Бензин мен дизель тақырыбы – ел ішінде жиі айтылатын мәселе. Әзірге баға жанар-жағармай құнына қойылған мораторийдің әсерінен уа­қытша тұрақталған сыңай­лы.
Жанармай нарығындағы ахуал: баға көтеріле ме?
коллаж: Елдар ҚАБА
205
оқылды

Дегенмен отандық сарап­шылар кез келген тауар на­рық­та табиғи бағада сатыл­маса, тапшылыққа тап болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Бензин де қазір сол тауарлардың тізбегінен бол­мақ. Ал тұтынушылар «ар­зан жанармай кезеңі қан­ша уақытқа созылар екен» деп бас қатырып жүр. Өйт­кені сыртқы келісімдер мен аймақтық нарықтағы өзгеріс­тер бағаның мүлде басқа бағытта өзгеруіне себеп бо­луы мүмкін.

Қаңтарда елді елең еткізген жаңалық­тың бірі – «Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы 2026 жылдың соңына дейін өсуге тиіс» деген ақпарат болды. Бұл туралы мұнай нарығын зерттейтін сарапшы  Олег Червинский ескертіп, биыл жанар-жағармайға төмен баға сақталатын соңғы жыл болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, бағаның көтерілуіне 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО аясында ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру туралы келісімнің күшіне енуі себеп болмақ. Іс жүзінде бұл Қазақ­стан ішкі нарықтағы жанармай бағасын Ресей мен Қырғызстан деңгейіне жақын­датуға мәжбүр болады дегенді білдіреді. Қазіргі уақытта бензин елімізде көрші мемлекеттерге қарағанда шамамен екі есе арзан.

Дегенмен мұнай саласының сарап­шысы Олжас Байділдинов бұл пікірмен келіспейтінін айтуда. Оның айтуынша, отандық нарықтағы ахуал өзгермесе, Қазақстан өңірдегі өзге елдердің эко­номикасын субсидиялаушы болып қала беруі әбден мүмкін.

– Жанармай бағасы қалай болғанда да өседі. Олег Червинскийдің Telegram-дағы жазбасында бұл мәселе дұрыс жеткізілмеді деп ойлаймын. Себебі кез келген тауар мен қызметтің доллармен есептелетін өзіндік құны бар. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2000 жылдардың басында премьер-министр болған кезде де, қазіргі ел басқарып тұрған уақытында да бізде жанармай бағасы доллармен есептегенде бірдей деңгейде. Ол кезде АИ-92/93 бензині 50 теңге тұратын, яғни доллар курсы 120 теңге болғанда, шамамен 40 центке тең. Қазір АИ-92/93 бензин 230–240 теңге, доллар 510–520 болғанда бұл да шамамен 40 цент. Оның үстіне, осы жылдар ішінде жанармай сапасы айтарлықтай артты. Маған 20 жыл ішінде доллармен есептегенде, сол баяғы 40 цент деңгейінде қалған қандай тауар бар екенін көрсетіңізші? Әрине, ондай тауар жоқ», – дейді маман.

О.Байділдиновтің сөзіне сенсек, мұ­най өндіруде де, тасымалдауда да, өңдеуде де доллармен есептелетін шығындар көп. Бұл доллар курсына да, әлемдік бағаларға да тәуелді. 

– Доллар қымбаттаса, жанармай да қымбаттайды. Мұнда ЕАЭО-ның еш қатысы жоқ. Керісінше, біз ЕАЭО ая­сында Ресейден жанармайды кедендік бажсыз импорттап отырмыз. Егер ЕАЭО болмаса, біріншіден, баж салығын төлер едік, екіншіден, мүлде сатып ала алмас едік, себебі Ресейде мұнай өнімдерінің кейбір түрін ЕАЭО-дан тыс елдерге экспорттауға тыйым салынған. Қазір біздің ішкі нарық керісінше тапшылық жағдайында. Жыл сайын Ресейден 400–500 мың тонна бензин, 300–400 мың тонна дизель алып келеміз. Сонымен қатар біз авиакеросин, битум және басқа да өнімдерді тұтыну көлеміне жететіндей өндіре алмаймыз. Сол үшін импорттауға мәжбүрміз. Ал импорт өнімдерін сыртқы нарықта баға жоғары болса, Қазақстанға әкеліп арзанға сата алмайсыз, – деді ол.

Сарапшы сол сияқты инфляция, тауардың өзіндік құнының өсуін, тең­генің құнсыздануын да ескергеннен бөлек, көрші елдер факторы бар екенін назарда ұстаған дұрыс екенін айтып отыр. Өйткені ол жақта жанармай біз­­ден қымбат. Оның айтуынша, бұл жағ­даймен біз бүгін ғана бетпе-бет келіп отырған жоқпыз, сондықтан қазіргі шек­­теулер уақытша тиімді болғанымен, ұзақмерзімді перспективада ұшпаққа шығара қоймайды. 

– Себебі біз бағаны ұстап тұрғанда, көршілерде ол екі есе қымбат болса, Қазақ­станнан жанармайды заңды да, заңсыз да жолмен алып кетеді. Тіпті, жерасты құбырларын тартып алады. Шекарамызды ескерсек, оған тосқауыл қою мүмкін емес. Президент айтқандай, біз көрші елдердің экономикасын жанама түрде субсидиялап отырмыз: жүк тасымалы, транзит – бәрі біздің арзан жанармай арқылы жасалады, – деп сөзін жалғады Олжас Байділдинов.

Сондай-ақ сарапшы қазіргі өңдеу ба­ғасы сақталса, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу ешкімге тиімсіз екенін алға тартты. Оның сөзінше, тіпті «ҚазМұнайГаздың» өзі мұндай салмақты көтеруге қауқарсыз. Соның салдарынан Қазақстан жыл сайын импорт көлемін ұлғайтып отыр.

– Егер бізде баға айырмасы күшейе берсе, жанармай құю стансаларында екі түрлі баға пайда болады: біріншісі, қымбат ресейлік бензин және екіншісі,  қағаз жүзінде арзан болғанымен, іс жү­зінде қазақстандық бензин нарықта жоқ. Жалпы сала либералды бағаға өтуі керек. Сонда ғана бұл бағытқа ин­­вес­­тиция келеді, біз алдымен ішкі сұра­нысты қамтамасыз етіп, қажет болса, экспортқа шығара аламыз. Басқа жол жоқ. Мен мұны бұрыннан айтып келемін және өзім оны бір сөйлеммен былай түйіндеймін: Қазақстанда арзан энергия тасымалдағыштар дәуірі аяқталды, – деп сарапшы сөзін аяқтады.

Маман сөзінің жаны бар. Оны өзге әріптестері де мақұлдайды. Жалпы, елі­міз еркін нарық қағидаларына сүйеніп тіршілік етуге көшкелі экономистердің алға тартатын ұраны да осы: «барлық тауардың құны тұтынушының қалтасынан өтелуге тиіс». Тәуелсіз сарапшы Сапар­бай Жобаев мырза да олигополия өкілдері бензин бағасын төмен деңгейге ұстап тұруға мүдделі екенін жасырмады. Өйткені олар қарапайым халықтың қалтасы көтермейді деген жаңсақ мәлім­деме жасау арқылы субсидиядан құр алақан қалмауды көздейді.

– Бензиннің бағасы, расымен де, көршілес елдермен сәйкес болуы керек. Бұл өнімді бізден контрабандамен алып шығуға кедергі болатындай экономика­лық шектеулер керек. Ол үшін баға бір-бірімен тең болмаса да шамалас деңгейде болғаны абзал. Билікте отырған олигархтардың көбісі бензин бағасының төмен болуына мүдделі. Неге десеңіз, олар осы арқылы үш түрлі жолмен пайда табады. Біріншіден, халыққа арзан жа­нар-жағармай ұсынып отырмыз деп бюджеттен триллиондап субсидия алады. Кейбір олигархтардың екінші табыс көзі – контрабанда. Үшіншіден, олардың отбасы мүшелері жанар-жағар­май шығыны жоғары көлікпен жүреді, сондықтан оларға бағаның төмен болғаны әсіресе тиімді, – дейді экономист.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, дәл қазірдің өзінде бензин бағасын 340–380 теңгеге көтерілсе де, өзге тауарлардың құнына айтарлықтай әсері болмайды. 

– Себебі өнімнің өзіндік құнындағы транспорттың үлесі 3–4 пайыз ғана. Мораторий аяқталған соң, екі-үш ай көлемінде бізде де жанармай құны өзінің нарықтағы табиғи деңгейіне, яғни 250–280 теңгеге жетуі керек деп есептеймін. Одан кейінгі маңызды мәселе, жанар-жағармай өндірушілердің де табысы болуы керек. Баға осы қалпында қала берсе, сол мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің де табысы өспейді, ин­вестиция тарту қиындайды. Ал субси­дия алып, табысқа кенеліп отырған шен­ді-шекпенділер одан салық та төле­мейді. Басқа шетелдік компаниялар бюджетімізге триллиондап ақша құйып отыр, – деп түйіндеді сөзін Сапарбай Жобаев.

Демек, ертең жер сипап қалмас үшін бүгін қамданып, нарықтың қаза­нында қайнап жатқан елдердің өз эко­номикамызға тигізер әсерін ертерек сара­лағанымыз жөн.

Кәмила ДҮЙСЕН