Ауру мазалап, бас ауырып, балтыр сыздап, дерт жанды жеп бара жатса, ем табам деп небір әдіс-тәсілді көрмекке бекінеріңіз анық.
Бағыты белгісіз балама ем
280
оқылды

Бүгінде әлеуметтік желіде жарнамасы жарқырап тұрған биорезонанстық терапияның, яғни БРТ аппаратының кереметіне сеніп, ерекше әдіспен емделіп жүргендердің қатары артқан секілді көрінеді. Құны миллион теңгеден басталатын БРТ аппараттарының расымен де денсаулыққа пайдасы бар ма? Ақ-қарасын анықтап көрдік.

Терапияны ұсынатын ма­ман­дар әдістің құдіретінде шек жоқ дейді. Аппарат 4 мыңға жуық аурудың алдын алуға ес­керту беріп қоймай, пайда болған ауру­ды толығымен емдеп жазады-мыс. Терапияның аллергия, со­зыл­­малы шаршау,  психоэ­мо­цио­нал­дық бұзылыс кезінде пайдасы зор, тіпті ағзадағы макро, мик­роэ­лементтер мен дәрумендердің жетіспеушілігін дәл анықтап, іштегі паразиттерді тазалайды екен. Қаптаған жарнаманың дені осын­дай қорытынды береді, бір қы­зығы, биорезонанстық тера­пия­ны жасанды интеллект тех­но­логиясының бірегей өнімі деп са­найтындар да бар. Біз алдымен био­резонанстық терапияны алты жыл зерттеп, аппаратты сатумен айналысып жүрген блогер Рау­шан Дәулетқызымен тілдесіп көр­дік.

– Биорезонанстық терапия (БРТ) аппараты – адам организ­мін­дегі электромагниттік тол­қын­­дарды өлшеп, оларды белгілі бір жиілікке келтіру арқылы ық­пал етуге арналған медицинадағы альтернатив әдіс. Аппарат клас­си­калық медицинаға жатпайды, де­генмен адамдар оны денсау­лық­ты қалпына келтіру, энер­гия­ны теңгеру үшін қолданады. Жүк­ті әйелдерге, асқынған со­зыл­малы аурулар, тырысқақ, қа­терлі ісік ауруы бар пациенттерге қолдануға болмайды, – дейді Р.Дәулетқызы.

Раушан тәжірибесінде кез­дескен жағымды жаңа­лық­тарды әңгімелеп берді. Тілі шық­паған балалардың тілі шы­ғып, қыз-келіншектер бала кө­те­ріп, дені сау ұрпақ сүйген. Әдісті қол­данғандардың гармон бұзы­лы­сы реттеліп, тері ауруларынан айық­қан. Маманның айтуынша, бо­лашақта әрбір адам өз резо­нанс­тық толқын жиілігінде ішкі күйін реттеу үшін аппаратты қол­данатын болады. Терапияның не­гіз­гі идеясы – аппарат арқылы нау­қастың электромагниттік тер­бе­лістерін реттеп, ағза бұзы­лы­сын түзету. Десек те, Раушан ап­па­­раттың ЖИ жүйесі арқылы жұ­мыс істейтінін жоққа шығар­ды. 

– БРТ аппараттары ғылыми ма­­ғынадағы жасанды интел­лект­пен жұмыс істемейді. Олар, негі­зі­нен, электромагниттік тер­бе­ліс­­­­терді өлшеп, эталон жиі­лік­термен салыстыратын биорезонанстық принципке сүйенеді. Нағыз ЖИ-ға қажет алгоритмдер, оқыту де­рек­тері мен бақылау жүйелері бұл құрыл­ғы­ларда қолданылмайды, – дейді ол. 

Қазір БРТ ап­па­рат­тары кейбір кли­ни­калар мен жеке­мен­шік медициналық ор­­­­­та­лықтарда қосымша ем ретінде ұсы­нылады, алайда Дү­ниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы ғылыми емдеу тәсілі ретінде мойындаған емес. Батыс ел­дері де терапияға сын көзбен қа­­­райды, себебі емнің әсері жө­нін­де дәлелдер жоқ, зерт­теулер аз. Шағын клини­ка­лық зерт­теу­ле­р­­де терапия алған кейбір ерлер те­­мекіні тастап, енді бірі деп­рес­сия­дан арылған, алайда зерттеу то­бы тар бол­ған, пайдасын көр­ген­дердің пайыз­дық үлесі де тө­мен дең­гейде... Со­ған қарамас­тан ап­паратқа қы­зы­ға­тын жандарда есеп жоқ, бірі тек са­ту­мен айна­лыс­са, бірі үй жағ­дайында ем алу үшін қол­данады.

БРТ аппа­ра­ты терапевт, ал­лерголог, им­му­нолог ма­ман­­дардың жұмысын жеңілдетеді деген ақпар да бар. Бірін­­­ші санат­тағы жалпы тәжірибелік дәрігер, медици­на­лық сарапшы Жа­зира Сматқызына ха­барласып, биоре­зо­нанстық терапияға сену­ге бола ма деп сұраған едік.

– Биорезонанстық тера­пия – баламалы медицинаға жа­татын, ғылыми тұрғыда дә­лел­ден­беген әдіс. Адам ағзасындағы электро­магниттік толқындардың жиі­лігі бұзылады, аппарат сол бұ­зылған тол­қындарды рет­­теп тү­зейді де­ген қағида бол­­­ғанмен, нақ­ты ғылыми дә­ле­лі жоқ. Жеке кли­­никаларда зерттеу жүріп жа­тыр, әзір­ге қарсы көр­сет­кіші жайын­да ақ­пар мардымсыз. Па­циент­тер аллер­гия, асқазан-ішек жо­лын­дағы бұзылыстар, со­зыл­­ма­лы шаршау, бас ауруы, әлсіздік се­кілді симптомдар кезінде осы әдісті қолданады. Кә­сіби дәрігер ретінде айтарым, қазіргі ғылыми база биоре­зо­нанс­тық терапияны тиімді ем деп мойындамайды, тек қосымша ем, психологиялық қол­дау ретінде қарас­тыруға бола­ды, –  дейді 16 жыл­дық тәжірибесі бар терапевт.

Дәрігер жұрттың ауруханаға барып, кезекке тұрып, меди­ци­на­­лық тексеруден  өтуге уақыт жұм­сағысы келмей, тиімді әдіс деп БРТ аппаратын қол­да­на­ты­нын айтады. Өкініштісі, уа­қы­тылы тексеруден өтпей, жағдайды ушықтырып алатын жағдайлар аз емес. 

– Тікелей физикалық зияны жоқ деп саналғанмен, ең үлкен қауіп-қатер – дәлелдеген меди­ци­­налық емді кешіктіруі мүмкін. Пациенттер сеніп, терапияны қол­данып жүргенде, созылмалы не­­месе ауыр аурулар асқынып, ем­деуді кешіктіріп, уақыт жо­ғал­тып алуы мүмкін. Протоколда жа­зылған, дәлелденген меди­циналық ем ғана әлдеқайда тиім­ді, – дейді Ж.Сматқызы. 

Сол себепті сенімсіз, дә­ле­лі жоқ емге жүгіріп жүріп, қайғылы жағдайға душар болып қалмаңыз. Астана қаласының №5 қалалық емханасының дирек­торы, дәрігер Алтыншаш Жұ­маш­­қызы да биорезонанстық те­­рапияға күмәнмен қарап, дә­лел­денген медициналық емді қол­дану қажетін қатаң ескертті.

– Биорезонанстық терапияны бар­лық ауруды емдейтін әдіс ре­тінде ұсынып жүргендер көп, алай­да дәрігер ретінде айтарым, бұл тәсіл дәлелді медицинаға жат­пайды. Ол клиникалық зерт­теу­лермен дәлелденбеген, стан­дарт­ты диагностика мен емдеуді ал­мастыра алмайды. Ауруды анық­тауда медициналық тексеру, зер­т­ханалық және аспаптық зерт­теулер қажет. Бір аппараттың «мың­даған ауруды емдейді», «дә­рі де, дәрумен де қажет емес» де­ген уә­десі ғылыми негізге сүйенбейді. Адам­дардың тез жазылып кетуге үміт­тенуі түсінікті, бірақ үміт пен ме­дицинаның ара-жігін ажырата білу маңызды. Денсаулық экс­пе­ри­мент жасайтын сала емес. Кез кел­ген емдеу тәсілін таңдағанда, қауіп­сіздігі мен тиімділігі дәлел­ден­геніне көңіл бөлу керек, кү­мән­ді әдістерге сын көзбен қара­ған жөн, –  дейді білікті дәрігер.

Дәстүрлі медицинаға жат­пай­тын түрлі әдіс-тәсілдің жар­на­ма­сы әлеуметтік желіде еш шек­теу­сіз жарияланып жатыр. Алайда кли­никалық зерттеуден өтпеген, пай­дасыз емге жарнама жасау қан­­шалықты дұрыс? Елімізде дәс­түрлі емес медициналық қыз­метті реттейтін нормалар 2006 жылы жойылғаннан кейін бұл мәселеге нақты көңіл бөлінбей ке­леді. Денсаулық саласында құ­қықтық-заңнамалық реттеудің те­тігі болмағандықтан, медици­на­лық білімі жоқтар да халықты ал­дап, өздігінен түрлі ем жүргізіп жа­тыр. Бірі медициналық каби­нет ашып, енді бірі түрлі тера­пия­ны жарнамалап, табысқа кенеліп жүр. 

Ауруына шипа іздеген жан­ның қай тәсілді қолданам десе де, әлбетте, өз еркі. Бастысы, ақылға қон­байтын жарнаманың құрба­ны­на айналып қалмаңыз демек­піз.

А.ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ