Құдайға шүкір, бүгінде әкім­қараларға, басшыларға, халық қалаулыларына хабарласу, қабыл­дануында болу қолжетімді болып қалды.
Күте тұрыңыз...
446
оқылды

Бұған күмәніңіз бол­ма­сын. «Елде ашықтық, қол­жетімділік, демократия болсын» деген талапты барлығы да мұқият орындап жүр. Бұған дәлел – ғи­ма­ратқа кіреберістегі басшының, оның орынбасарларының функ­циялы атқарар қызметі мен теле­фон нөмірлері жазылып қойыл­ған тақта. Ашықтық, қол­­­жетім­­ділік деген, міне осын­дай-ақ болар!

Бірақ сіз оларды жұмыс уақытысында өліп кетсеңіз де таба алмайсыз. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, барлығы бірдей жиналыстарда отырған немесе суыт тапсырмалармен шалғайда іс-сапарларда жүрген болады. Мекемеге кіреберістегі күзетшілер ішке қарай шыбын ұшырмайды. Жебірейілдей жеті атаңнан бастап түгіңді қалдырмай тергеп, қансорпаңды шығарады. Басшының қабылдау бөлмесіне жетемін дегенше о дүниеге аттанып кете жаздайсыз.

Таяуда тығыз-таяу бір жұ­мы­сым шығып, аудандық әкімдікке бара қойдым. Әдеттегідей сансыз кедергілерге тап болдым. «Тер­геуші»-күзетші мені біраз сілкі­леп алған соң, сабасына түсті. Ашумен қан қысымым көтеріліп байқамаппын, әкімнің телефоны кіреберісте-ақ бадырайып жазылып тұр екен ғой. Мұндай мүмкіндік қайдан табылады? Айдан да таба алмайсыз. Ұрыста тұрыс бар ма, дереу әкімнің теле­фон нөмерін қойын дәптеріме жазып алдым. Былай шыға қоңыраулатайын келіп. Япырай, тым-тырыс. Қоңырау бармайды. Әрі қоңыраулаттым, бері қоңыраулаттым. Телефон жауап бермеген соң, әлгі әкімдікке иттей болып қайтып келдім. Жәй келгенім жоқ, реніш-өкпемді айтып келдім.

– Бізге не дейсіз? Бастық ор­нында жоқ. Жиналысқа кеткен. Телефонын алдыңыз. Хабар­ласып, шақырған кезіңде келіңіз, – деп ақыл айтты күзетші.

Құдай-ай! Күзетшінің ақы­лына зәру қылған заман-ай! Есем кеткендей әкімдікке қайта айналып келе бердім. Сол баяғы бір жартас. Айқайлайсың, жаң­ғырық шығады. Бірақ қаңғырып қаласың. Басшысы да, қосшысы да зым-зия жоқ. Тіптен, ізің таппайсың. Телефондары үнемі «зона аясынан тыс жерде» болады да тұрады.

«Осы бәледен құтылайық» деп өздерінше жедел жоспар ойластырды ма әлде тәртіптері солай ма, бір белсенді шығып, аты-жөнімді, тұрағымды, теле­фон нөмерімді журналға жазып алды. «Пәлен күні әкімнің қа­былдауы болады. Соған жазыл­дыңыз. Тырп етпей үйіңізде оты­рыңыз. Телефон шырылдаған күні пырылдаған күйі жетіп келіңіз», – деп кеңес айтты тіркеуші тырысқан күйі. Содан бері жарты жыл өтті, не өлі, не тірі екені белгісіз, әкімшілік жақтан тырс еткен хабар жоқ.

Таяуда танысымның көлігін біреулер алдап алып кетіп, қай­тармай қойыпты. Соның ша­руасы­мен қалалық ішкі істер департаментінің аудандық бөліміне екпініміз тау қопарардай болып ентігіп жеттік. Жеткеніміз бар болсын, басымыз тауға шағылып, кірер жерде кідіріп қалдық. Полиция қызметкерлері терезеден қаратпайды. Бірінші басшы әдеттегідей департаментке жаналқым жиналысқа кетіпті. Орынбасарлары орындарында жоқ. Барлығы да шұғыл шаруамен жүрген көрінеді. Енді қайттік? Сөйт­сек, мұнда да бөлім басты­ғы­ның, орынбасарларының теле­фондары тайға таңба басқандай жазулы тұр екен. Телефонымызға шырт еткізіп түсіріп алдық. Телефонын көтерсе, базынамыз­ды байыпты жеткізіп, қабыл­дауын сұранбақпыз. Қайдағы? Сол баяғы телефоны зонадан тыс жерде. Сонда бұлар шетел асып кеткен бе? Япырай, оқалының барлығы шетел асып кетсе, еліміздегі қоғамдық тәртіпті кім бақыламақ? 

Ойым онға, санам санға бөлі­ніп, мең-зең күйде келе жаттым. Не көрініпті сонша, телефонын көтеретін шығар? «Сіздің бай­ла­нысыңыз желіде. Күте тұрыңыз». Шешем ұл тапқандай қуандым. Демек, желі бос емес қой. Басай қалғанда міндетті түрде көтереді. Басшы деген халықпен сана­сатын, биік талғамды, өрелі аза­мат болады емес пе? Тағы да қоңыраулаттым. Сол баяғы бір жауап. «Сіздің байланысыңыз желіде. Күте тұрыңыз». «Күте тұ­рыңыз. Күте тұрыңыз, Күте тұ­рыңыз».

Күте тұрамыз. Өйткені қара­пайым халық күте тұруға әбден көндіккен...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ