Фестивальда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері және танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов өзінің музыкалық туындысы – «Астана» симфониясын ұсынды.
Вьетнамда «Астана» симфониясы көрсетілді
Фото: gov.kz
357
оқылды

Ханойда IV Азия-Еуропа халықаралық жаңа музыка фестивалі өткізілді. Іс-шараны екі құрлықтың өкілдерінен тұратын ұйымдастыру комитеті, Вьетнам композиторлары одағы, жергілікті мемлекеттік органдар мен Ханой қалалық әкімшілігі бірлесе ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Фестивальда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері және танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов өзінің музыкалық туындысы – «Астана» симфониясын ұсынды. Гала-концерт Вьетнамның Ұлттық музыка академиясында өтті. Вьетнамдық қауым оны ерекше ынтамен және терең ризашылықпен қабылдады, сондай-ақ симфонияға халықаралық композиторлар ең жоғары бағаларын беріп, оң пікірлерін білдірді.

Халықаралық фестивальға Аустралия, Бельгия, Вьетнам, Германия, Дания, Жапония, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Лаос, Ресей және Швейцариядан 30-дан астам композитор  мен әртіс қатысты.

Фестиваль аясында композитор Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Қанат Тумыш Вьетнамның мәдениет, өнер және спорт министрінің орынбасары Хоанг Дао Кыонгпен, Вьетнам әдеби және өнер қоғамдары одағының төрағасы До Хонг Куанмен, Вьетнам өнер қауымдастығының президенті Лыонг Суан Доанмен және Вьетнам ұлттық музыка академиясының басшылығымен кездесті.

Фестиваль қатысушылары Фу То және Хоа Бинь провинцияларына барды. Бұл ірі өңіраралық іс-шара Вьетнам үшін кәсіби музыка саласындағы маңызды оқиғаға айналды.

Фестиваль Азия мен Еуропа арасындағы мәдени көпір қызметін атқарып, классикалық музыкадағы жаңа үрдістерге қызығушылық танытқан вьетнамдық және халықаралық аудиторияны біріктірді.

Фестивальда ұсынылған «Астана» симфониясы Вьетнамда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігінің 35 жылдығын және алдағы Тәуелсіздік күнін атап өту аясында маңызды іс-шара болды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.