Бүгін Айзат Жұманованың өліміне байланысты өтіп жатқан сот отырысында әйелдің ауруханаға қандай жағдайда жеткізілгенін көрсететін бейнекадрлар жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жазбада Айзатты өте ауыр жағдайда күйеуі Айбар Жанболаттың алып келгені көрінеді.
Тергеу деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні Алакөл ауданына қарасты Баласаз ауылында болған. Түн ортасында Айбар Жанболат әйелі Айзат Жұманованы үйден сыртқа шығарып, оны бірнеше рет қолымен ұрып, аяғымен денесінің әр жерінен тепкілеген.
Жәбірленуші оған тоқтауын сұраса да, төпелеп ұруын жалғастыра берген.
Әйел есінен танып қалған, бірақ тергеу нұсқасына сай, күдікті соққыларын одан кейін де тоқтатпаған. Тергеу органдарының пайымынша, бұл қатыгез шабуылдың себебі – қызғаныш. Қайғылы оқиға болған күні ер адам мас болған.
Сол түні Айбар Жанболат Айзат Жұманованы Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізген. Бірақ дәрігерлердің бар күш-жігерін салып емдеуге тырысқанына қарамастан, А. Жұманова жансақтау бөлімінде алған ауыр жарақаттарының кесірінен көз жұмды.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша қылмыстық істің сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін көрсетілген видео – айыптау тарапы ұсынған негізгі дәлелдердің бірі.
Қайғылы жағдай кезінде Айзат Жұманованың жасы 32-де еді. Оған қоса, дереккөздерде күйеуінің А.Жұманованы қатты соққыға жыққан сәті олардың екі жасар қызының көз алдында болған.