әзірлеу қажет.

Уақыт күтіп тұрмайды. Бұл құжаттарды әзір­леу жұмыстары гидроэнергетиканы же­дел дамытуға кедергі болмауға тиіс. Үкі­мет пен «Самұрық-Қазына» қоры кей­бір гидротехникалық нысандардың тиім­ді­лі­гін арттыру үшін оны сенімгерлік бас­қаруға беру мәселесін шешуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Жолдың жайын жүрген біледі

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшы­сы көңіл бөлерлік тағы бір мәселе – жол­дың жайы. Президент көлік-логистика ке­шеніне де баса назар аударып дұрыс да­­­­мытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін  

болмайтынын айтты. Қазақ­стан­ның орасан зор транзиттік әлеуетін то­лық пайдалану үшін қыруар шаруа ат­қару керек.

«Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мың­даған шақырымдық автокөлік жол­дары мен теміржолдар салынып, жөнделіп жа­тыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстары ретке келтірілуде. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құр­ғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңа­дан салынып жатыр. Мульти­мо­даль­ды тасымал түрі де дамып келеді.

Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын ха­лық­аралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, бірін­шіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасын­дағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арт­тыра түседі. Екіншіден, облыстар ара­сын­да­ғы көлік байланысын барынша жақ­сар­тады.

Жақында Қызылорда – Жезқазған жо­лының Қызылордаға тиесілі бөлігі са­лы­нып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау об­лысындағы бөлігінде көлік қозғалысы то­лық ашылады. Жолдың жалпы ұзын­дығы – шамамен 400 шақырым.

Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соң­­­ды болмаған ауқымды инфра­құры­лым­­д­ық жоба басталады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең не­гіз­гі жолдың бірі. Алайда, оның Қызыл­орда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осы­ған дейін бұл жолды кеңейту туралы тап­сырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жо­лақты жаңа күре жолдың құрылысы бас­талады», – деді Президент. 

Оның айтуынша, жолдың көбі облыс­тар­дың ішкі жолы болып қала береді. Сон­дай-ақ Президент былтырғы Жол­дауын­да «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құры­лысын тездетуді тапсырғанын еске сал­ды. «Ондағы жұмыстар да биыл бас­тал­мақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дә­ліз­дің» қашықтығы 900 шақырымға қыс­қара­ды, яғни Ақтау, Құрық порттарына ту­ра жол ашылады. «Қарағанды – Жез­қаз­­ған» ба­ғытындағы жол талай жылдан бері то­зып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жо­лақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыа­ғаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан осы жылы «Са­рыа­ғаш айнал­ма жолының» құрылысы қолға алы­нады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уа­қытылы орын­далуын тікелей бақылауда ұс­тайтын бо­ламын. Себебі бұл жобалар Қа­зақ­стан­ның халықаралық көлік-ло­гис­тика ор­та­лығы ретіндегі әлеуетін мей­лін­ше нығайта тү­седі», – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент автокөлік жолдарымен қа­тар теміржол инфрақұрылымын да кеңей­тіп, жақсарту жұмысын жал­ғас­тыр­ған жөн санайды. «Бұл – тасымал жол­дарының өза­ра байланысы тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе. Былтыр «Достық – Мойын­ты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Алматыны айналып өтетін те­міржол құрылысы аяқталды. Мұның бә­рі еліміздің транзиттік әлеуетін айтар­лық­тай көтерді. Биыл «Қызылжар – Мойын­ты» және «Дарбаза – Мақтаарал» те­мір­жол желілері салынады. Сондай-ақ «Ал­тынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағыттары бойынша теміржол учаскелері жаңғыртылады.

Әуе жолдарын дамыту ісі Қазақстан үшін өте маңызды. Жаңа халықаралық рейс­терді іске қосу қажет. Бұл – эко­но­ми­­калық мәселе ғана емес, азаматтары әлем­ді емін-еркін аралайтын ашық қо­ға­­­мы бар мемлекет екенімізді білдіре­тін қа­дам.

Еліміздің аумағында оннан астам ха­лық­аралық көлік дәлізі бар. Бұл – оң үрдіс, оны барынша дамыту керек. Дәл осы кезде Қазақстан өзін халықаралық кө­лік-транзит дәлізі ретінде танытуға тиіс. Жаһандық логистика картасынан лайықты орнымызды иелену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы керек.

Үкіметке авиация саласында, соның ішін­де әуемен жүк тасымалдау ісінде нақ­ты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Ме­нің­ше, еліміздің әлі күнге дейін Еура­зия­ның әуемен жүк тасымалдайтын орталығы бо­ла алмай отырғаны – кешірілмейтін қа­­телік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – на­ғыз абсурд. Үкімет жүк тасымалдайтын мем­лекеттік әуе компаниясын құру бары­сын­да қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жо­лы» компаниясына жүктеді. Егер Үкі­мет тапсырманы орындауға қауқар-сыз бол­са, бұл жұмысты жеке құрылым­дар­ға өткі­зіп беріңіздер.

Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиао­тынның қымбаттығы осы саланың да­муына кедергі болып отырғаны ай­тыл­ды. Оның бағасы тым қымбат, көрші ел­дер­дің әуежайларындағы бағамен бәсе­ке­лесе алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна кө­лемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиа­керосин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз. Бұл ақылға сыймайды ғой?! Осы ретте, еліміздегі танымал эко­но­­мистерге де, энергетиктерге де айтар қа­таң сын-ескертпем бар. Кадрлық ше­шім қа­был­дау қажет болуы да мүмкін», – деп ес­кертті Мемлекет басшысы.

Басты мақсат – экономиканың өсімін бәсеңдетпеу

«Біздің басты стратегиялық мақсаты­мыз – экономиканың сапалы өсу қарқы­нын бәсеңдетпеу. Сол үшін инфляцияны тө­мендетуге қатысты жұмыстар қолға алын­ды, жаңа инвестициялық кезең бас­тал­ғаны жарияланды. Басқа да шешімдер қа­былданды. Экономика және бизнес са­ласы жаңа салық режиміне көшіп жа­тыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы ор­ган­дар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүр­ліктірмей, бірқалыпты жүзеге асы­рылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық ко­дексін қолдануға қатысты жұртшы­лық­тың ойға қонымды, сындарлы ұсыныс­та­рын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, тү­зетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Са­лық кодексі қасиетті кітап емес», – деді Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Ол қоғамда өзгерістер жасаған кезде ха­лықпен тиімді байланыс орнату аса маңыз­ды екеніне тоқталып, азаматтардың өтініштеріне қатысты жүйелі жұмыс жүр­гізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабар­дар болып, олардың талап-тілегіне уақы­ты­лы жауап беруге жол ашатынын айтты.

«Соңғы кезде маған жекеменшік мек­тептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты ша­ғымдар жиі келіп түсетін болды. Жуыр­да «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айт­тым. Білім саласын мемлекет тарапынан қар­­жыландырудың қазіргі тәртібі бұр­ма­ланған. Бұл олқылықты уақыт оздыр­май тү­зету қажет. Жекеменшік мектептерге жүр­гізілген аудит нәтижесінде заңсыз жә­не негізсіз шығындарға байланысты құ­қықбұзушылықтар анықталды. Бұл түйт­кіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр.

Үкіметке білім беру саласындағы мем­ле­кеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түр­­де реформалау жүктелді. Қаржылан­ды­ру­­дың нақты критерийлерін әзірлеу керек. Осы орайда, орта білім беру жүйе­сін дамыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл атқара­ты­нын ескерген жөн», – деді Пре­зидент.

Одан бөлек, Президент өзге де сала­лар­да олқылықтар бар екеніне назар ау­дар­ды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы көпшіліктің көңілінен шықпай тұр. Тиісті тексерулер көп былықты әш­­кереледі.

«Мұндай, тіпті бұдан да зор мәселелер ден­саулық сақтау саласында да туындап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заңбұзушы­лық­тар мен қызмет бабын асыра пай­да­лану жайттары анықталды. Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көр­неу жалған деректер ұсынылған, өтірік м­ә­ліметтер енгізілген.

Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, ден­саулық сақтау саласын дамытуға қар­жы­сын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бө­лінген орасан зор қаражат талан-тараж­ға тү­суде. Медицина саласын дамытуға мем­­­­лекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 трил­лион теңге бөлді емес пе?! Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 миллиард доллар деген сөз.

Мемлекеттің білім беру және денсау­лық сақтау саласына жұмсап жатқан қар­ж­ысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұр­мыс сапасын арттыруға арналатынын жә­не Әділетті Қазақстанды құру стра­те­гия­сымен ұштасып жатқанын түсінген аб­зал», – деді Президент.

Мемлекет басшысы құқық қорғау ор­ган­дарына сыбайлас жемқорлықтың қи­тұрқы амал-айласын тауып, пайдаға ке­не­ліп жатқандарды анықтау тапсырыл­ға­нын, Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдайтынын айт­ты. «Әлеуметтік сала басшыларының бі­лік­­сіздігі мен мемлекет мүддесіне нем­құрай­лы қарауының салдарынан Қорда осын­дай жағдай орын алып отыр. Бұл жағ­дайда патриотизм туралы сөз қозғау­дың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мем­ле­кет­тік ауқымдағы өзекті міндет болып қа­ла береді», – деді Президент.

Оның пайымдауынша, шектен шық­қан алаяқтар ұлттық қауіпсіздікке шын­дап қатер төндіруге айналған. Медици­налық сақ­тандыру қорында қомақты қар­жы қол­ды болса, сол уақытта «Жедел жәр­дем» қыз­­меткерлері мен фельд­шер­лер алаяқ­тар­дың арбауымен наразылық акциясына шы­ғады, әлеуметтік талаптар қояды.

«Біздің азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Көптеген адам адал еңбекпен тапқан табысынан айы­рылу­да. Алдауға сеніп, қылмыстық қаржы опе­рацияларының қақпанына түсіп ж­атыр. Әлемде иммиграциялық алаяқтық та қатты ушығып тұр. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-бі­ліп отырсыздар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен сайын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге ай­налып келеді. Құқық қорғау органдары Қа­зақстан аумағында шетелдіктердің тұрақ­ты тұруын заңдастыру үшін заңсыз құжат әперумен айналысқан алаяқтардың қылмысын әшкереледі.

Экономикалық немесе әлеуметтік са­ла­дағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күрес­ті күшейту қажет. Сондай-ақ ұсақ бұза­қылардан, вандалдар мен ұрылардан бастап, ұйымдасқан қылмыстық топ мү­шелеріне және қоғамның тыныштығын бұз­ғысы келетін арандатушыларға дейін, қыс­қасы, заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қа­жет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты мін­дет­тің бірі.

Цифрландыру үдерісі барлық жерде жап­пай жүргізіледі. Сондықтан дербес дерек­терді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауа­тын арттыруға ерекше көңіл бөлу ке­рек», – деді Мемлекет басшысы.

Үкімет ұлт мүддесін қорғауы керек

Президент халықаралық жағдайға тоқ­тала келе, стратегиялық серіктестермен тиімді байланыс орнату маңызды екенін айт­ты. Сонымен бірге, ел мүддесі әрқашан ес­керілуге тиіс. 

«Тағы бір өзекті мәселе – халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стра­те­гия­лық экономикалық серіктестерімізбен тиім­ді байланыс орнату. Біздің ұста­ны­мы­мыз айқын: Қазақстан экономикалық ин­теграцияны қолдайды, осы үдеріске бел­сене атсалысады. Бірақ бұл ықпал­дас­тық біздің мүддеміз тұрғысынан қарағанда әділ болуы керек. Биыл Қазақстан Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Біз еуразиялық ықпалдастықтың тиім­ділігін арттыру үшін жасанды интел­лек­тіні енгізу мәселесіне басымдық бере­міз. Саудадағы кедергілерді жою, негізсіз про­текционизмге қарсы күресу жұмыс­тары жалғаса береді. Мәселен, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу са­ла­сы орынсыз қысымға ұшырап отыр­ға­нын қалыпты жағдай деуге болмайды. Еу­ра­зиялық экономикалық одақ құра­мын­дағы мемлекеттердің субсидия бері­ле­тін өнімдері көбейіп кеткендіктен, отан­дық тағам өнеркәсібінің өкілдері өнім өндіруді азайтуға мәжбүр. Ал бұл – біз үшін азық-тү­лік қауіпсіздігінің мәселесі. Сондықтан ин­теграцияның әділ жүргізілуі қажет еке­нін айтып отырмын», – деді Қ.Тоқаев.

Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін ба­рын­ша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тарап­тардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұс­ты тауып, Қазақстанның ұстанымын дәйек­ті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ға­на экономикамызды халықаралық на­рық­тағы бәсекеге барынша қабілетті ете ала­мыз.

«Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда бол­ғанына куә болып отырмыз. Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура ке­ле­ді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін емес­тей немесе адам сенгісіз көрінетін нәр­­­селер қазір қалыпты жағдайға айналу­да. Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айырылып жатыр. Дү­ниежүзінде сенім дағдарысы күшейе түс­­ті. Әлемде әскери шығындар рекорд­тық деңгейге жетіп, үш триллион долларға жуық­тады. 2035 жылға қарай бұл көрсет­кіш тағы еселеп өсуі мүмкін.

Күн өткен сайын өрши түскен ми­ли­таризация халықаралық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жі­ге­рін жоққа шығарып жатыр. Осындай күр­делі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Ол барынша тең­ге­рім­ді болып, мемлекеттің стратегиялық мүд­десін қорғауға және ілгерілетуге ба­ғыт­талуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент дипломатияда бұрыс ше­шім­нің салдары ауыр болатынын айтып, ұзақ­мерзімді мүдде ескерілуі қажет екенін айт­ты. 

«Жалпы, дипломатияда бұрыс шешім­нің салдары өте ауыр болады. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын тол­мас нұқсан келуі ықтимал. Бізге бұл жағ­дай жақсы таныс. Экономика сала­сын­да бір жоспарды немесе тұжырым­да­ма­ны басқа бір бағдарламалық құжатпен ал­мастыруға болады. Ал халықаралық шарт­тарға қол қойған соң одан бас тарта алмай­сыз. Айтылған сөз – атылған оқ!

Біз дипломатияны халықаралық қақ­тығыс пен дау-дамайға апаратын жол емес, мәмілеге, келісімге келудің еш бала­ма­сы жоқ, ең маңызды құралы деп біле­міз. Кәсі­би ұстаным мен шынайы ниет бол­са, кез кел­ген қақтығыстың түйінін тар­қатуға бо­лады.

Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдадым. Президент Трамп тарихтың астарын және қазіргі сая­­си ахуалды терең түсіне отырып жаса­ған мұндай келісім­дер дипло­матия­лық инновация деуге болады. Ол Таяу Шығыс­та бейбітшілікті мықтап орнатуға арналған Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пай­ғамбар болып есептеледі.

Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құн­дылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі ха­лықтар мен дін өкілдері арасында тату­лық болғанын қалаймыз. Сол себепті осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағы­на­сы ерекше, бұл шешім еліміздің халық­ара­лық беделіне оң серпін береді», – деді Қ.Тоқаев.

Жалпы, Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мем­лекет. Еліміз баршаға түсінікті, яғни ақыл­ға қонымды және әділ саясатты жақ­тайды, осы ұстанымды әрдайым сақтайды. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. «Ең бастысы, Қа­зақстанның жерінің тұтастығын, қауіп­сіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ре­тін­­де мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қым­бат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлт­тық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақ­тап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жо­ғары әрі қуатты мемлекет құруды басты мін­детіміз деп санауымыз қажет. Осы мақ­сатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, па­ра­сатты, дана халық екенімізді көрсетуі­міз керек.

Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім ке­леді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт пси­хологиясынан біржола арылуымыз ке­рек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бә­рін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маң­дайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз.

Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өз­гере­тін уақыт келді. Біз – болашағы жар­қын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сон­дық­тан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауын­ша, әлем барлық салада бірдей үлкен өз­ге­ріске ұшырайды. Саясат пен экономи­ка­дан бастап, климат пен технологияға дейін, бәрі өзгереді. Мұндай жағдайда Қа­­­зақ­стан да батыл әрі тосын иннов­а­ция­лық шешім қабылдай білуі, еш нәрседен қо­рықпауы керек. «Мен Үкімет мүше­лері­не «Егер әл­де­кімнен немесе әлденеден қо­рық­саңыз­дар, маған қызметтік хат жа­зыңыздар. Егер сіздер қабылдаған ше­шімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы бо­ла­тынын байқасам, оң резолюция қоя­мын. Бүкіл жауап­кер­ші­лікті өзіме ала­мын» деп ескерттім. Осы үн­деуді, ең ал­дымен, мемлекеттік қыз­мет­ші­лерге, кә­сіп­керлер мен ғалымдарға қара­та айтып отыр­мын. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістер уа­қыты келе жатыр, тіпті бас­талып кетті деу­ге болады. Еліміз жаңа тари­­хи әлемнен лайықты орнын иеленуі қажет», – деді Президент.

Құрылтай Парламентті алмастыруы мүмкін

«Биыл Қазақстанның келешегіне тіке­лей ықпал ететін аса маңызды жыл бо­лады. Мен мұны жақында «Turkistan» га­зе­тіне берген сұхбатымда атап өттім. Елі­міз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа ке­зеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы пар­ламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.

Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді біле­сіз­дер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңі­нен талқыланды. Мен былтыр 8 қа­зан­да Парламенттік реформа жөніндегі жұ­мыс тобын құру туралы өкімге қол қой­дым. Оның құрамына белгілі заңгер­лер, сарапшылар, саяси партиялар мен қо­ғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Ел­дік іске бейжай қарамайтын басқа да аза­маттарымыздың бұл талқылауға қаты­суы өте маңызды. Сондықтан e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Пар­ла­менттік реформа» деген арнайы бөлім ашыл­ды. Азаматтарымыз осы мәселеге қа­тыс­ты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсы­ныстарын жолдады. Жұмыс тобы ке­ліп түскен ұсыныстарды жинақтап, зер­де­леп, парламенттік реформаны барлық жа­ғынан қарастырды, өте маңызды жұ­мыс атқарды. Бұл бағыттағы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Был­тыр қазан айының ортасында Жұмыс то­бының алғашқы отырысын өткіздім. Жел­тоқсанның 2-сі және 29-ы күндері та­ғы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қос­ты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрыл­тай қарсаңында өтті. 

Бір сөзбен, конституциялық реформа тура­лы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір па­ла­талы Парламентке көшу туралы бас­та­ма­ны халық қолдап отыр десек, ешқандай қа­те болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұ­рақ­ты түрде жүргізілген сауалнамалар жә­не жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сай­лау­шы­лармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және ре­форманы қолдап отырғанын айтуда. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ», – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жалпы ба­ғыт-бағдарымыз – айқын. Алдағы өзгеріс­тер­ге қатысты ортақ мәміле бар. Жұмыс то­бы барлығын жан-жақты сараптай оты­рып, нақты пайымдары мен ұсыныс­та­рын ортаға салған. Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше де­путаттан тұрады? Құрылымы қандай бо­лады және қалай жұмыс істейді?» деген сауал­дар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерде­леп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байып­пен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті шешуші мәселе болды.

«Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрі­нен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қыс­қа­ша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи ая­­сы да, мағынасы да халқымызға түсі­нік­ті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаң­ғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы кө­­тердім. Бұл баяндаманың басында Құ­рыл­­тай жұмысының тиімділігі мен пай­дасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің сая­си жүйесінде Құрылтай атауын аса маңыз­ды мемлекеттік институттың сим­во­лы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын. 

Ал депутаттар санына келсек, бұл мә­селе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пі­кір қайшылығы осы мәселеге қатысты бол­ды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идея­сын ұсынды. Екінші тарап депутат са­нын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біз­дің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өз­герістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тә­жірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат са­нын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сон­дық­тан мәселе – санда емес, сапада! 

Ең бас­тысы, Парламентте нағыз отан-шыл аза­м­аттар, білікті мамандар отыруға тиіс!

Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныс­тарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орын­ба­сары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек», – деді Президент.

Президенттің айтуынша, ұсыныс­тар­дың екінші бөлігі Парламенттің негізгі мем­лекеттік органдардың құрамын жа­сақ­тау ісіндегі құзыреті туралы болған. Қа­зіргі Конституцияға сәйкес Конс­титу­ция­лық соттың, Жоғары аудиторлық па­ла­таның және Орталық сайлау ко­мис­сия­сының құрамын жасақтау құзыреті Мә­жіліс, Сенат және Президент арасында тең­дей бөлінген. Енді осы маңызды мем­лекеттік құрылымдардың барлық мү­шесі Парламенттің келісімімен ғана та­ғайындалуы қажет деген ұсыныс ай­ты­лыпты. Бұған қоса, Президенттің ұсы­ны­сы бойынша Жоғарғы соттың барлық су­дьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсыныл­ды. Бұл – билік тармақтары арасын­дағы те­жемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту жә­не ұлттық парламентаризмді дамыту ж­о­лындағы маңызды қадам.

«Ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Пар­ламентті жасақтау тәртібі туралы бол­ды. Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тә­сіл саяси партиялардың институ­цио­нал­дық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олар­дың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Кейбір партиялар Парламент­пен қатар, барлық деңгейдегі мәслихат­тар­ды пропорционалды жүйемен жасақ­тау­ды ұсынғанын білемін. Бірақ ай­мақ­тарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңір­ле­рін­де жергілікті азаматтардың дауыстары, пі­кірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.

Талқылау кезінде маған Парламенттегі Пре­зидент квотасын қалдыру керек деген ұсы­ныс айтылды. Бірақ мен жаңа Пар­ла­мент ешкімнің қамқорлығына, қада­ғалауы­на мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Де­путаттардың ішінде арнайы тағайын­дал­ған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеу­меттік әділдік қағидатының айқын көрі­нісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғам­дық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды та­лап. Сол себепті осы квоталарды өзге­ріс­­сіз сақтап қалуды ұсынамын», – деді Қ.Тоқаев.

Президент өз сөзінде партиялардың Пар­ламентке өту межесін өзгеріссіз қал­дыру­ды құп көретінін айтты. Талқылау ба­рысында бұл межені қазіргі бес пайыз­дан жеті пайызға қайта көтеру жөнінде ұсы­ныстар айтылыпты. «Бұл ереже кезін­де Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бас­та­­­масымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір сеп­тігін тигізді. Межені төмендету арқы­лы Парламенттегі ірі саяси күштердің үс­тем­дігін азайтып, партиялар арасындағы бә­секені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бү­гінгі таңда осы норманың тиімділігіне кө­зі­міз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мә­жіліске алты партияның өтуі – соның ай­қын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыз­дық межені қалдырған жөн деп санай­мын», – деді Қ.Тоқаев.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шы­ғарушы органның жұмыс тәртібі мен рә­сімдеріне қатысты болған. Жаңа Пар­ла­ментте депутаттарды бес жылға сайлау көз­деліп отыр. Заң қабылдаудың үш ке­зең­нен тұратын процедурасы ұсынылады. Де­путаттар бірінші кезеңде заң жобасын жал­пы мақұлдайды. Одан кейін өзгеріс­тер­ді мақұлдайды, соңында заңды қабыл­дай­ды. Осылайша, біз Парламент қызме­тін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси рефор­ма­лар­ды одан әрі жалғастырамыз. Мемле­кет­тің институционалдық тұғырын ны­ғай­тып, «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» қағи­да­тына сәйкес орнықты саяси жүйе қа­лып­тас­тыра­мыз. Басты мақсатымыз да – осы. Би­лік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.

«Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қол­ға алған Парламенттік реформа елі­міздің әлеуетін арттыратын болады. Со­ны­мен қатар әлеуметтік-экономикалық өз­герістердің қарқынын күшейтіп, сапа­сын жақсарта түседі. Мен Мемлекет бас­шы­сы ретінде бұған кәміл сенемін.

Мен реформалар қоғамның қажеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес үздіксіз жалғаса беретін үдеріс екенін бұ­ған дейін бірнеше рет айттым. Өзгеріс жа­­сау мәселесі әбден пісіп-жетілгенін Жұ­­мыс тобы аясында өткен талқылаулар­дың қорытындысынан анық байқауға болады. Біз заңгерлер мен сарапшылардан, қоғам белсенділерінен парламенттік ре­формаға қатысты бес жүзден астам ұсы­ныс алдық. Еліміздің жалпы консти­ту­ция­лық құрылымына қатысты ұсыныстар са­ны бұдан үш еседей көп болды. Оның ішінде Жұмыс тобының құзыретіне кір­месе де, нақты негіздемесі бар, мұқият қа­­­растыруды қажет ететін мәселелер де бол­ды. Мысалы, қоғамды өңірлер мен эт­номәдени бірлестіктер өкілдерінің мем­лекеттік билік жүйесінде болуына қа­тыс­ты жайттар алаңдатады. Бұл жайында де­путат Пономарев баяндады. Мұның елеу­сіз қалдыруға болмайтын, маңызды мә­селе екені сөзсіз. Сондықтан оған мем­ле­кет мүддесін ескере отырып, зор жауап­кер­шілікпен қарау қажет. Жоспарланған өз­герістің бәрі үйлесімді болып, бірін-бірі то­лықтырып отыруы керек, ешқашан өза­ра қайшылыққа әкеп соқтырмауға тиіс.

Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бі­регей үлгісі конституциялық қағидат­тар­ға негізделген. Елімізде билік пен қо­ғам арасындағы қарым-қатынастың қа­лып­тасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұс­та­нымым – осы құндылықтарды сақтап қа­на қоймай, нығайта түсу қажет», – деді Президент.

Халық Кеңесі – жаңа институт

Сөз басында Ұлттық құрылтайдың Қы­зыл­ордадағы басқосуы осынау құры­лымның соңғы жиыны болғанын айттық. Өйткені Президент институционалды өз­­­­­герістер жасалатынын атап өтті. 

«Реформалардың жаңа кезеңінде қо­ғам дамуының барлық мәселесіне қа­тыс­ты тұрақты жалпыұлттық диалог жүр­гізу үшін ауқымды платформа немесе биік мін­бер қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қо­ғамдық-саяси бірлестіктер мен құры­лым­дар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассам­блея­сы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты мис­сиялары табысты аяқталды деп са­науға болады. Енді жаңа институт ретінде Қа­зақстанның Халық Кеңесін құруды ұсы­намын. Ассамблея мен Ұлттық құрыл­тайдың қазақ мемлекеттілігін және Қа­зақ­стан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стра­тегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Ха­­лық Кеңесі басқа елдердегі консуль­та­тив­ті құрылымдардың оң тәжірибелерін ес­­кере отырып құрылатын жаңа мемле­кет­­тік орган болмақ. Оның құрамына бар­­лық этностың, түрлі санаттағы азамат­тар­дың және аймақтардың өкілдері кіре­ді», – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзіне қара­ған­да, Қазақстанның Халық Кеңесі мем­ле­­­кетіміздің жоғары консультативтік ор­га­ны мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адам­нан жасақтап, оған этномәдени ор­та­­лықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бір­лестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент  тағайындай-ды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлай-ды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұ­мыс істеп, ротация арқылы тағайын­да­ла­тын екі орынбасары, сондай-ақ хат­шы­лық меңгерушісі болады.

«Халық Кеңесіне заң шығаруға бас­тама­шылық ету құқығы берілуге тиіс. Бұл қа­дам оның мәртебесін айтарлықтай арт­тыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жо­ғары органы рөлін атқарады. Қазақстан хал­қы Ассамблеясының этносаралық жә­не конфессияаралық келісім мәселелеріне қатыс­ты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсы­ныс­тар әзірлеу жаңа органның негізгі мін­де­тінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сон­дай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ереже­ле­рін түсіндіріп, насихаттау жұмысымен ай­налысады. Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезін, мем­ле­кеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзыретіне кіреді. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі», – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мәтінін де сүзгіден өткізу өзек­ті екенін атап өтті. Бұл мәселеге қа­тыс­ты кәсіби заңгерлер пікірлерін біл­дір­ді. «Олар Конституциямыздың кейбір тұс­тарын нақтылай түсу қажеттігіне назар ау­дарды. Атап айтқанда, Мемлекет бас­шы­сын сайлау мәселесі бойынша маңыз­д­ы ұсыныс бар. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмай­тын­дай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қал­ған мерзімге Сенат Төрағасына бері­леді. Сенат Төрағасының мемлекетті бас­­қару­ға мүмкіндігі болмаса, Президент өкі­­леттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиіс­ті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте мә­селенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөз­ге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мер­зім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүм­кін. Сондықтан Мемлекет басшысы мер­зімінен бұрын қызметтен кетсе, екі ай­дың ішінде кезектен тыс Президент сай­лауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам ха­лық­аралық озық тәжірибеге сай келеді.

Еліміздің кез келген басшысы билікке сай­лау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс! Сонымен қатар Конституциямыздың мә­тінінде жекелеген қателер бары анық­тал­ды. Кезінде терминологиялық, стильдік кем­­шіліктерге жол берілген. Конститу­ция­лық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек. Бұл жұмысқа заңгер­лер­мен қатар, білікті тіл мамандары ша­қы­рылады. Тағы бір маңызды мәселе. Біз Ата Заңның Преамбуласын ұлттық құн­ды­лықтарымызды айшықтап, қанша за­ман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ же­ріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің та­рихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы да­­­­ладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері еке­нін паш етуіміз керек.

Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бә­ріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақ­сат ретінде көздейміз және оған жете­міз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Не­­­­гізгі заңға, соның ішінде Преам­бу­ла­ның жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құру­ға, сондай-ақ табиғатты аялауға және қор­шаған ортаны қорғауға қатысты қағи­дат­тарды енгізу керек деп санаймын. Мем­лекет құрылысына қатысты осы қа­ғи­даттың бәрі – ешқашан ескірмейтін, әр­дайым өзекті болып қала беретін және қай­та қарауға жатпайтын мызғымас қа­ғидаттар. Біз Ата Заңда еліміздің зайырлы мем­лекет екенін әйгілейтін нормаларды сақ­тап, күшейте түсуіміз қажет. Конс­ти­ту­­циямыз заман талабына сай болуы ке­рек.

ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жыл­дам жүріп жатыр, тұрақты және аса қар­қынды сипатқа ие болды. Жоғары тех­нология адамның күнделікті өміріне, құ­қықтары мен бостандықтарына тікелей әсе­рін тигізе бастады. Болашақта бұл үр­діс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сон­дық­тан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата Заң­­да міндетті түрде аталып өтуі қажет. Конс­титуцияда азаматтардың дербес цифр­лық деректері заңмен қорғалатыны нақ­ты айтылуы керек деп санаймын.

Мен әзірге келіп түскен ұсыныстардың не­гізгі тұстарына тоқталып өттім. Осы­лай­ша, конституциялық реформаның жал­пы сұлбасы шығып келеді. Жарты жыл бойы өткізілген пікірталастар мен тал­қылаулар кезінде алдағы реформаға қа­тысты басты ұстанымдар айқындалды. Бұл ұстанымдар бір-бірімен өзара тығыз бай­ланысты. Тиісті байланыс арналары ар­қылы халықтан келіп түскен идеялар мұ­қият сараланды. Ойға қонымды бас­та­малар барынша ескерілді. Халықтың қол­дауына ие болса, Қазақстанның мем­ле­кеттік құрылысының жаңа кезеңі баста­лады», – деді Қ.Тоқаев.

Реформалар үстірт болмауы керек

Жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрыл­тай мүшелерінің реформаларды жүзеге асы­руға белсене атсалысып жүргенін атап өтті.

«Елдегі өзгерістердің логикасын жақ­сы түсінесіздер. Саяси жаңғырудың басты мақ­саты – Қазақстанның әлеуетін арт­тыру және мемлекеттілігіміздің қазіргі за­манғы сын-қатерлерге дайындығын кү­шейту. Үстірт өзгерістер жасау маңызды емес. Мемлекеттік институттардың түпкі мә­нін өзгерту және олардың өзара байла­нысын жақсарту маңызды.

2022 жылғы конституциялық рефор­ма­лардың нәтижесінде, біз саяси жүйені тең­герімді етуге және мемлекеттік бас­қару­дың тиімділігін арттыруға арналған ша­ралар қабылдадық. Заң үстемдігін ны­ғайтып, құқықтық мәдениетті орнықтыру үшін Конституциялық Сот құрылды. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қа­был­данған соң сот үкімдері азаматтар мен кә­сіпкерлердің пайдасына көбірек ше­шіле бастады. Олардың өз заңды мүд­делерін табысты қорғауына жол ашылды. Кас­сациялық соттардың құрылуы және Адам құқығы жөніндегі уәкілдің конс­ти­туциялық мәртебеге ие болуы аза­мат­тар­дың құқықтарын қорғау жүйесін ны­ғайту жолындағы маңызды қадам болды», – деді Президент.

Қазақстан сайлау жүйесін және өкілді органдарды жасақтау тәртібін жетілдіріп, олардың саяси ықпалы мен Қазақстан сайлау жүйесін және өкілді органдарды жасақтау тәртібін жетілдіріп, олардың саяси ықпалы мен құзыреттері едәуір күшейтілді. Жаңа сайлау моделі Парламентке және мәслихаттарға түрлі идеологиялық көзқарастағы адамдарға және саяси партиялар өкілдеріне жол ашып берді. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесі ен­гізілгеннен кейін атқарушы билік тар­мағы жаппай жаңарды. Мемлекет бас­шысының туыстарына басқару жүйе­сін­дегі жоғары әрі негізгі лауазымдарды ие­ле­нуге тыйым салынуы аса маңызды конс­­титуциялық жаңалық болды. Осы­лай­ша, жан-жақты өзгерістер сот, заң шы­ғару, атқару сияқты билік тармақ­тары­ның бәрін қамтыды. Бұл өзгерістер орта­лық деңгейде де, өңірлік деңгейде де бол­­ды. Бұдан бөлек, жоғарғы билік дең­гейін­де, яғни Президенттік институтта да елеу­лі өзгерістер жасалды.

«Жүзеге асырылған және жоспарланып отыр­ған өзгерістер асығыс қабылданған не­­месе белгілі бір жағдайға байланысты туын­­даған шешімдер емес. Мен бұл ре­фор­маның бәрін мемлекет мүддесінің сөз­­сіз басымдықтары мен халықтың игі­лі­гі тұрғысынан мұқият ойластырдым. Сон­дықтан бастамалардың бәрі елді жан-жақ­ты жаңғыртудың ұзақ мерзімге ар­нал­ған біртұтас стратегиясына тоғысып отыр. Оң әрі тұрақты нәтижеге жету үшін эво­люция­лық жолмен жүру, кезең-кезеңімен әре­кет жасау, сондай-ақ қоғамды жаңа сая­си және экономикалық ахуалға бейім­деу қажет екеніне сенімдімін», – деді Қ.Тоқаев.

Вице-президент институты құрылады

«Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп хал­қы­мыз бекер айтпаған. Ұлттық құрыл­тай­дың бүгінгі қорытынды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол се­бепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым ке­леді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бір­неше жыл бойы мұқият қалыптастырып ке­ле жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйі­ні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Рес­публикасының Вице-президенті инс­титутын құру, тиісінше оны Конс­титу­ция­да бекіту туралы болып отыр. Вице-пре­зидентті Мемлекет басшысы Парламент депу­таттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет ая­сын Мемлекет басшысы өзі белгілейді», – дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев аталған инс­титуттың қызметіне тоқталды.

Вице-президент Президенттің тап­сырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мем­лекеттер делегацияларымен өткізі­ле­тін келіссөздерде Қазақстан Республи­ка­сы­ның атынан өкілдік етеді;

– Парламентте Президенттің атынан өкіл­дік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғам­дық-саяси, ғылыми және мәдени-ағар­ту­шылық ұйымдарымен қарым-қатынас ор­натады;

– Президенттің басқа да тапсыр­ма­ла­рын орындайды.

«Вице-президенттің қызметтік мін­дет­теріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн бо­лар еді. 

Қазіргі Парламенттің қызметін қамта­ма­сыз етіп отырған аппараттық құрылым­ның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауа­зымы қысқартылады. Президент Әкім­шілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қажеттілікке сәйкес рефор­ма­ланады. Сіздер Вице-президент лауа­зы­мы бірқатар мемлекетте бар екенін бі­летін шығарсыздар. Біздің жағ­дайы­мыз­да бұл лауазымды енгізу мемлекетті бас­қару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді. Осы конституциялық жаңа­шыл­дық Президент билігі институтының өзі әл­сірейді дегенді білдірмейтінін атап өт­кім келеді. Керісінше, Президент лауа­зы­мы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым бо­лып қала береді. Қазақстанның Пре­зи­денттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көр­сетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік би­лік реформалары, атап айтқанда, бір па­латалы Парламент – Құрылтайға көшу, Ха­лық Кеңесін құру, Вице-президент лауа­зымын енгізу еліміздің дамуына зор сер­пін береді, оның әлеуетін арттыра тү­се­ді деп сенемін», – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Президенттің пайымдауынша, 2022 жыл­ғы жүйелі өзгерістермен қатар алып қарағанда, алдымызда тұрған рефор­ма­ларды жүзеге асыру – 1995 жылы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде жаңа конституциялық үлгі­ге көшу деген сөз. Осы бастамалар жал­пы­халықтық референдумда азаматтары­мыз тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қа­зақстанның мемлекеттілігі, еліміздің сая­си жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Осы­лайша, біз бір ел, бір халық болып, қа­­зіргі алмағайып заманның сын-қа­тер­леріне төтеп береміз, оларды еңсереміз.

«Жалпы, бастапқыда Парламенттік ре­форма аясында Ата Заңның 40-қа жуық ба­бын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұ­мыс барысында түзетулер саны әлде­қай­да көп екені белгілі болды. 2022 жылғы ре­формада Ата Заңның 33 бабы жаңар­ға­нын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конс­титуция қабылдаумен пара-пар қа­дам жасағалы тұрмыз.

Сондықтан мен Конституциялық ко­мис­сия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Ко­миссия құрамына 100-ден астам азамат кіре­ді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мү­шелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құ­ралдары басшылары, аймақтық мәслихат төра­ғалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық Соттың тө­рағасы жетекшілік етеді. Комиссия бар­лық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз.

Әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұр­ға­нына қарамастан, біз елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырдық. 2022 жылғы конституциялық реформаға, одан кейін Атом электр станциясын салу­ға қатысты референдум кезінде хал­қы­мыз­дың басым көпшілігі мені қолдады. Мен әрбір шешімді елге қажеттігі тұр­ғы­сы­нан мұқият саралай отырып қабыл­дай­мын. Азаматтардың әл-ауқатын жақ­сар­туға бағытталған нақты жұмыспен ай­на­лысу – мен үшін бәрінен маңызды. Ха­лық­тың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүд­десі – мен үшін баға жетпес құндылық. Ал­­дағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуел­сіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете бере­мін. Осы орайда, стратегиялық бағдарым­ды үнемі қолдап келе жатқан барша ха­лық­қа және осы залда отырған еліміздің лайықты азаматтарына шын жүректен ри­зашылығымды білдіремін және зор ал­ғысымды айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сөз соңында Мемлекет басшысы Ұлт­тық құрылтайдың ел тарихында қала­ты­нын атап өтті. Ол аз ғана уақыт ішінде ау­қымды жұмыс атқарды. «Әділетті, Қуат­ты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бір­ге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-эко­номикалық, әлеуметтік және рухани бол­мысын өзгерту жолында зор еңбек ет­тіңіз­дер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыздар. Алдағы уақытта да біз бір­ге ел игілігіне қызмет ете береміз деп се­немін. Бізді әлі де көп жұмыс күтіп тұр.

Ұлт болашағын айқындайтын ең маңыз­ды шаруалар енді басталды. Сон­дықтан қиындықтан жалтарып немесе та­бысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бе­кемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз ке­рек. Келесі Парламентіміз халқымыз­дың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен атал­са, мұны жақсы ырымға балауға бола­ды деп сенемін», – деді Президент.

Сонымен қатар жиын соңында Ұлттық құ­рылтайдың қызметіне белсене атса­лы­сып, реформалардың табысты жүзеге асы­рылуына елеулі үлес қосқан бір топ аза­матты мемлекеттік наградамен мара­пат­тады.

Дайындаған

Ардақ СҰЛТАН