Олар технологияны зерттеп, қажетті жабдықтар мен реактивтерді сатып алып үлгергенімен, полиция қызметкерлері тарапынан дер кезінде ұсталды.
Ақмолада есірткі зертханасын ұйымдастырғандар сотталды
195
оқылды

Ақмола облысында синтетикалық есірткі дайындауға арналған жасырын зертхана ұйымдастырған екі ер адамға сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Олар технологияны зерттеп, қажетті жабдықтар мен реактивтерді сатып алып үлгергенімен, полиция қызметкерлері тарапынан дер кезінде ұсталды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық істің ұйымдастырушылары – екі ер адамға мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта үкім жарияланды.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың көктемінде Астана тұрғыны төрт бөшке прекурсор сатып алып, облыс аумағында психотроптық заттарды заңсыз өндіруді жоспарлаған. Кейін ол бұл іске танысын да тартқан.

"Өткен жылдың күзінде күдіктілер психотроптық заттарды синтездеу әдістерін белсенді зерттеп, технологиялық схемалар таңдаған. Қажетті жабдықты интернет-дүкендер мен маркетплейстер арқылы тапсырыс берген.  2025 жылғы ақпаннан мамырға дейін реактивтер, реакциялық ыдыстар, тоңазытқыш жабдық және өзге де құрал-жабдық сатып алып, мамыр айында өндірісті іске қосуды көздеген", – делінген хабарламада.

Бірнеше айға созылған тергеу барысында орын алған барлық мән-жай анықталып, қажетті дәлелдер жиналды.

Сот үкімі бойынша, күдіктілердің бірі 5 жыл 7 айға, екіншісі 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.