Алматыда 4-клиникалық аурухананың базасында көп ағзалық донорлық процесс өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығына сілтеме жасап.
Донор 1967 жылы туған ер адам болды, дәрігерлер одан мидың өлімін анықтады. Отбасы келісім бергеннен кейін, донордан жүрек, бауыр және екі бүйрек алынды.

Трансплантаттау бригадасының уақытылы үйлестіруі мен жедел жұмысының арқасында келесідей трансплантаттау жүргізілді:
жүрек 1967 жылы туған пациентке қондырылды («Кардиология және ІА ҒЗИ» АҚ);
бауыр 1967 жылы туған пациентке трансплантатталды («А. Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО»);
оң бүйрек - 2006 жылы туған реципиентке («А. Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО»);
сол бүйрек - 1990 жылы туған пациентке («А. Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО»).
Бүгінгі таңда ел бойынша күту парағында 4521 пациент, оның ішінде 106 бала тұр. 2025 жылдың алғашқы 10 айында ғана өлім салдарынан тізімнен 272 адам шығарылды. Демек бұл күн сайын бір адам бақилық болып кетеді деген сөз.

2025 жылдың 12 айында қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан тек 14 донорлық процесс жүргізілді, оның барысында өмірлік маңызды ағзаларды 60 рет трансплантаттау жүзеге асырылды.
«Әрбір донорлық жағдай - бұл дәрігерлердің, үйлестірушілердің, зертханалардың, санавиацияның және процеске бірнеше минут ішінде енгізілетін барлық қызметтің үлкен бірлескен жұмысының нәтижесі. Бірақ бастысы - донор отбасының шешімі. Олардың батылдығының арқасында бүгінде өз мүмкіндігін жылдар бойы күткен адамдар өмір сүріп келеді. Статистика көрсетіп отырғандай, Қазақстандағы ағзаға қажеттілік өте жоғары. Мыңдаған пациент трансплантаттауды күтуді жалғастырып жатыр және біз күн сайын соған көмектесе алатын адамдардан айырылып жатырмыз. Сондықтан әрбір құтқарылған пациент – жай ғана медицинаның жеңісі емес, өмірге қайта оралған адам»,-дейді Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситқазинов.