Шамшырақты шаһардың білім саласына департамент басшысы құтаймай-ақ қойды. Біреулер оны сан-саққа жүгіртті.
Білімге көше сыпырушысы да жарайды
399
оқылды

«Жаңадан салынып біткен келе­шектің мектептеріне директор тағайындау үшін 25 миллион теңге жинатады екен» десті бірі. Осы салаға жауапты қала әкімінің орынбасарының тәбеті жақсы дегенді көлденеңдетті тағы біреуі. Кім білсін, Астанадан аттай қалап алдырған білікті маман да үш айға зорға шыдады. Тағы бір басшы «көрмегенім енді осы қала болсын!» деп екі қолын төбесіне қойып безіп кетіпті. Сонда шамшырақты шаһардың білім саласына безгек тиген бе?

Қала әкімі бір күні орын­басарын өзіне шақырып алды. Әуелі «білім саласы неге былы­ғып жатыр?» деп бақырып алды. Ащы тілін орынбасарына баты­рып алды. 

– Тұрақтамайды, – деді орын­­басар.

Бұл әкімнің құлағына «мұға­лім­дер айлықтарын тұрақты ал­майды» деп естілді. 

– Ойбай-ау, қала бюджетінің 40 пайызы осы салаға кетеді. Олар қалайша айлық жалақы­ларын тұрақты алмайды? – деп бажырайды қала басшысы.

Сөзден жаңылысатын орын­басар ма, тоқтамады, білім де­пар­таментінің жүгі ауғалы басшы біткен қашып жатыр деп түсін­дірді. Оның сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін білім сала­сын­да ешқандай жетістік болмаған. Республика бойынша рейтинг кейін тартып жүр. Соларды тү­зей­ді ме деп алдырған басшылар мұндағы ахуалды көріп безіп кетеді екен.

Бірақ орынбасар жекеменшік мектептерге үш ай бойы қаражат аудартпағанын бүгіп қалды.

– Білім департаментіне енді кімді қоямыз? – деп сұрады әкім.

Орынбасар иығын қықаң еткізді.

– Осында тұрғын-үй-комму­налдық шарушылық бөлімі бас­шысының орынбасары, одан мәдениет басқармасы басшысы­ның орынбасары болған бір жігіт бар. Соны қолай көріп отырмын, – деді әкім.

«Басшыларым сөз айтса, бас изеймін шыбындап» деп тұрған орынбасар не десін? Бас шұлғы­ды. Келісті. Келіспей қайда барады? 

Орынбасардың аты Сырбай еді. Өзі мұғалім біткенмен қыр­бай еді. «Білім саласын жолға қоя­мын» деп тексермеген мекте­бі қалмаған. Бес-алты директор­ды қырына алған еді. Олар қа­шып құтылды. Тағы біреуімен соттасып жатқан көрінеді.

Сырбай сыр аңдады. Білімнің болашақ басшысы қитық руынан екен. «Е, сырың мәлім болды, ба­секе!» деп миығынан күлді. 

Көп ұзамай Қалдыбай Ырыс­бек­ов білім департаментінің басшысы болып тағайындалды.

– Қырық бес минут та сабақ беріп көрмеген ол білім саласын қалай басқарады? – деп мұғалім біткен шуылдасты.

Бірақ жарлы байғұстың сөзін кім тыңдаған? Бастықтың аты – бастық. Бүгінде білім саласының мамандары соның айдауымен жүр. «Тұр» десе тұрады, «жат» десе жатады. 

 – Е, қолынан келгендер қонышынан басады-дағы. Мә­дениет басқармасына жер мама­нын әкеліп қонжиытқан еді. Енді білімге мынаны әкелді. Бізге көше сыпырушыны әкел­мегені­не шүкіршілік айт, – деп бір мұ­ғалім жерге түкірді.

– Несі бар, қитық руынан болса, ол да өтіп кетеді, – деді тағы бір мұғалім.

Мұны естігендер не жыла­рын, не күлерін бідмей дал болды...

Таңжарық СЕЙІТЖАНОВ