Қазақстанның даму банкі IT және жоғары технологиялар саласын ел экономикасының жаңа драйвері ретінде қарастырып, стратегиялық жобаларды қаржыландыру бағытында жұмыс атқарады.
«Қазақстанның даму банкі» қандай технологиялық жобаларға қолдау көрсетеді?
Фото: istockphoto
107
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық жаңғыруды жеделдету, күшті IT-экожүйе қалыптастыру, түрлі салаға жаңа технологияларды енгізу – Қазақстанның жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін шешуші факторлар екенін атап өтті. Осы аталған міндеттерді орындау мақсатында «Қазақстанның даму банкі» АҚ технологиялық жобаларды қаржыландыру мен қолдау тетіктерін күшейту бағытында жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстанның даму банкінің IT және цифрлық жобаларды қолдаудағы рөлі

«Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарушы директоры Әсем Шәкенованың айтуынша, бүгінде ҚДБ дәстүрлі индустриямен қатар цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған жобаларды да қаржыландырумен айналысады. Банк жаңа технологияларды енгізу, салааралық тиімділікті арттыру және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететін бастамаларға басымдық беріп отыр.

«Қазақстанның даму банкі үшін ақпараттық және жоғары технологиялар секторы – елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз ете алатын стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Осы ретте Банк елдің цифрлық әлеуетін арттыруға және әртүрлі салалардың тиімділігін көтеруге бағытталған инвестициялық бастамаларды қолдауға ниетті», – деп атап өтті Әсем Шакенова.

Жобаларды қаржыландыру

Қазақстанның даму банкінде цифрлық жобаларды қаржыландырудың екі негізгі тетігі бар:

  • Классикалық қаржыландыру – жобаны жүзеге асыру үшін несие беру.
  • Облигациялық қаржыландыру – жобаның ерекшелігіне қарай ұзақ мерзімді ресурс тартуға мүмкіндік береді.

«Біздегі цифрлық жобаларды қолдаудың басты тетігі – қарыздық қаржыландыру аясында несие беру. Сондай-ақ жобаның ерекшелігіне қарай Банк ұзақ мерзімді қаражат тартуға мүмкіндік беретін облигациялық қаржыландыруды да қолданады. Бұл тәсіл жобаларды қолдауда икемділік беріп, қажетті инвестицияны тиімді тартуға жағдай жасайды», - деп түсіндірді Әсем Сүйіндікқызы.

IT жобаларды қаржыландырудың негізгі критерийлері

Қазақстанның даму банкі IT саласындағы инвестициялық жобаларды мынадай талаптар негізінде қаржыландырады: 

  • ең төменгі қарыз көлемі – 7 млрд теңге;
  • компанияның өз қаражаты есебінен қатысуы – жоба құнының кемінде 20%, ал жобалық қаржыландыруда 30%;
  • қарыз мерзімі – 5 жылдан 20 жылға дейін;
  • Банктің тәуекелдерін жабуға жеткілікті кепілдік қамтамасыз етілуі тиіс;
  • толық әрі жан-жақты дайындалған жобалық құжаттама;
  • жобаның табыстылығы мен өзін-өзі ақтауы;
  • ұсынған технологиялық шешімдердің негізділігі;
  • экологиялық нормалар мен Банктің ішкі талаптарының сақталуы.

Әсем Шәкенованың айтуынша, бұл талаптар жобаларды кәсіби тұрғыда жан-жақты бағалауға мүмкіндік беріп, қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Қазақстанның даму банкі стартаптарды қаржыландыра ма?

Қазақстанның даму банкі ҚР «Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы» заңнамасына және Банктің Меморандумына сәйкес ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады. Осы ережеге сәйкес, ҚДБ қызметі ұзақ мерзімді, капиталсыйымдылығы жоғары инвестициялық бастамаларды қолдауға бағытталған.

Жобаларды қарау рәсімі үш кезеңнен тұрады:

1-кезең – «Бизнес-ұсынысты» қабылдау және алдын ала қарау;

2-кезең – жобаның индикативті талдауы;

3-кезең – жобаның толық «Банк сараптамасы». 

Ал стартаптар мен бастапқы даму кезеңіндегі инновациялық немесе венчурлік жобалар Қазақстан даму банкінің құзыретіне кірмейді. Мұндай бастамалар «Бәйтерек» холдингіне қарасты QazTech Ventures, QazInnovations сияқты басқа да институттар арқылы қаржыландырылады. Аталған ұйымдар венчурлік қаржыландыру, акселерация және инновациялық қолдау құралдарын ұсынады.

Қазақстанның даму банкі IT және жоғары технологиялар саласын ел экономикасының жаңа драйвері ретінде қарастырып, стратегиялық жобаларды қаржыландыру бағытында жұмыс атқарады. Бұл өз кезегінде Президенттің күшті IT-экожүйе қалыптастыру және цифрлық жаңғыруды жеделдету туралы тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі саналады.