Сонымен қатар кәсіпорын бүгінде алдыңғы қатарлы ірі жұмыс беруші саналады және мұнда еңбек адамын қолдаудың жарқын үлгісі қалыптасқан. Біз Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек жолын сорғы қондырғыларының машинисінен бастап, бүгінде комбинат директоры қызметіне дейін өндіріс мектебінен өткен Бауржан Утемисовпен сұхбаттасқан едік.
– Дөң тау-кен байыту комбинатының табалдырығын тұңғыш аттаған күніңіз есіңізде ме? Алғашқы жұмыс күніңіз қалай басталған еді?
– Мен – Хромтауға жақын орналасқан Дөң ауылының тумасымын. Мектеп кезінде біз көбіне Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмыс автобусымен үйге қайтатынбыз. Автобусқа №1 ұсатып-байыту фабрикасының жанынан мінуші едік, ал ашық тұрған қақпаның артынан естілетін фабриканың үні мені үнемі таңғалдыратын. Ес білгеннен тынымсыз еңбектің тынысын сезіп өстім. Ата-анам геологиялық барлау саласында еңбек етті. Олардың жұмыс орындарында болдым, үлкендердің еңбектегі жауапкершілік, адамның өзінің және өзгенің алдындағы айнымас міндеті туралы әңгімесін тыңдайтынмын. Өндіріс балғасы қалай жұмыс істейтіні мен үшін өте қызық әрі таңсық еді. 8-сыныпты аяқтаған соң аудандық газеттен Рудный индустриалдық техникумында түрлі мамандыққа қабылдау жүріп жатқанын көрдім. Соның ішінде, «пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы да бар екен. Аттестаттағы бағаларым жақсы болғандықтан, мені техникумға емтихансыз қабылдады. Техникумды бітірген соң әскерде болдым, одан соң Қазақ политехникалық институтында оқып, 1992 жылы фабрикаға жұмысқа келдім. Оқып жүргенде тәжірибеден өтіп, өндіріс жұмысына етене жақын болғандықтан шығар, фабрика мен үшін бөтен емес еді. Дегенмен бірінші жұмыс күнім ерекше есімде қалды. Себебі дәл сол күні өзімді осы өндірістің толыққанды маманы, инженер ретінде сезіндім, тынысым ашылғандай болды. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш болатын.

– Бала Бауржан қандай еді? Өндірістегі өмір жолыңыз өзіңізді қай жағынан өзгертті?
– Расымен, ойландыратын сұрақ. Арада көп жылдар өтті, уақыт қатпарында талай оқиғалар қалды. Еңбекте жүріп талай жетістікке жеттік, кейде қателіктен сабақ алдық. Қазір артқа қарасам, ең үлкен айырмашылық – жиналған өмірлік тәжірибе екен. Бұл, әрине, бәрімізде солай шығар деп ойлаймын.
– Еңбек майданында 40 жыл аз уақыт емес. Сізді осыншама жыл бойы бір ұжымда, өндірісте ұстап тұрған не деп ойлайсыз?
– Бала арман, өзімнің құштарлықпен таңдаған мамандығым, бүгінде жүрегіме ең жақын іске айналды. Мамандық таңдауда қателеспегенімнің айғағы. Мені ұстап тұрған да өз жұмысыма деген махаббат, мамандығыма деген адалдық. Осыншама жылдан кейін де өзім болғым келетін жерде, өзім жақсы көретін жұмыспен айналысып жүргенімді қуана айта аламын.
– Өндірістегі өмір мектебінің алғашқы баспалдағында кездескен, есте қалған қиын сәттер болды ма? Жүрегіңізде ерекше із қалдырған қандай оқиғаны ерекше айта аласыз?
– Әр кезеңнің өзіне тән қызығы болады. Жұмыста, өмірімнің шамамен 70%-ын өткізетін ортада, басымыздан түрлі жағдай өтті. Біз ұжым болып, «жұдырықтай жұмыла» талай батыл шешім қабылдадық. Әр әріптесім – өз алдына бір тұлға. Мен сіздерге қиындық туралы емес, идея мен құлшыныс туралы бір мысал келтіргім келеді. Бір кезеңде Дөң тау-кен байыту комбинатында зауыттарды қамтамасыз ету үшін ірі бөлшекті концентрат тапшылығы орын алды. Сол кезде біз әріптестермен бірге менің институттағы жетекшім, профессор Илья Райвичтің технологиясы бойынша «Южный» карьерінің беткейінде 10–160 мм көлеміндегі ірі бөлшекті концентрат өндіретін шөктіргіш кешен салуды ұсындық. Бұл кешенді біз ешқандай мердігерсіз, тек цех қызметкерлерінің өз күшімен, қарапайым слесарьлер мен фабрика жұмысшыларының қолымен, бар мүмкіндікті пайдалана отырып жинадық. Тәжірибеде болмаған технологияны іске қостық. Әрине, «жұмыс істемейді» деп күмәнданғандар болды. Бірақ шөктіргіш машина маусымдық режимде бес жыл жұмыс істеді. Бұл қажырлы еңбек ұжымның және әріптестердің бір-біріне деген сенімінің, ынтымағының жемісі еді.

Сонымен қатар ұсақ кластарды байыту учаскелерінің құрылысы, кейінірек шекемтас өндіретін цехтың ашылуы – бәрі өз алдына бір-бір белес. Ол цех ТМД аумағында болат лентамен жұмыс істейтін алғашқы нысан болды. Ал фабрика әлемдік рекордтар орнатқан уақыт, тіпті ерекше есте қалған, ұмытылмас шақ еді. Жалпы, әр жыл өзінің қызықты, қуанышты сәттерімен ұмытылмайды. Біз үнемі ізденісте болдық, дамыдық, жаңа жобаларды жүзеге асырдық және нәтижесін көргенде нағыз ләззат алатынбыз.
– Өндіріс адамды қалай өзгертеді деп ойлайсыз? Ең қиын шешім қабылдаған кезіңіз есіңізде ме?
– Егер адам өзі өзгеруге дайын болса, өндіріс оны міндетті түрде өзгертеді. Ол байыпты бола бастайды, алдын ала ойлап, жоспар құруды үйренеді, кәсіби және жеке жауапкершілігі артады. Өндіріс – бұл үнемі қозғалыста болатын, тірі үдеріс. Мұнда идеяларға, бастамаларға кең мүмкіндік бар. Өзіңді сынайтын, ерекше ынталандыратын орта бар.
Ал мен үшін қиын шешім қабылдаған кезім, ол – белгілі себептерге байланысты уақытша өндірістен шеттеп қалу туралы шешім қабылдауыма тура келген кез. Бұл моральдық тұрғыдан өте ауыр тиді. Өйткені жылдар бойы қалыптасқан өмір ырғағы мен әдеттерім бұзылды. Қайта-қайта жұмысқа бармайтын күннің өзінде таңғы бесте оянып алатынмын. Қазір бәрі жақсы, бірақ ол кезең оңай болған жоқ.
– Сіз, жақсы маман мен жақсы адам арасында айырмашылық бар деп ойлайсыз ба? Болса, ол айырмашылық туралы не айтар едіңіз?
– Қандай жағдай болмасын, алдымен адам болып қалу – ең маңыздысы. Ал байланыс неде десек, егер адамның адамгершілік қасиеттері биік, адал, табанды, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста болса, оған жақсы маман болу әлдеқайда жеңіл. Мұндай адам әрқашан сый-құрметке бөленеді. Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және бөлек шыққан «Сегізінші дағды» атты кітаптарын оқуға кеңес беремін. Онда тәуелсіздік, өзара тәуелділік (жұмыста), үздіксіз даму туралы айтылады. Мұндағы жазылған дағдылар адам бойында қалыптасса, кез келген уақытта өз тиімділігін көрсетеді.
– Тау-кен саласында ең маңызды қасиет қандай деп ойлайсыз? Білім, тәжірибе әлде төзім бе?
– Үшеуі де маңызды. Бірақ мен тәжірибе мен білімді ерекше атар едім. Себебі техникалық мамандар үшін бұл – кәсіби негіз. Ал тәжірибе мен білім жинаған адам уақыт өте шынығып, кез келген жағдайға дайын болуды үйренеді. Сол себепті төзім де өздігінен қалыптасады.
– Комбинат сіз үшін тек жұмыс орны ма, әлде бір мақсатқа жұмылған үлкен тірі ағза іспетті ме? Ал егер ағза болса, оның жүрегі саналатын ұжымның рухын қалай сипаттайсыз, қалай шыңдайсыз?
– Бұл жай ғана жұмыс орны емес екені анық. Дөң тау-кен байыту комбинатының тарихы терең, биыл 87 жыл толып отыр. Көп адам үшін бұл жер – өмірінің бір тарауы ғана емес, тұтас бір отбасылық мұра. Мұнда бірнеше әулет жұмыс істейді: әкеден балаға мұра, атаның жолын немере жалғап жатады. Осынысымен ерекше. Ал ұжымның басты күші – менің ойымша, бірлік. Өндірісте де, отбасында да, достықта да жақсы нәтижеге жетудің кілті – осы бірлік пен кәсібилік.
– Сіз еңбек жолыңызды өндірістегі жұмысшыдан бастап, бүгінде комбинатты басқарып отырсыз. Жалпы, өндірістегі өсу жолы сізге не үйретті, қандай өмірлік қағидалар қалыптастырды?
– Ең бастысы – өз ісіңді шын жүректен сүю. Қандай салада жүрсең де, табысқа жетуді қаласаң, алдымен өзіңе талап қоя біл. Ешқашан тоқтама, әрдайым дамуға, өсуге ұмтылу керек.
– Басшылыққа келгенде өз бойыңыздан немесе өз ойыңыздан қандай да бір өзгеріс байқадыңыз ба? Бұрынғы жұмысшы көзімен бағалау қасиеті сақталды ма?
– Егер еңбек жолыңды өндірістің өзінен, жұмысшылар ортасынан бастасаң, кейін қандай жоғары лауазымға көтерілсең де, сол көзқарасты жоғалту қиын. Әсіресе, бойыңда эмпатия болса, мінезің соған жақын болса. Себебі ол – сенің тәжірибең, бастау алған жерің. Біздің компаниядағы көптеген басшылар да дәл солай, бәрі өндірістің ішінен қайнап шыққан, сондықтан үдерістің барлық қыр-сырын жақсы біледі.
– Жас мамандарға ең жиі айтатын кеңесіңіз қандай?
– Бұрын теледидарда бір жарнама болатын. Адам ақ жолақпен басын тік ұстап кетіп бара жатады, кейін қара жолаққа өткенде басы төмен түседі. Өмір де сол сияқты ақ та, қара да кезеңдер болады. Тек бір нәрсені ұмытпаған дұрыс: қара кезеңнен кейін, міндетті түрде ақ кезең келеді. Ақ пен қара, жақсы мен жаман алмасқан өмір өткелдерінде ешқашан жасымау керек, мойымау керек. Қандай жағдай болса да, алға – басыңды тік ұстап жүру маңызды.

– Ұжымда қиын сәттер болса, сіз шешімді қалай қабылдайсыз? Қандай қағидаларға сүйенесіз?
– Ең басты қағида – адалдық. Алдымен, өзіңе, содан кейін ұжымға адал болу. Адалдық, жауапкершілік, уақытында шешім қабылдау – бәрі маңызды. Бірақ асығыстық пен жылдам жұмыс атқару – екі бөлек нәрсе, оны ажырата білу қажет. Жұмыста да, өмірде де дәл осы ұстаныммен шешім қабылдаймын. Сонымен бірге, қиын сәттерде сабыр сақтап, көтеріңкі көңіл күйді жоғалтпау маңызды. Айтып өткенімдей, өмір бірде қара, бірде ақ жолақ. Егер бүгін қиын болса, ертең соны жақсы күнге айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.
– Бүгінде өндіріс саласы экологиялық тұрғыдан жаңарып, «жасыл технологияларға» бет бұрып келеді. Осы үдерісті сіз қалай бағалайсыз?
– Өте жақсы қабылдаймын, толық қолдаймын. ERG «жасыл» экономиканы дамытуға көп күш салып келеді. Дөң тау-кен байыту комбинатында да экологияға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Қазір жылдар бойы қордаланған қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа фабрика жұмыс істеп тұр. Биыл хромды өндірістік қалдықтардан бөліп алу үшін инновациялық флотация учаскесі іске қосылды. Бұл – экологиялық тұрақты технологияларды дамытудағы маңызды қадам. Мұндай жобалар өңірдің экологиялық дамуына тікелей әсер етеді. Жер босайды, ластану азаяды, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану артады.
– Дөң тау-кен байыту комбинатының болашағын қалай елестетесіз? Сіздің арманыңыздағы өндірістің ертеңгі бейнесі қандай?
– Комбинаттың келешегі кемел болатынына сенемін. «Болашақ» шахтасының дамуы, жаңа өңдеу технологияларының енгізілуі, автоматтандырудың артуы – бәрі комбинаттың жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік береді. Біз үлкен өзгерістерге қарай жақсы қарқынмен келе жатырмыз. Сондықтан кәсіпорынның болашағы айқын әрі жарқын деп айта аламын. Тұрақты жұмыс істейтін, жоспарлы түрде дамитын, тоқтаусыз, үздіксіз, апатсыз өндіріс болуы керек. Еңбек сапында білікті, тәжірибелі, өз ісін жақсы меңгерген мамандар көп болуы керек. Ал ең маңыздысы – комбинаттың жоғары мәртебесі мен беделі әрқашан сақталуға тиіс.
– Сіз үшін табыс деген не?
– Бірінші кезекте – бұл отбасы, менің тірегім. Ұлым, екі қызым және сүйікті жұбайым. Екіншісі – жан-тәніңмен жақсы көретін ісіңнің болуы және оның нәтижесін көру. Осы екі дүниенің үйлесімі, тепе-теңдігі – мен үшін нағыз табыс. Көп жыл бұрын фабрикаға келу туралы жасаған таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін. Бұл – мен үшін жай мамандық емес, өмірімнің үлкен бөлігі, өмір мектебі.
– Өміріңізді бір сөйлеммен түйіндесек, ол қалай сипатталар еді?
– Мен өмірімнің қызық және басқаша болғанын қаламас едім. Әрбір басқан іздерім, әрбір алға қарай аттаған қадамдарыма қарап, еш нәрсені өзгерткім келмейтінімді түсінуім – жақсы сезім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауржан Утемисов – кен саласында 40 жыл тәжірибесі бар, тау-кен металлургия өндірісінің майталман маманы. Еңбек жолын 1984 жылы дәл осы кәсіпорында №2 ұсатып-байыту фабрикасында сорғы қондырғыларының машинисінен бастады. Кейіннен учаске шебері, басшысы, цехтың бас инженері, фабрика директоры сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. 2000 жылы №2 кен байыту фабрикасының басшысы болып тағайындалды.
Оның бастамасымен Дөң тау-кен байыту комбинатының жаңа бөлімшелері салынды. Өндірістік үдерістерді оңтайландыру, кен байыту фабрикаларында технологиялық және техникалық аудит жүргізу, өндірістік процестерді жақсартуға бағытталған көптеген идеялардың авторы. Ол –тәжірибелі тәлімгер, металлургия саласында талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз.
Өндірістегі өнегелі еңбегі лайықты бағаланып, бүгінде «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанып отыр. Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және «Қазхромның үздік рационализаторы» төсбелгісімен марапатталған.